Бейсенбі, 25 сәуiр, 13:34

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Қаржы пирамидасынан қалай сақтанады?

16.11.2021

1515 0

Біз білетін пирамидалар ежелгі сәулет өнерінің ғажап туындылары еді. Олардың алды 5000 жылдық тарихымен ерекше. Яғни ондаған ғасыр бойы талай ұрпақтың көзін тойдырған тамашалаған көрнекті ескерткіштер.

Ал қазіргі  екінің бірінің аузында жүрген «пирамида» ше?..

Нақтырақ айтқанда, жалт-жұлт еткен жарнамасы бірден баурап алатын, қарық қылам деп қалтаңдағы барыңды салғызатын, көз алдыңда жылдам өсе бастайтын «қаржы пирамидасы».

Осындай «пирамидаға» елік­тейтін, қалтасындағы ақшасын көбейтем деген арманмен өз қаражатын салғанымен қоймай, өзге туыстары мен таныстарын ақша салуға үгіттейтін адамдар көбейді. Тиісінше алданғандар қатары қалыңдап, топ-тобымен шағымдана бастады.

Азаматтардан түскен арыз­дардың негізінде ұзақ зерттеу шараларынан соң еліміздің бір­неше өңірінде осындай күмәнді фирмалар мен компанияларға қатысты экономикалық тергеу органдарымен 30 қылмыстық іс ашылып, тергеу басталған.

Жақында Алматы қаласында құрылып, жұмыс істеген «В2В» компаниясына қатысты сот ісі аяқ­талды. Қаржылық мониторинг агенттігі Алматы қаласы бойын­ша экономикалық тергеу департа­менті жүргізген жедел-іздестіру шара­лары нәтижесінде аталған ком­панияның әрекеті өткен жылы әшкереленген еді. Биылғы жылдың маусымында тергеу  аяқ­талып, іс айыптау актісімен сотқа жол­дан­ды. Анықталған залал көле­міне орай, 6 млрд теңгенің үстінде мүлікке бұғат қойылды. Жәбірленушілер тізімі   10 мыңнан асады. Шағымданған азаматтар 2000 шамасында.

Біздің өңірде де аталған ком­панияға қаражатын салып қай­тара алмағандар аз емес екен. Қызылордалық 100-ден астам азаматтың арызы Алматы қала­сындағы әріптестер жүргізген іске біріктірілген. Олардың бірқатары онлайн тәртіпте өткен сот ісіне де қатысты. Сот үкімі күшіне енсе, салымдарын қайтарып алуға үміт бар.

Жалпы адамдар неге алданады?

Осы бір ғана іс бойынша арызданып, өз оқиғаларын түсіндірген жандар бойынша жеке талдау жасадым. Оңай олжаға кенелуді ойлайтын адамдардың жасы да, кәсібі мен қызметі де сан алуан. 20 жастағы жігіт те, 64 жастағы қария да тізімде бар. Көлемді қаражатын салғандар қатарында мұғалім де, дәрігер де, кәсіпкер де, зейнеткер де жүр. Тіпті лауазымды тұлғалар да бар. Өкініштісі, көбісі «жақындарым білмей-ақ қойсын», «құрысыншы, әуре болып жүрер уақытым жоқ» деген желеумен жарты жолдан жауабынан тайқып кетеді.

Қаржы алаяқтығына қатысты істің анық­талуы қиын, тергеу ісі ұзақ мерзімді талап етеді. Оған тез арада ізін жасырып үлгеретін «жалған фирмаларды» табудың күрделілігін қосыңыз. Сондықтан қаржы пирамидасының мынадай негізгі белгілеріне назар аударған жөн.

Қаражаттың елеулі сомасын салуды қажет етеді;

♦ Салған ақшаны тез әрі ірі процентпен қайтаруды уәде етеді;

♦ Төлемді алу үшін өз қаражатын салуға таныстарыңызды тартуды талап етеді;

♦ Компания қаражат жинау қарсаңында ғана тіркелген болуы, оның жарғылық капиталы өте төмен және жалғыз құрылтайшысы болуы мүмкін;

♦ Әлеуметтік желілерде белсенді және керемет жарнамасы болады. Түрлі презен­тациялар, сыйлықтар,  жолдамалар ұсынады;

♦ Шартты мұқият зерделегенде егер бір нәрсе дұрыс болмай қалса, ешкімге жауапкершілік жүктелмейтінін байқайсыз;

♦ «Сіз банктен бас тарттыңыз ба? Біз көмектесеміз!», «Берешектен құтылуға кө­мектесеміз!», «Ақшаңызды көбейтіңіз» және тағы басқада «көзге ұрып тұрған» ұрандармен қызықтырады;

♦ Қолма-қол ақша қабылдайды немесе компанияның банктердегі арнайы есеп айырысу шоттарын қолданбай, интернет-төлемдер мен аударымдардың әртүрлі жүйелерін пайда­ланады;

Кез келген жаңа жобаның түбірін тексеруге болады. Алдымен Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің сайтында «Салық төлеушілер Реестрінде» тіркелгенін білуге болады. Соны­мен қатар қаржыға қатысты қызмет субъектілерінде Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агент­тігінің лицензиясы болуы керек.

Бүгінгінің «пирамидасының» ерекшелігі сол – өмірі қысқа. Тез арада қирап, іргесі сөгіліп қалады. Себебі оның қабырғасы алаяқтықтан қаланған.

Пирамиданы құрушылар қаражатын салу­шылар есебінен табысқа кенеледі. Ұзамай ізін суытады. Ал қаражатын салған қарапайым азаматтар қарызымен, несиесімен, отбасы мен жақындарының наразылығымен бетпе-бет қа­лады. Осыдан сақтануға шақырамыз!

Бақыт Орданова,

Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру

департаментінің бас маманы

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: