Жексенбі, 08 желтоқсан, 10:31

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№97-2107
07.12.2024
PDF мұрағаты

Қасым-Жомарт Тоқаев жедел штабтың отырысын өткізді

12.01.2022

793 0

Мемлекет басшысының төрағалығымен жедел штаб отырысы өтті. Онда Үкіметтік комиссияның төрағасы, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаев және Ішкі істер, Қорғаныс, Төтенше жағдайлар министрлері баяндама жасады.

Президентке Алматы қаласына қосымша күштер, соның ішінде ҰҚШҰ бітімгерлік контингентінің күштерін жұмылдыруға қатысты берген тапсырмасының нәтижесінде қала лаңкестерден толық тазартылғаны туралы баяндалды.

Қазіргі уақытта қала тіршілігін қамтамасыз ететін барлық саланың жұмысын қалпына келтіру белсенді жүріп жатыр.

Қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың хабарлауынша, қаланы жылу, электр қуаты, су және газбен қамтамасыз ететін барлық нысан қалыпты жұмыс істеп жатыр. Сауда орталықтары, қоғамдық тамақтану орындары, базарлар, жанармай бекеттері және өнеркәсіп орындары жұмыстарын жандандыруда, қоғамдық көлік іске қосылған.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа зардап шеккен әкімшілік ғимаратында 14 қалалық басқарма болғаны, қазіргі уақытта олардың резервтік ғимараттарға, сондай-ақ әкімшілікке қарасты ұйымдарға орналастырылғаны жөнінде ақпарат берілді.

Бұдан бөлек тәртіпсіздік кезінде келтірілген шығын көлемін анықтау жұмыстары жүргізілуде.

Мемлекет басшысы еліміздің ірі қаласына жасалған террористік шабуыл салдарын өз көзімен көру үшін Алматыға арнайы келгенін айтты.

Президент Үкіметтік комиссияға Алматы қаласының әкімдігімен бірлесе отырып, инфрақұрылым нысандарын, оның ішінде мемлекеттік, құқық қорғау және арнаулы құрылымдардың ғимараттарын, бейнебақылау жүйесін қысқа мерзім ішінде қалпына келтіруді тапсырды.

Сонымен қатар зардап шеккен кәсіпкерлерге қолдау көрсетіледі.

– Өздеріңізге мәлім, Алматы – менің туған қалам. Осында дүниеге келдім, оқыдым. Алдымызда қысқа мерзім ішінде қаланы қалпына келтіру міндеті тұр. Бұл – менің Президент ретінде және еліміздің азаматы ретінде парызым. Қаланың қалпына келетініне еш күмән жоқ. Үкіметтің алдында қаланың келбетін бұрынғыдан да жақсарту міндеті тұр. Бұл өте үлкен жұмыс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы алда ҰҚШҰ бірлескен бітімгерлік контингентінің бөлімшелерін қайтару жұмыстары жүргізілетінін айтты.

– Ертең ҰҚШҰ бірлескен бітімгерлік контингентін елден шығару жұмыстары басталады. Мен тиісті мемлекеттердің басшыларымен сөйлестім. Осы сәтті пайдаланып, осы бірнеше күнде жүргізген ауқымды жұмыстары үшін   контингенттің басшылығына алғыс айтамын. ҰҚШҰ бітімгерлік контингентінің Қазақстанға, соның ішінде Алматыға келгені жалпы еліміздегі жағдайды тұрақтандыруда үлкен рөл атқарды.  Бұл әрекеттердің лаңкестер мен содырлардың агрессиясын қайтаруда үлкен психологиялық маңызы болғаны сөзсіз. Миссия өте сәтті өтті. Менің әріптестеріме Ұйымға мүше елдердің басшыларына үлкен алғыс білдіремін, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев жедел штабтың отырысын өткізді

Жедел штаб отырысының қорытындысы бойынша Үкіметтік комиссия мен жергілікті әкімдіктер бірлесіп қысқа мерзім ішінде барлық аймақтағы нысандарды қалпына келтіруге, көліктердің үздіксіз жұмысын реттеуге, азық-түлікпен қамтамасыз етуге, сондай-ақ шағын және орта бизнес нысандарының жұмысын жандандыруға күш салу тапсырылды.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: