Дүйсенбі, 15 шiлде, 19:25

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№55-2065
13.07.2024
PDF мұрағаты

Жамбылдағы жағдай

28.08.2021

785 0

Бейсенбінің бейбіт тыныштығын Тараздағы төтенше жағдай бұзды. Ала кеуімде адамзаттың үрейін ұшырған алапат жарылыс Жамбыл облысының Байзақ ауданында болған. Ресми мәліметтерге сүйнесек, кешкі уақытта Байзақ ауданындағы өрт сөндіру бөліміне ҚР Қорғаныс министрлігі 28349 әскери бөлімінің қоймасында (Жамбыл облысы, Королевка кенті, Тараз қаласынан 30 шақырым) түтін шыққаны туралы хабарлама түскен.

Оқиға орнына Жамбыл облысы ТЖД Өрт сөндіру бөлімшелерінің күштері мен құралдары, 34 автотехника мен 114 адам жіберілген. Сондай-ақ 15 жедел жәрдем бригадасы жұмылдырылған. Гарнизон жоғарғы шақыру рангы бойынша шықты. Өрт қойма ғимаратын толық шарпыған. Фрагменттердің ұшу радиусы 2 шақырымға дейін жетіп жатқаны хабарланған. Алдын ала мәліметтер бойынша қоймада 500 тоннадан астам тротил сақталған. Өрт нысанына жақын Жібек жолы кенті, Үшбұлақ станциясы және Ботамойнақ сынды 3 елді мекен бар. Жергілікті тұрғындар арнайы орындарға көшірілуде.

Оқиға орнында ТЖМ жедел тобы үздіксіз жұмыс істеуде. Жамбыл жеріндегі жарылысқа Алматы қаласынан құрамында 6 техника мен жеке құрамның 22 адамы, Түркістан қаласынан АМО 1 техникасы, Шымкент қаласы ТЖД арнайы жасағының 8 техникасы мен жеке құрамның 33 адамы және ҚР ТЖМ апаттар медицинасы орталығының қызметкерлері келіп көмек көрсетуде.

Республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің хабарлауынша, әскери қоймадағы жарылысты жоюға өрт сөндіру бөлімінің арнайы жасақ мүшелері мен шынжыр табанды өрт сөндіру машиналары жұмылдырылған.

Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевтың айтуынша, жарылыс салдарын жою кезінде қаза тапқандар бар.

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев ОКҚ брифингі барысында, Байзақ ауданында әскери бөлімде өрт және жарылыс болған жерде жедел штаб құрылғанын айтты.

– Штаб тәулік бойы жұмыс істейді. Оқиғадан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін жедел желі ашылды. Зардап шеккендер мен жарақат алғандар жақын маңдағы ауруханаларға жеткізіліп, дәрігерлер бақылауында болады. Бірде-бір зардап шегуші көмексіз және қолдаусыз қалмайды. Темір жол саласына байланысты нақты шаралар қабылдадық, қосымша 20 автобус бөлдік. Өйткені екі жақтағы, Алматы мен Шымкентте станциялар бар, пойыздар жүреді. Біз бұл автобустармен Шымкент, Қызылорда, Ақтөбе бағытына баратын жолаушыларды жібереміз. Қазір тұрақта тұрған жолаушылар пойыздары жоқ. Жүк пойыздары ғана уақытша аялдап тұр. Қазір Қорғаныс министрлігінің қызметкерлері теміржол рельстеріне зерттеу жүргізуде, содан кейін теміржолшылар сол жерге барады. Зерттеу нәтижесінде жүк пойыздарының қозғалысын қалпына келтіру туралы шешім қабылдаймыз. Барлығы уақыт өте келе толыққанды реттеледі, – деді Бердібек Сапарбаев.

ҚР БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитетіне келіп түскен ақпаратқа сәйкес, Жамбыл облысы, Байзақ ауданында зардап шеккендер арасында балалар жоқ. Жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері жақын маңдағы елді мекендерден Тараз қаласына, сондай-ақ Байзақ ауданының Сарыкемер және Кеңес ауылдарына 83 баланы эвакуациялады.

ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, эвакуацияланған балаларға қажетті жағдайлар жасалып, ыстық тамақпен және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілді. Эвакуацияланған балаларға қолдау көрсету үшін ҚР БҒМ ата-аналарға балаларын «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығына жіберу ұсынылды.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: