Сейсенбі, 07 мамыр, 03:30

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№35 — 2045
04.05.2024
PDF мұрағаты

Жауынгерлер ерлігі – ел есінде!

19.02.2022

987 0

Отқа оранған ауыр жылдар. Батырлық сыналған қиын кезең. Биыл Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына тура 33 жыл толды. Қанды шайқаста қаза тапқан жауынгерлер ерлігі ұмытылмақ емес. Осынау айтулы күнде облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Ауған жерінде мерт болған жауынгерлерді еске алу митингісіне қатысты.

Шараға ардагерлер, зиялы қауым, үкіметтік емес ұйым өкілдері мен жастар ұйымының белсенділері келді. Еске алу жиыны бір минуттық үнсіздікпен басталды.

Аймақ басшысы тарихтағы аса қасіретті кезеңнің бірі, жастық шағын туған жерден тыс жерде майдан даласында өткізген азаматтардың ерлігін дәріптеу бүгінгі ұрпақтың парызы екенін еске салды.

– Кеңестік кезеңде интернационалдық борышын өтеу мақсатында қаншама жүздеген жалынды жас Ауған жерінде әскерде болды. Еліміз бейбіт күнде тыныстап жатқанда, бозбала жастарымыз сырт жерде от пен оқтың ортасында жүрді, кейбірі елге оралмады. Ауған соғысы ардагерлері, шейіт болған сарбаздарымыз азаматтық пен батырлықтың биік үлгісін көрсетті. Отан алдындағы парызын адал ақтады. Ерлік ешқашан ұмытылмайды. Сіздердің ерліктеріңіз ел есінде мәңгі сақталады, – деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Шарада «Ауғанстан соғысының ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қайраддин Баймаханов сөз алып, естеліктерімен бөлісті. Шара тағзым алаңындағы ескерткішке гүл шоқтарын қойып, майданда опат болған сарбаздардың рухына құран бағыштаумен қорытындыланды.

Айта кетейік, әскери қақтығыстарға Сыр өңірінен 857 адам қатысып, 18 адам қаза тапты. Облыс көлемінде 667 ауған соғысының ардагері бар. Оның ішінде 52-сі мүгедек. Сонымен қатар Ауған соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне 2012 жылдан бастап аудандық, қалалық мәслихаттардың шешімімен жылына бір рет 30 АЕК мөлшерінде біржолғы әлеуметтік көмек көрсету қарастырылған. Биыл мамыр айында 568 адамға 52,2 млн теңге төленетін болады.

А.БАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: