Жексенбі, 06 қазан, 03:52

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№79-2089
05.10.2024
PDF мұрағаты

БАЛДАЙ ТӘТТІ «BALQAIMAQ»

24.11.2020

2645 0

Aqmeshit-aptalygy.kz. Сіз балқаймақ жеп көрдіңіз бе? Бұл өнімді көз алдыңызға қалай елестеттіңіз? Өзім бала күннен әжемнің ірімшік, құртын жеп өскен соң балқаймақтың дәмі де, түрі де қызық көрінді. Көптің қызығушылығын тудырған өнімді қаламыздағы Астана көшесінің бойында орналасқан екі қабатты «Balqaimaq» дәстүрлі дүкенінен таптық.

Жалпы Сыр елінде кәсіпкерлік саласы кеңінен дамып келеді. Аймақта 2018-2020 жылдар өңірде жаппай кәсіпкерлікті дамытудың үш жылдығы ретінде жарияланғаны белгілі. Аталған бағытта биыл кәсіпкерлерге 487 бизнес жоспар әзірленді. Соның ішінде құны 2,5 млрд теңгені құрайтын 188 жоба қаржыландырылып, 56-ы мақұлданды. Айталық, «Бастау» жобасын оқыған азаматтардың 914 жобасына қаражат бөлінсе, басым бөлігі «Еңбек» бағдарламасы аясында қайтарымсыз қаржы болды. Ал «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша облыстың жобалық кеңсесінде 160 жоба бар. Бүгінде 9 млрд теңгені құрайтын 110 жоба мақұлданған.

Соның бірі – облыс орталығында ашылған «BALQAIMAQ» кешені. Жеке кәсіпкер Жібек Мұхимова отбасылық кәсіпті өзгелер секілді үй жағдайында бастаған. Кейін үйдегі кәсіпті заман талабына сай етуді мақсат еткен кәсіпкер ең әуелі ыңғайлы ғимарат құрылысын бастауды ойлап, тәуекелге бел буады.

balqaimaq

– Бір істі қолға алып, бастап кету оңай емес. Алдыңа мақсат қойып, қаражат көзін тауып, ерінбей білек сыбана кірісуді талап ететін нәсіп. Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017- 2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы бойынша 2018 жылы 10 миллион көлемінде несие алған болатынмын. Солай кәсіпті бастап кеттік. Биыл «Balqaimaq» дүкенінің жұмыс істеп, халыққа өз қызметін көрсетіп келе жатқанына екі жылға таяп қалды. Бүгінде 5 адам жұмыспен қамтылған, – деді дүкен директоры.

Аталған дүкенге біз де бардық. «Balqaimaq»-тың балдай тәтті әрі табиғи өнімдері сөрелерде толып тұр. Керек десеңіз, қайсысын аларыңызды білмей қаласыз. Қолдың сары майы, сүт, қатық, ірімшік, құрт, жент, қаймақ, саумал, шұбат, қымыз, тіпті балқаймаққа дейін бар. Әрине, балқаймақ дегенде елең ете қалатындар көп-ақ. Себебі бұл тағам түрі ұмытылып бара жатыр.

– Біздегі мақсат – сүт өнімдерін қайта өңдеп сату ғана емес, қазақтың ұлттық тағамдарын қайта жаңғырту. Өзіміз де көп іздендік. Ел ішінен балқаймақты дәмді етіп жасай алатын әжелерді іздеп тауып, қалай әзірлейтінін үйрендік. Табиғи болған соң біздің өнім тұрғындар арасында сұранысқа ие. Сонымен қатар әр қазақтың дастарқанынан өз өнімімізді көргіміз келеді, – деді кәсіпкер Жібек Мұхимова.

Балқаймақтағы бір сыр… Бүгінде әрбір адам құрт, ірімшік, жентті көп жейді. Ал балқаймақтың дәмін татқандар аз. Өйткені, бұл тағам ұмытылып барады. Кейбірі балқаймақ десе, қаймаққа бал қосылған ас деп ойлайтыны да жасырын емес. Бірақ олай емес. Кезінде оны әжелеріміз түйенің сүтіне бал, қант, ұнды қосып, баппен асықпай қайнататын болған. Содан соң дайын өнімді кептіріп, сүт қосылған қою шәймен бірге қонаққа тарту еткен. Қазақ салтында балқаймақпен шәй ішкен мейман «Ет аспадың» деп үй иесіне өкпелемейді, қайта ризашылық білдіреді екен. Міне, балдай тәтті балқаймақтағы бір сыр…

Расында да, дүкенде өнім түрі мол, таңдау бар. Сондай-ақ арнайы қонаққа, той-томалаққа ұлттық тағам түрлерін біріктіріп салған себетті де сатып алуға болады. Оған әркім өз талғамына қарай тапсырыс беріп, жасатуға мүмкіндік бар. Тіпті өз тұтынушылары да қалыптасқан. Саудасы қызған дүкеннің қызмет көрсету сапасы да жоғары екенін байқадық. Сырттан келген әр адамға дүкен сатушысы жылы сәлемдесіп, сұраған өнімдерін жан-жақты түсіндіріп, жақсы қабылдап тұр. Кез келген қазақтың сүйіп жейтін ұлттық тағамдары бар кешен ішінде жылылық ерекше сезілді.

Айта кетейік, әлемді дүрліктірген індет кезінде де дүкен жұмысы тоқтамады. Қайта қыза түсті. Дәл сол тұста саумалдың саудасы жоғары болды.

– Иә, қиын кезеңде көп адам саумал ішуді әдетке айналдырды. Ал оның денсаулыққа қаншалықты пайдалы екені белгілі. Соған орай тұтынушылардың бәріне бірдей жеткілікті болуды мақсат еттік. Қазірдің өзінде ағарған жақсы өтіп тұр, – деді дүкеннің бас менеджері Индира Сәдуақасова.

Расында да, дүкен өнімін сатып алушылар дән риза. «Осы дүкен ашылғаннан бері сауда жасап келемін. Өнім сапасы да, сатушылардың қызмет көрсетуі де жақсы. Бағалары да тиімді. Әр тағамы дастарқанымыздан табылады», – деді қала тұрғыны Руслан Исабеков.

ТІЛШІ ТҮЙІНІ: Осы күні дүкен тек ұлттық өнімдерді сатумен ғана емес, саумал кәсібін дамытуды бастап кетті. Алдағы уақытта кешеннің екінші қабатын меймандар үшін қымыз, шұбат ішіп, демалып отыратын мекенге айналдыру жоспарда бар. Қорыта айтқанда, газды сусыннан гөрі адам азғасына пайдалы ағарғанды алғыңыз келсе, өзіміздің «Balqaimaq»-қа барыңыз. Ұлттық тағаммен дос болыңыз.

Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ

Суретті түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: