Сенбі, 07 желтоқсан, 22:05

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№97-2107
07.12.2024
PDF мұрағаты

Гүлшара Әбдіқалықова, облыс әкімі: «Тұрғындар ұсынысы назардан тыс қалмайды

10.03.2022

1209 0

Өткен аптада облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова қалаға іргелес жатқан ауылдарды аралап, тұрғындардың өтініш тілектерін тыңдады. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымы жүзеге асып жатқанына бірден-бір дәлел – «Сіздер айтқан әрбір ұсыныстарды зерделеп, жан-жақты саралап, кезең-кезеңімен шешеміз», – деген сөз. Ең алдымен Тасбөгет пен Белкөл кентіне барған аймақ басшысы ауыл тұрғындарының ұсынысына осылай жауап берді.

30 мыңнан аса тұрғыны бар Тасбөгет кентінде биылдан бастап спорттық сауықтыру кешенін салу жоспарда бар. 150 орынға арналған кешен құрылысына қажетті жұмыстарды саралап өткен облыс әкімі халықтың талап-тілегін тыңдап, жас спортшылармен де кездесті. Тұрғындар демографиялық өсімге байланысты қазіргі емханадағы орын тапшылығы, спорттық нысан қажеттігі, жастарды жұмысқа тарту мәселесін айтты.

«Жастардың бос уақытын тиімді өткізу әрі спортпен айналысуға жағдай жасау үшін кентте спорттық сауық-тыру кешенін саламыз. Ол үшін қажетті қаражат қарастырылады. Мұнан бөлек, емханадағы орын тапшылығы мәселесін шешу үшін фтизиопульмонология орталығын Талсуаттағы орталыққа көшіріп, бұл нысанды емханаға бейімдеп, жөндеу жүргізіледі. Сіздердің әрбір ұсыныстарыңызды зерделеп, жан-жақты саралап, кезең-кезеңімен шешеміз», – деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Аймақ басшысы кент әкіміне жастарды жұмыспен қамту ісінде нақты алгоритм әзірлеуді және жұмыссыз жүрген жастарды санатына қарай бөліп, оларды сұранысқа ие салаларға бейімдеу қажеттігін ескертті.

Мұнан соң облыс әкімі Белкөл кентіне барып, тұрғындармен бірге ортақ мәселелерді талқылады. Мұнда бірнеше жылдан бері темір жол үстінен өтетін жаяу жүргіншілер көпірін салу мәселесі айтылып келеді. Ұзындығы 110 метр, биіктігі 8 метрді құрайтын көпір құрылысы жыл соңына дейін пайдалануға берілмек. Облыс әкімі көпір салу тұрғындардың қауіпсіздігі үшін өзекті екенін алға тартып, мердігер компания басшысына тиісті тапсырма жүктеді.

Ал Ақжарма ауылдық округіне қарасты Талдыарал ауылының тұрғындары ескі жатақхананы ел игілігіне пай-далану және мектеп жанынан шағын балабақша ашу мәселесін көтерді. 1965 жылы салынған 2 жатақхананың біреуінің тозығы жеткен. Оның орнына жеке кәсіпкер ғимаратты спорттық нысанға қайта бағыттауға ұсыныс білдіруде. Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова балалардың бұқаралық спортпен айналысуына жағдай жасау үшін бос тұрған ғимаратты тиімді пайдалану қажеттігін айтып, ауыл әкіміне тиісті жұмыстар жүргізуді тапсырды. Ал мектеп жанынан балабақша ашу ұсынысы ескерілетінін жеткізді.

Аймақ басшысы Баймұрат батыр ауылының тұрғындарымен кездесіп, мәселелерін тыңдады. Ауыл ақсақалдары дәрігерлік амбулатория салу мәселесін көтеріп, көшені жарықтандыру керек екенін алға тартты. Бұл мәселеге орай аумағы 3000 шаршы метрді құрайтын амбулаторияны салу үшін өткен жылы 3,4 млн теңгеге жоба-сметалық құжаттары дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өткізген. Қазіргі таңда құрылысты бастауға дайындық жұмыстары жүргізілуде. Ал электр желісін тарту үшін тиісті құжаттар әзірленген.

Әрі қарай облыс әкімі Ақсуат ауылдық округіндегі Ж.Махамбетов ауылына аялдады. Он мыңға жуық тұрғыны бар ауылда газ желісін жүргізу өзекті мәселе болғалы қашан. Тұрғындар бірнеше жылдан бері «көгілдір отынға» қосу мәселесін көтеріп жүр. Ауыл ақсақалдарымен тілдескен өңір басшысы тұрғындардың талап-тілегіне орай ауылды «көгілдір отынға» қосу жұмыстары екі жылда аяқталып, биыл ұзындығы 9 шақырымды құрайтын 5 көшеге газ құбыры орнатылатынын айтты. Бұл ретте мердігер компания басшысына жұмысты сапалы әрі уақы-тында орындауды тапсырды.

Қосшыңырау ауылдық округіне Абай ауылына барған аймақ басшысы ардагерлермен кездесіп, мәселелеріне құлақ түрді. Ақсақалдар ауылға газ кіргізу, жастарға жұмыс көзін табу, жер үлесі секілді мәселелерді көтерді.

Облыс әкімі өңірді газбен қамтамасыз ету 67 процентке жеткенін, бір жылда бірнеше ауылға газ тарту жұмысы қарқын алғанын айтып, бұл ауылда да «көгілдір отын» қосу қолға алынатынын жеткізді. Сондай-ақ азық-түлік қорын көбейту үшін ауыл жастарын бақша дақылдарын егу ісіне белсенді түрде тарту қажеттігін айтты.

«Жасыратыны жоқ, біршама бақша өнімдерін сырттан алуға мәжбүрміз. Егер де басты қажеттіліктерімізді яғни картоп, сәбіз, жуаны шағын көлемде болсын, өз ауылымызда ексек, сыртқы нарыққа тәуелділігіміз азаяр еді. Азық-түлік қорын әр ауыл өздігінен қалыптастыруға үлес қосса, тапшылықты жоямыз. Жастардың да еңбекпен қамтылуына жол ашар едік. Сондықтан іс бастаймын деген азаматтарды қолдаймыз», – деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Мұнан соң облыс әкімі Қарауылтөбе мен Қызылжарма елді мекендерінде тұратын ауыл азаматтарымен кездесті. 2500-ге жуық тұрғыны бар Қарауылтөбе ауылына мәдениет үйі қажет. Ауыл тұрғындарының талап-тілектері ескеріліп, биыл 150 орындық клуб жыл аяғына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарланған.

Аяқ су тарту үшін қажетті ұңғыма қазу мәселесі де өзекті. Қазіргі кезде Қызылжарма мен Талсуат ауылдық округінде аяқ су үшін ұңғыма қазу ісі басталды. Тұрғындармен тілдескен аймақ басшысы аяқ су, газ тарту, жолдың сапасын жақсарту сынды мәселелер кезең-кезеңімен шешілетінін жеткізді.

Биыл егіс егу науқаны су тапшылығы жағдайында өтетіндіктен су арнасын тазарту жұмыстарын іске асыру маңызды. Қызылорда қаласының іргесіндегі елді мекендерді аралау барысында облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова вегетация кезеңіндегі атқарылар жұмыстарды жеткізді. Сондай-ақ ауыл тұрғындарынан су лимитінің шектеулі болуына байланысты тиімді әдіс-тәсілдерді қолдануға шақырды.

Аймақ басшысымен пікірлескен Қызылөзек ауылының тұрғындары аяқ су мәселесіне алаңдаулы екенін жеткізді. Себебі бірнеше жылдан бері канал тазаланбағандықтан 4 ауылдық округтегі шабындық, жайылымға, көлдер жүйесіне су берілмей келген.

Мәселені саралаған облыс әкімі тиісті каналдарда тазалау жұмыстары жүргізіліп, насос қондырғыларын орнату арқылы мәселені оңтайлы шешуге ықпал ететінін атап өтті. 4 елді мекенді жалғайтын каналдың бойын-дағы яғни Қарауылтөбе, Қызылжарма, Талсуат, Қызылөзек ауылдық округтеріндегі шабындық, жайылымдық және көлдер жүйесіне су жеткізіледі. Бұл үшін облыстық бюджеттен тиісті қаражат бөлінді. Мұнан бөлек көлдер жүйесіне де су берілуде. Нәтижесінде Қызылөзекке қарасты Қараөзек елді мекеніндегі Жаманкөл, Талдыкөл, Лепірім көлдеріне су құйылуда.

Жалпы, биыл өңірде 137 дана насос алуға ұсыныс беріліп, 22 ұңғыма тазаланбақ. Оның ішінде 67 дана насос қондырғысы «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалы арқылы іске қосылады. Сондай-ақ Үкіметті резерві есебінен 17 каналға механикалық тазарту жүргізіледі.

Аймақ басшысы шаһарға қарасты ауылдарды аралаумен қатар қала тіршілігінде аса өзекті мәселелерді де назардан тыс қалдырмады. Қала аумағын тазалау және тұрғын үйлерді ауыз сумен қамтуда коммуналдық қызметтердің бір арнадан басқарылып, қызмет ету аясын оңтайландыру маңызды. Осы себепті де өткен жылдың соңында «Қызылорда тазалығы» ЖШС мен «Қызылорда су жүйесі» кәсіпорны қызметі біріктіріліп, қайта жұмысын бастады. Дегенмен екі кәсіпорынның жұмысын жолға қоюда бірқатар мәселелер бар. Осы себепті облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова «Қызылорда тазалығы» ЖШС-не барып, мамандармен пікірлесіп, ортақ мәселелерді ашық талқылады. Талқылау жиынына облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов, қала әкімі Ғанибек Қазантаев, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ерлан Жаңабаев және кәсіпорын басшылығы қатысты.

Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Ғабит Жаңабаев кәсіпорын жұмысын ілгерілету үшін жоспар жасалғанын жеткізді. Мәселен, өткен жылы екі кәсіпорын атқаратын қызметтер бірігіп, 1590 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Дегенмен коммуналдық қызметтерді атқаратын техникалардың 77 проценті тозғандықтан, жаңа көлікті алудың қажеттілігі туындаған. Ал қала ішіндегі көше тазалау жұмыстарының ауқымы кеңеюіне байланысты арнайы техникаларды дайындау аса маңызды.

Кәсіпорын жұмысын зерделеген облыс әкімі бюджет мүмкіндігіне қарай мәселені жан-жақты сараптап, техникаға қажетті қаржыны табу ісі қаралатынын жеткізді.

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова қаладағы ерекше жандардың орталықтарына барып, қайсар азаматтардың мәселесіне құлақ түріп, пікірлесті.

Алдымен аймақ басшысы А.Иманов көшесінде орналасқан «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігіне барды. Орталық 2014 жылы грант ұтып алып, арнайы құрал-жабдықтар сатып алған. Өз бастамаларымен алып, 16 адамды қосымша жұмысқа тартып, 30-ға тарта азаматқа қайта даярлау тігін курсын оқытып, сертификат берген.

Қазіргі таңда орталықтың жанында ашылған оқу-өндірістік кәсіпорнында тігін цехы мен картон өңдеу цехы жұмыс істеп тұр.

Мекеме төрағасының міндетін атқарушы Данияр Нұрымбетов облыс әкіміне кәсіпорындағы өндірістерді таныстырып, ғимаратты абаттандыру және қосымша құрылыс салу жұмыстарына қолдау көрсетуді сұрады.

Өз кезегінде Гүлшара Әбдіқалықова қаладағы бірқатар кәсіпкерлерге орталықты жөндеу жұмыстарына көмек көрсетуге ықпал жасау қажет екенін қаперге салды.

Әрі қарай аймақ басшысы «Қызылорда облыстық мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігі құрған орталыққа келді. Арнайы орталық мүгедектігі бар азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсетіп, психологиялық тренингтер өткізіп, құқықтық кеңес береді. Мұнан бөлек инва-СТО, арба жөндеуді үйрету және өзге де қызметтер бар.

Бірлестік төрағасы, белсенді жас Сағатбек Сиюов орталықта жұмыс істейтін ерекше жандардың жұмысын таныстырды.

Облыс әкімі талпынысы ерек жандардың жұмысын көріп, олардың табанды ісі мен кәсіп жасауға деген ұмтылысы көптеген азаматқа үлгі-өнеге екенін жеткізді. Сондай-ақ олардың ұсынысын ескеріп, әрбір бастамаларын қолдайтынын айтты.

Аслан НҰРАЗҒАЛИ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: