Бейсенбі, 02 мамыр, 11:39

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№34 — 2044
30.04.2024
PDF мұрағаты

Коммуналдық сала қызметі сапалы болуы керек

10.01.2023

750 0

Коммуналдық қызметінің қашанда сапалы болуы маңызды. Себебі халықтың күнделікті тұрмыс тіршілігі осы саламен тығыз байланысты. Дегенмен жауапты саланың сын сәттерде сыр беруі ел тұрғындарына қолайсыздық танытуда. Өңірімізде ауа райының қолайсыздығынан электр ақаулары орын алып, қаланың кейбір аумағы мен бірқатар ауылдық елді мекендерде электр жарығы өшіп, нөсер жауын салдарынан тұрғын үйлердің ауласына су толған еді.

Осыған орай аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев шұғыл жиын өткізіп, тиісті бөлім басшыларына жағдайды дереу ретке келтіруді тапсырған еді. Облыс әкімінің тапсырмасы негізінде сала маман­дары жедел әрекет етіп, әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерге жарық қосып, арнайы техникалар қала аумағын судан тазартты.

– Халықтың күнделікті тірші­лігіне жарық, жылу, су керек. Өкінішке қарай, бір күн жауған жауынның әсерінен қаланың, бір­қатар аудандардың кейбір ау­мақтарында жарық сөніп қалды. Бұл – барлығымызға сын. Мен үнемі тіршілікті қамтамасыз ету жүйелерінің тұрақты жұмыс жасау қажеттігін ескертіп келемін. Біз желілер тозды деп қол жайып отырмай, қолдағы бар ресурстарды пайдаланып, кез келген жағдайға дайын болуымыз қажет. Әрбір қосалқы станцияның жағдайына талдау жасап, мамандардың күші­мен ретке келтіру қажет. Бюджет қаражатын бекіткен уақытта қо­салқы станциялардың жағдайын ретке келтіруге қаржы қарастырар едік. Жұмысқа немқұрайлы қа­райсыздар, – деді облыс әкімі.

Халықты электр жарығы мен ауыз сумен қамту – кезек күт­тірмейтін мәселе. Осыған орай облыс әкімінің бірінші орын­басары Серік Қожаниязовтың төрағалығымен арнайы комиссия құрылып, ақау себептері мен оны жою жолдары бойынша шұғыл түрде ұсыныс беру тапсырылды. Комиссия құрамына сала арда­герлерін тарту мәселесі де айтылды. Ол өз кезегінде істің жүйелі әрі тез арада шешілуіне жағдай туғызбақ.

Комиссия мүшелері қала ау­мағындағы бірнеше нысандарға барып, қосалқы станциялардың жағдайына бақылау жұмыстарын жүргізді. Облыс әкімінің орын­басары Мархабат Жайымбетов, қала әкімі Асылбек Шәменов, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Нұрмағанбетов және Қызылорда электр тарату компаниясының басшысы Батыржан Қаракөзов қала аумағында 20-ға жуық қосалқы станцияны аралап, зер­делеу жұмыстарын жүргізді.

– Облыс бойынша «КРЭК» АҚ теңгерімінде 10 мың шақырымнан астам электр желілері мен 1800-ге жуық қосалқы трансформаторлық станциялар бар. Бүгінгі таңда осы электр қондырғыларының 70 пайызының тозығы жеткен. Ал­дын ала есептемелер бойынша электр жүйелерінің тозу деңгейін 70 пайыздан 30 пайызға төмендету үшін 153 млрд теңге қаржы қажет. Бұл мәселе облыс әкімі тарапынан Үкімет басшысының назарына жеткізіліп, қолдау тап­ты. Бүгінгі таңда комиссия ең бі­рінші қажеттіліктегі қосалқы стан­цияларды жөндеуге қажетті қаржы бөлу үшін бюджеттік ко­миссияға ұсыныстар енгізу жұмыстарымен айналысуда. Сала мамандары әрбір қосалқы стан­циялардың жағдайын саралап, ақау актілерін әзірлеуге кірісті, – деді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық басқармасының басшысы Руслан Нұрмағанбетов өз сөзінде.

«Ауыл-ел бесігі» бағдар­лама­сы аясында құны 3,4 млрд теңге болатын Жаңақорған кентіндегі электр желілерін жаңғырту жо­басын бастауға биыл 900 млн теңге бөлінді. Барлығы 300 км электр желілерінің 70 км ауысып, 23 қо­салқы станциялар орнатылды. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уа­қытта да тұрақты түрде жалғаса бермек.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: