Бүгін Сыр елінде Жеңістің 77 жылдығына арналған «Ұлы Жеңіс – ұрпаққа аманат» атты салтанатты іс-шара өтті.
Тағзым алаңында майдангерлердің ерлігін еске алатын ескі әуендерден шағын топтамасы мен Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжінің үрмелі аспаптар оркестрінің концерті ұйымдастырылды. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аймақ тұрғындарын мерекемен құттықтап, Жеңіс қаһармандарының ерлігі ешқашан ұмытылмайтынын жеткізді.
«Ардақты ардагердер, бүгінгі бейбіт өміріміз бен тыныш тіршілігіміз үшін өздеріңізге кейінгі ұрпақ атынан мың мәрте алғыс айтамыз. Сіздер сияқты жеңімпаз жауынгерлер ұрпағы, достық пен ауызбіршілікті ту еткен аға буынның жалғасы екенімізді әрдайым мақтан етеміз. Мемлекет басшысы, Жоғарғы Бас қолбасшы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айтқандай: «Аға буынның теңдессіз ерлігін құрметтеп, зұлмат соғыстың зардаптарын ұмытпау – біздің қастерлі борышымыз!». Осынау ерлікке толы Күн тарихымыздың мәңгі ұмытылмас парағы болып қала бермек», – деді аймақ басшысы.
Сыр жұртшылығы атынан аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев, облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, қала әкімі Асылбек Шәменов және құқық қорғау органдарының басшылары ескерткішке гүл қойып, бейбіт өмір жолында шейіт болған майдангерлердің рухына тағзым етті.
Айта кетейк, соғыс жылдары майданға Сыр елінен 70 мыңнан астам адам аттанса, 35 мың адам майдан даласынан оралмады. Сыр елінің 21 азаматы көзсіз ерлігі мен қаһармандығы үшін Кеңес Одағының Батыры, 2-уі «Даңқ» орденінің толық кавалері атанды. 20 мыңнан астам жерлесіміз орден, медальдармен марапатталды. Қазіргі таңда өңірде 7 Ұлы Отан соғысының ардагері тұрады. Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен оларға теңестірілген 2902 ардагер бар.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!