Жұма, 19 сәуiр, 12:20

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№30 (2040)
16.04.2024
PDF мұрағаты

Қала бюджеті қайда жұмсалады?

31.07.2021

1467 0

Кеше қалалық мәслихаттың кезектен тыс VIII сессиясы өтті. Оған қала әкімі Ғанибек Қазантаев, қала әкімінің орынбасарлары, сала басшылары және БАҚ өкілдері қатысты. Күн тәртібінде 5 мәселе қа­ралды.

Алғашқы мәселе бойынша «2021-2023 жылдарға ар­нал­ған қалалық бюджет тура­лы» қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі­нің басшысы Гүлнар Баймаханова­ның баяндамасы тыңдалды. Ол қала қаржысының және салық түсімдерінің қалай жүзеге асып жатқандығына тоқталды.

– Жыл басында жұмсалатын қаржының орын­­­далуы туралы нақты жос­пар әзірленеді. Осыған орай бюджет белгіленеді. Қала көлемінде жа­салатын жұ­мыстарға респуб­ликалық және облыстық бюджет­тен қар­жы қаралып, оның орын­далуы қатаң бақылауда бо­лады. Біз бүгінгі сессияда қа­лалық бюджетті нақтыладық. Күн тәртібінде тұрған келелі мәсе­лердің түйінін тарқатуда жұ­­мыстар жүйеленуде. Барлық атқарылар шаруалар ел игілігі үшін жасалуда, – дейді қалалық экономика және бюджетті жос­парлау бөлімінің басшысы.

Сессияда айтылғандай, Са­балақ саяжайы тұрғындары үшін жағымды жаңалық бар. Сабалаққа кіреберіс жолға «Әуежай» трас­сасынан соңына дейін түнгі жарық шам­дарын орнатуға қаржы бөлін­гені айтылды. Сонымен қа­тар Қорқыт ата көшесінен Қажымұқан көшесіне дейін және қала орталығындағы Бөгенбай батыр  көшесінен «Ақмешіт Сырдария» мешітіне дейінгі аралықтағы жол­дарға жарық шамдар жүр­гізілетіні сөз болды. «Көлік инфра­құрылымын дамыту» бағ­­­дарламасы аясында Белкөл кен­­тіндегі теміржол арқылы өте­тін жаяу жүргіншілер көпірі құ­рылысын бастауға арнайы қа­­ражат қарастырылғаны ай­тылды. Алайда депутат Жорабек Нұрымбетов бөлінген қаржы кө­пір құры­лысына жетпейтінін айтып, бұған қосымша республи­калық бюджетке сұраныс жіберу қа­жеттігін жеткізді.

Тағы бір атап өтерлігі, де­путаттар  қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Гүлнар Байма­хановаға сірескен сандар­ды қара­пайым тілмен сөйлете білсе де­ген ұсыныс тілектерін жеткізді.

Қала әкімінің аппарат бас­шысы Жанмұрат Сейілов «Қы­зылорда қаласының әкім­шілік-аумақтық бірлікті басқа­ру схемасын бекіту тура­лы» Қызылыорда қалалық мәсли­хатының 2021 жылғы 26 нау­рыздағы шешіміне өзгертулер енгізу туралы атап өтті. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі бас­шысының міндетін атқарушы Айгүл Қиясова мекеме тарапынан жұмыссыздық дең­гейін азайту мақсатында атқа­рылып жатқан жұмыстар жайын айтып берді.

Келесі кезекте мәслихат мінберіне көтерілген қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Парасат Жаңабергенов «Қоғам­дық кеңес» мүшелерінің бос тұрған орындарына қайта то­лықтыру туралы пікірін жеткізді. Депутаттар бұл ұсынымды әлі де қайта қарау керектігін айтты.                                     

Сессия барысында депутаттар Ерлан Мұсаев, Жорабек Нұрымбетов, Айгүл Мұсаева, Талғат Телеубаев өз пікірлерін ортаға салып, әлеуметтік ны­сандарға ағымдағы жөндеу жұ­мыстарына бөлінетін қаржы көздерін қадағалау керектігін қадап айтты. Шаһар көлемінде атқарылатын жұмыстар сапалы және уақытылы атқарылуына баса назар аудару қажеттігін жеткізді.

– Депутат ел үмітін ақтауда аянып қалмасы анық. Сіздердің көздеген мақсат-мүдделеріңіз ме­нің ұдайы назарымда. Екінші жарты жылдықты да бастап кеттік. Биылға жоспарланған жұ­мыстарды жыл аяғына дейін бітіруге күш жұмылдыруымыз керек. Бірлесе атқарған іс нә­тижесін береді, – деді қала әкімі Ғанибек Қонысбекұлы сессияда сөйлеген сөзінде.  

Сессияда халық қалаулылары белсенді. Барлығының мақсаты бір. Өздері сайланған округтің күрмеулі мәселелеріне билік назарын аударып, оң шешілуіне ықпал ету. Оның орындалуы әрине, қаржыға байланысты.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: