Биыл Қосшыңырау ауылдық округіне қарасты Абай, Досан елдімекенінде газ желілерінің құрылысы басталады. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз орталығында өткен брифингте ауыл әкімі Сейдуали Әбдіқадыров айтты.
– Ауылдық округ тұрғындары үшін жағымды жаңалықтың бірі – биылдан бастап Абай, Досан елді мекендерінде газ желілерінің құрылысы басталмақ. Ауқымды жобаға бюджеттен барлығы 663 млн теңге қаржы бөлінді. Бұдан бөлек биыл Досан ауылындағы №4а, 9а, 15, 17, 20 көшелерге орташа жол жөндеу жұмыстары және Абай ауылындағы саябаққа ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар сиыр фермасы мен Махамбетов көшелерінің қиылысын, Досан ауылындағы №1 көшесін жарықтандыру жұмыстары қолға алынды, – деді ауылдық округ әкімі.
Бұған дейін «Ауыл-ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында ауылдағы 5 көше жөндеуден өтсе, Досан ауылындағы №17 көшеге жарық шамдары орнатылған. Сондай-ақ аяқсу мәселесін шешуде 2 дана ұңғыма орнатылып, 3 каналға тазарту және қазу жұмыстары жүргізілген.
Ауылдық округте қазір электр желісін тарту, медициналық бекет салу, ауылішілік жолдарды жөндеу, ауызсу жүргізу, «Дарбас», «Арғын» бейіттерін қоршау, балалар ойын алаңын салу сынды мәселелер өзекті. Дегенмен бұл мәселелер көп ұзамай шешімін таппақ. Бұл ретте Қосшыңырау ауылдық округі әкімі Сейдуали Әбдіқадыров аталған жайттардың жоба-сметалық құжаттары дайын екендігін жеткізді.
Шағын кәсіпкерлікті дамыту мақсатында мұнда 207 кәсіпкерлік нысан жұмыс істейді. Ал биыл мемлекеттік бағдарламалар негізінде 113,1 миллион теңге қаржыға 13 жоба мақұлданған. Бұдан бөлек «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» бағдарламасы аясында жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грант аясында жалпы құны 11 млн 26 мың 800 теңгені құрайтын 9 жоба мемлекеттік қайтарымсыз грантқа ие болған.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!