Жұма, 11 қазан, 19:58

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№80-2090
08.10.2024
PDF мұрағаты

Қызылордаға тоқпен жүретін көлік келді

02.03.2021

9601 0

Жанармаймен жүретін көліктен бас тартып, электромобильге көшу – дүние жүзінде бар үрдіс. Бұл тұста Қазақстан да дамыған елдермен қатар тоқпен жүретін көліктер саны артып келеді. Соның бірі – Қызылорда қаласындағы әзірге жалғыз электрлі BMW i3 көлігі.

Қызылорда келгеніне бір айға жуық уақыт болыпты. Біз оны арнайы көшеден тоқтатып сөйлескен едік. Қаланың Рүстем есімді тұрғыны оны Германиядан әкелгенін айтты. Басқа көліктерге қарағанда ерекшелігі бар. Электромобильдер әдеттегі автоларға қарағанда әлдеқайда үнемді. Электр көлігін 100 пайызға қуаттау үшін орта есеппен 30 кВт/сағат электр энергиясы жұмсалады. Мамандардың есептеуінше, электромашиналар жанармаймен жүретін көліктермен салыстырғанда ай сайын шамамен 60-70 мың теңгені үнемдейді екен. Мәселен, бір айдағы 22 жұмыс күнінде электромобиль 10 мың теңге электр энергиясын тұтынса, бензинмен жүретін көліктердің ай сайынғы шығыны орта есеппен 75-80 мың теңгені құрайтынын айтады.

– Әлбетте, мұндай көліктер өте тиімді. Себебі май, бензин, антифриз құйып әуре болмайсыз. Сұйықтықтан тек әйнекті жуатын су ғана қолданылады. Сол сияқты әдеттегі аккумулятор да қажет емес. Көлік тек батарея мен сымдардан тұрады. Электромобиль 100 пайыз қуатталуы үшін 4 сағат уақыт қажет. Көлікті оталдырып, пешті қосқан кезде 4 минутта батареяның 1 пайыз қуаты жұмсалады. Сондай-ақ бұл көлік кәдімгі көліктер секілді темір емес. Сыртының барлығы пластмасса. Қызылордалықтар тоқтатып, таң қалып жатады. Мен оған үйрендім, – дейді Рүстем.

Электрокар қыстың кезінде ашық алаңда да тұра береді. – 25 градус суықта еш қиындықсыз оталады. Жылытқыш пеші тез іске қосылып, аз уақыт ішінде салон іші ысып кетеді. Тіпті 30 секундтан соң пеш ыстық бу шаша бастайды. 100 пайыздық қуатпен электрокарлардың жүру қашықтығы қыста 100 км, жазда 150 км құрайды.

Электр көліктерінің тағы бір артықшылығы қоршаған ортаны ластамайды. Онымен қоса бензинге қарағанда электр қуаты әлдеқайда арзан. Кептелістерде көп энергия жұмсамайды. Мұнай нарығына да тәуелді емес. Қазақстан үшін маңыздысы да осы. Өйткені мың құбылатын мұнай бағасы бензиннің қымбаттауына әсер етіп жатыр.

Электр көліктерінің қарапайым бензинмен қозғалатын автомобильдерден бірқатар артықшылығы бар. Нақтылап өтсек:

– қоршаған ортаны ластамайды;

– бензинге қарағанда электр қуаты әлдеқайда арзан;

– мұнай нарығына тәуелді емес;

– олардың қозғалыс барысында дыбысы шықпайды;

– салық төлеудегі жеңілдіктер;

– кептелістерде көп энергия жұмсамайды.

Бүгінде дамыған елдерде токпен жүретін көлікке сұраныс көп. Ал Қазақстанда электромобильдер салықтан босатылған.

Суретті түсірген Нұрболат Нұржаубай

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: