Жұма, 11 қазан, 06:43

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№80-2090
08.10.2024
PDF мұрағаты

Тәуелсіздік күніне орай 680 отбасы баспаналы болады

14.09.2021

1207 0

Сол жағалаудағы құрылыс нысандары қалаға көрік берген тың бастама қатарында. Ендігі меже – инфра-құрылымды дамытып, мәдени-спорттық кешендердің санын арттыру. Осыған орай өткен аптада қала әкімінің орынбасары Асқарбек Есжанов Сол жағалау тұрғын ауданындағы бірқатар нысанды аралап, құрылыс барысымен танысты.

Қазіргі таңда Сол жағалау тұрғын ауданында 680 пәтерлік 14 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, абаттандыру жұмыстары басталды. Сондай-ақ №4 кварталды жалғайтын магистральды жылу желілерінің (теплотрасса) құрылысы, инженерлік инфрақұрылымдар да жүргізілуде.

Көпбалалы отбасыларға және мемлекеттің қолдауын қажет ететін қоғамның осал топтарына арналған бұл тұрғын үйлер «Цифрлы Қазақстан» жобасы аясында бейнебақылау камераларымен қамтылған, тиісті құрылымдық көрсеткіштері заманауи талапқа сай әзірленген. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін үй ішіне газды анықтайтын дабыл құрылғысы орнатылған.

– Бұл тұрғын үйлер көпбалалы отбасылар мен қолдауды қажет ететін қоғамның әлжуаз топтарына берілетін болады. Жаңадан бой көтерген тұрғын үйлер заманауи қауіпсіздік құрылғыларымен, бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етілгенін айта кеткен жөн, – деді Асқарбек Темірбекұлы.

Абаттандыру барысында тұрғын үй аулалары ойын алаңдары, автотұрақ, орындықтар және кір жаю алаңдарымен қамтылатын болады. Осы жұмыстарды жүргізу барысында қала әкімінің орынбасары мердігер мекемеге аулаішілік жолдардың көлік қозғалысына қолайлы болуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Сол жағалау тұрғын ауданында абаттандыру жұмыстарынан бөлек, жылу желілерінің құрылысы қарқынды жүргізілуде. №4 кварталды жалғайтын магистральды 500 метрлік жылу желілері (теплотрасса) тартылу үстінде. Бұл жұмыстар 1 қарашаға дейін толық аяқталатын болады. Жылу желісі жоғарыда аталған 14 көпқабатты түрғын үйлерді қоса алғанда алда салу жоспарланған үйлерге де есептелген.

– Сол жағалау тұрғын ауданын жылумен қамтамасыз ету толық бақылауға алынды. Қазіргі таңда жылу орталығындағы қазандықтардың қуаты пайдалануға берілген тұрғын үйлерді де, жаңадан бой көтеретін нысандарды да толық жылумен қамтуға қауқарлы. Жылу құбырларын орналастыру, тұрақты тексеру жүргізу үнемі назарда болады, – деді әкімның орынбасары.

Асқарбек Темірбекұлы қала әкімінің халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға бағытталған жобаларды қолдауға қашан да дайын екендігін жеткізіп, желтоқсан айында Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында 680 отбасы заманға сай жабдықталған баспанамен қамтылатындығын жеткізді.

Айта кету керек, Сол жағалау тұрғын ауданынан 9 қабатты 4 үйдің жоба-сметалық құжаттары дайын, құрылысын бастау алдағы жылға жоспарланған болса, 12 қабатты 4 үйдің жоба-сметалық құжаттары әзірленбек.

Б.ШАҒЫРОВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: