Санаулы күннен соң жыл аяқталады. 2020 жылы Қызылордада қандай жұмыс атқарылды, жылдың басты жаңалығы қайсысы болмақ?
Осыған орай Асқар Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен жылды қорытындылауға арналған салтанатты шара өтті. Онда қала басшысы барша халықты мерекемен құттықтап, шаһардың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері мен қол жеткізген жетістіктерін саралап, толайым табыстарға тоқталды.
Бүгінде Қызылорда қаласы елмен бірлесе жасаған еңбектің арқасында облыс экономикасының барлық салаларындағы өрелі өзгерістердің алдыңғы шебінен көрініп келеді. Шара барысында шаһар басшысы 2020 жыл Сыр жұртшылығы үшін қиын кезеңге қарамастан бергені мол берекелі кезең болғанын атап өтті.
Өз сөзінде әр салаға арнайы тоқталған қала әкімі жыл басында Қызылорданың тайқазанындағы қаржы көлемі 68,9 млрд теңге болып бекітілсе, жыл қорытындысымен бұл көрсеткіш 95 млрд теңгеге жеткенін атап өтті. Оған қоса қарқынды құрылыс алаңына айналған Сырдың бас шаһарында биыл 1500-ге жуық отбасы баспаналы болғанын ерекше айтты. Қалада тағы 2380 пәтерлік 52 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатқандығын жеткізген қала әкімі республикалық, жергілікті бюджеттен бөлінген қаржы есебінен 408 көшеге орташа және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілгеніне тоқталды.
– Биыл облыс орталығында ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 8,5 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 101,4 пайызға артығымен орындалды. Жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының 46,2 пайызы аймақ бойынша қаланың үлесінде.
Білім беру ұйымдарындағы орын тапшылығын шешу мақсатында қала тұрғындарының сұранысына сәйкес «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында «Бәйтерек» шағын ауданында 600 орындық мектеп құрылысы, «Саяхат» мөлтек ауданынан 300 орындық тағы бір білім ұясының құрылысы жеке инвестор есебінен жүргізілуде, – деді қала әкімі.
Сонымен қатар жыл қорытындысында шаһар басшысы қала экономикасына өрелі өзгерістер әкеліп, өрісін кеңейткен мемлекеттік бағдарламалар аясында атқарылған жұмыстарды да тарқатты.
Мәселен, «Жұмыспен қамту жол картасы» мемлекеттік бағдарламасына сай бюджетке бөлінген қаражат қаладағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталып, бірнеше мәдениет, білім нысандары күрделі жөндеуден өтті. Сондай-ақ «Тағзым» мемориалы, «Сыр Ана» монументі, «Темір жол» паркі, Назарбаев даңғылы абаттандырылды. Қала басшысы «Ауыл-ел бесігі» арнайы жобасы арқылы Ақсуат ауылдық округіндегі №143 мектептің күрделі жөндеуден өтіп, ауылдағы 16 көшеге жөндеу жұмысы жүргізілгендігін атап өтті.
Кімдер озық шықты?
Салтанатты шарада жылдағы дәстүрге сай ел дамуы жолында еселі еңбегімен ерекшеленген, қаланың қоғамдық-саяси өмірінің өсіп-өркендеуіне үлес қосып, әр салада табысты еңбек етіп жүрген жыл үздіктері марапатталды.
Биыл «Жыл меценаты» атағы қаламызда қауіпті індет тарап, ел басына күн туған шақта алдыңғы шептен табылып, қиналған жандарға қамқор қолын созып, қайырымды істермен көпке үлгі болған «Олжас» ЖШС директоры Талғат Жұматовқа бұйырды. Номинация иегері еңбекті елеп, марапаттаған ел азаматтарына алғысын білдіріп, алдағы уақытта да қаланың әлеуметтік-экономикалық тұрғыда тұрақталып, дамуына өз үлесін қосатындығын жеткізді.
Қиын кезеңде көпті сақтық шараларын сақтауға үндеп, қоғамның негізгі сұранысына айналған нақты ақпаратты жедел жеткізген «Жаңалық жаршысы» номинациясын «Qyzylorda» телеарнасының бас редакторы Айнұр Тұңғышбаева алды. Әріптесіміз пандемия кезінде тәулік тынысын дөп басып, аймақ ахуалын бұқараға анық, айқын жеткізу көп күш салуды қажет еткендігін айтты. Ал коммуналдық салаға 24 жыл еңбегін арнап, жылдың «Тазалық сақшысы» атанған Марат Тұрсынбеков «Бұл – менің ғана емес қалада күнделікті тазалық жұмысын жүргізетін, әріптестерімнің де марапаты және баршамызға көрсетілген құрмет деп білемін» – деді. Сондай-ақ биыл «Жыл құрылысшысы» атағы «Интегрестрой» ЖШС директоры Бақдәулет Ысқақовқа бұйырса, жастар театры «Үздік өнер ұжымы» атанды.
Бұдан бөлек жыл қорытындысымен «Жылдың үздік ұстазы» номинациясын иеленген ұстаздар да марапат биігінен көрініп, қаржылай сыйақыға ие болды. Салтанатты шара жергілікті өнер жұлдыздарының қатысуымен мерекелік бағдарламаға ұласты. Сыр елінің бұлбұл әншісі Күлән Қалымбетованың жылылыққа толы «Мен сіздерді жақсы көремін» әнімен, «Томирис» тобының мың бұралған биімен жалғасты.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!