Бейсенбі, 25 сәуiр, 06:22

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

«Жас алаш» көшесі қайта жөндеуді қажет етеді

08.06.2021

2039 0

Өткен жылы Қызылордада жүзден астам көше жөнделіп, тұрғындар алғыс жаудырған еді. Алайда «Жас Алаш» газетінің атына берілген көше баяғы қалпына қайта түсіп, жөндеуді қажет етіп отыр.

1921 жылдың 22 наурызында Ташкент қаласында «Жас Алаш» газетінің алғашқы саны басылып шықты. Содан бері парақтай судырап 100 жыл өтіпті. «Жас Алаш» жастарға арналған ең байырғы және беделді республикалық басылым.

Бір ғасыр тарихы бар басылымға Қызылорда қаласынан көше атауы да берілген. Халық оған қуанды. Сол көшеге өткен жылы жол төселіп, асфальттанды. Жалпы өткен жылы «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» бағдарламасы аясында республикалық бюджет есебінен қаладағы жалпы ұзындығы 75,9 шақырым болатын 109 көше және ұзындығы 3,3 шақырым болатын 2 елді мекеннің кіреберіс жолына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Оның ішінде «Жас Алаш» көшесі де бар.

Өткен жылы толықтай жөнделген көше бір жыл болмай сыр берді. «РБ строй» ЖШС мердігер мекемесі салған асфальт жол жылға жетпей ойылып, астаң-кестеңі шығып жатыр. Ал оны салған құрылыс компаниялары жұмыстың не себепті сапасыз атқарылғанын ашып айта алмай отыр. Бірақ жыл айналмай жатып, көшеден көрік кетті. Бетіне жалатып қана төсеген асфальт жабындысы көшіп, шұрық-тесік жолға айналды.

Бүгінде қазаншұңқырлар пайда болған. Көліктің доңғалағы түсіп кетсе, шыға алмайтындай ойдым-ойдым ойықтар көп. Жүргізушілер лажы болса басқа көшемен айналып өтуді жөн көреді.

Көше тұрғындары да өз реніштерін білдірді.

– Қаланың қақ ортасында тұрғанымызбен хәліміз ауылдағыдан жаман. Көріп тұрғандарыңыздай көшенің ойдым-ойдымы шықты. Биыл «Жас Алаш» газетінің мерейлі тойы. Ал бұл деген ұят емес пе? Мердігер мекеме ертең бұны жамап кетеді. Ол тағы сыр береді, – дейді «Жас Алаш» көшесінің тұрғыны Абылай Әлібай.

Қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің мәліметіне сүйенсек, бүгінде «РБ строй» ЖШС мердігер мекемесінің жұмысын сотқа жолдап қойған. Сот шешім шығарса бұл көшенің сыр берген жерлерін қайта жасайтын болады.

«Жас Алаш» жалпыұлттық қазақ басылымы. Газет үлкен-кіші үзбей оқитын дәстүрлі әрі жаңаша басылым. Қазақстандағы белгілі де беделді журналистика кадрларын тәрбиелеп шығарған ұстахана іспетті. Қазақ әдебиеті мен мәдениетінің, журналистикасы мен публицистикасының небір майталмандары жұмысын осы қарашаңырақтан бастаған.

Шерхан Мұртаза бастаған топты айтпағанның өзінде, бір Ғани Мұратбаевтың есімі көп нәрседен хабар береді. «Жас Алаш» көшесінің басылымның мерейлі мерекесі қарсаңында бұлай болғаны көңілді қынжылтады. Бұған жауапты мекемелер не дейді екен?..

Жарасхан ҚУАНЫШБАЙҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: