Сенбі, 21 желтоқсан, 21:51

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Жұмыс нәтижелі болсын

25.06.2022

712 0

Қаламызда қарқынды жұмыстар істеліп жатыр, бірақ нәтижесі көңіл көншітпейді. Қандай да бір істің нәтижелі болғанын бәріміз жақсы көреміз. Сол секілді әрбір жасаған жұмыстан нәтиже шығару керек.

«Тұрақты жұмыс жасалуда жатыр дейсіздер. Бірақ тексеру кезінде ол жұмыстың дұрыс істелмегені анықталады. Маған жұмыстың жүріп жатқаны емес, нәтижелі болғаны маңызды». Қала әкімі Асылбек Шәменов аппарат мәжілісінде барлық бөлім басшыларына, ауылдық  округ және кент әкімдеріне әрбір берілген тапсырманың тиянақты, нәтижелі орындалуы керек екенін ескертті. 

Аппараттық мәжіліс қала әкімі Асылбек Шәменовтің 23 маусым – ҚР Мемлекеттік қызметшілер күні және Қазақстан полициясының 30 жылдық мерекесіне орай құттықтауымен бас­талды.

– Үлкен жауапкершілікті талап ете­тін мемлекеттік қызмет – халықтың сенімін ақтау, ұлтымыздың абыройын асыру жолында айрықша маңызға ие. Әрбір өркениеттің өріне қадам басқан мемлекеттің ең басты тірегі, оның идея­сы мен саясатын алға апарушы мемлекеттік қызметкер екені белгілі. Бұқараға адал қызмет ету мен еліміздің ұлттық мүддесін тиімді қорғай білуді басты ұстанымға айналдырған сала мамандарының еңбегі құрметке лайық.  Сондай-ақ бүгін төзімділік, қыра­ғы­лық, қарапайымдылық деген ұғым­дарды бойына сіңіріп, қызметтің қиындығына қарамастан антына адал болған ерлердің ерліктерін ұлық­тау күні. Мемлекетіміздің тыныштығы мен халқымыздың амандығы бәрінен қымбат. Осы жолда қоғамдық тәр­тіпті қалыптастыруда полиция қызмет­керлерінің еңбегі зор, – деді қала әкімі.

Аппараттық мәжілісте ең алды­мен жазғы маусым кезінде суға кету қаупінің алдын алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар сара­ланды.  Қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Жасұлан Түйменовтің сөзіне сүйенсек, су ай­дындарында, әсіресе Сырдария өзенінде жыл сайын азаматтардың әртүрлі себептермен қайғылы жағдай­ларға ұшырауы өзекті мәселе болып отыр.

– Жыл басынан бері 5 адам суға кетіп, қаза болды. Оның 3-уі бала. Құтқарушылар 2 адамды құтқарған. Қайғылы жағдайлардың негізгі себе­бі – адамдардың қауіпсіздік ереже­лерін өрескел бұзуынан. Басқарма қызметкерлері биыл құтқару бөлім­шелерінің құтқарушылары және жергілікті полиция қызметімен бір­лесіп 88 рейд өткізіп, 4525 азаматқа судағы қауіпсіздікті түсіндіріп, үн­парақтар таратты. Бұл жұмыстар суға түсу маусымы аяқталғанша жалғаса береді, – дейді Ж. Түйменов. 

Қаламызда тегін жағажайдың бол­мауы үлкен мәселе екені белгілі. Тиісті жұмыстар атқарылғанмен, бала­лардың рұқсат етілмеген жерге суға түсуі тоқтамай тұр. Сондықтан да суға түсу кезінде кез келген адам қауіпсіздікті сақтауға міндетті.

– «Баяндамада төтенше жағдайдың алдын алуға дайынбыз» дейсіздер. Дайын болсаңыздар оқушылар неге суға кетіп жатыр? Бала өмірі – қымбат, бәрінен маңызды. Дария бойы мен су айдындарына күнделікті бақылау орнату керек. Кезекшіліктің тұруы қадағалансын.  Бұл жұмысқа барлық қызметкерлерді жұмылдыру қажет, – деді қала әкімі.

Мәжілісте салық базасын ұлғайту және кіріс көздерін іздестіру, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы тура­лы да мәселелер қаралды. Бұл салалар бойынша жүйелі жұмыстар атқарылуда. Қалалық мемлекеттік кірістер басқар­масы арнайы іс шаралар жоспарын бекітіп, талдау және камералдық бақылау шараларын күшейткен. Нәтиже­сінде ағымдағы 5 айға қолдап және автоматтандырылған камералдық бақы­лау және салық төлеушілерге түсіндірме жүргізу арқылы жергілікті бюджетке қосымша 555,5 млн теңге түсірген.

– Статистика органдарымен 2022 жыл­дың 5 айы бойынша қаланың әлеу­меттік-экономикалық дамуы қорытын­дыланып, экономикалық тұрғыдан қалада тұрақты жағдай қалыптасуда. Бірқатар көрсеткіштер бойынша өсу тен­денциялары байқалады, – деді қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Г.Баймаханова. 

Қазіргі уақытта мектеп оқушылары тынығу лагерьлерінде демалуда. Олар­дың жазғы демалысын жоғары дең­гейде ұйымдастыру қажет. Мәжілісте осы мәселе де кеңінен талқыланды.

– Еліміздегі эпидахуал­дың жақсаруына орай, биыл оқушылардың жазғы демалысы жоспарға сәйкес жүзеге асырыла бастады. Жазғы демалыспен бірін­ші кезекте жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қал­ған, аз қамтамасыз етіл­г­ен отбасынан шыққан бала­­лар қамтылады. Жалпы мін­дет­ті оқу қоры есебінен 913 бала­ны демалдыру жоспарлануда. «Зерен­тай» тынығу лагері 8 ауысымда міндетті оқу қоры есебінен 433 баланы қамтиды. Ал «Талдысу» лагерінде 480 бала демалады деп жоспарланып отыр. Лагерьдің жағдайы жақсы, қауіпсіздік жағдайы толық тексерілген. Барлық талаптар сақталған, – деді қалалық білім бөлім басшысының міндетін атқарушы Шолпан Жүнісова.  

Жиынды қорытындылаған қала әкімі Асылбек Шәменов талқыланған мәселелер бойынша тиісті сала маман­дарына нақты тапсырмалар берді. Аппараттық мәжілісте көтерілген мәселе­лер ауқымды. Сондықтан да сала бас­шылары жоғарыда айтып өткендей, «тұрақты жұмыс жасалып жатыр» демей, біткен істің нәтижесін көрсетуі тиіс.

А.БАТЫРБАЙҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: