Жұма, 29 наурыз, 17:15

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№24(2034)
23.03.2024
PDF мұрағаты

53 жастағы мұғалім 14 жастағы оқушы қызға азғындық жасаған

24.05.2023

1150 0

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Ават ауылында мұғалім оқушы қызға қырындаған. Бұл туралы Sputnik Қазақстан тілшісіне оқушы қыздың әкесі айтып берді.

14 жастағы қыздың әкесі Ерболаттың (аты-жөні өзгертілген) айтуынша, оқиға 3 сәуірде мектепте болған. Оқушы ата-анасына тек бір айдан кейін ғана айтқан.

«Қызым волейбол секциясына қатысатын. Біраз уақыттан бері ол секцияға бармай қалды. Әйелім қызынан сұрай бастаған, қызым әртүрлі сылтау айтып жүріп, ақыры оқиғаны айтып берген. Волейбол секциясының жаттықтырушысы, мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі жеке кабинетіне шақырып алып, қызыма тиісіп, құшақтап, сүйіп мазасын алған. Мұғалімнің жасы 53-те», – дейді қыздың әкесі Ерболат.

Әкесінің айтуынша, қызының қасында құрбысы болған.

«Қызымның қасында тұрған дос қызына жаттықтырушы «сен бара бер, мен мына қызбен сөйлесуім керек» деген. Есікті жауып, терезені жапқан. Сосын жаттықтырушы қызыма: «сен білесің бе не үшін сені жібергім келмейді» деп сұраған, қызым «білмеймін» десе, жаттықтырушы «өзім де білмеймін не үшін жібергім келмейтінін» деп жауап беріпті. Сөтіп тиісе бастаған. Жаттықтырушының екі бөлмесі бар, ол қызымды екінші бөлмеге барайық деген», – дейді Ерболат.

Сол сәт оқушының дос қызы дәлізде тұрып, қызды шақыра бастайды. Бұл оқиғаны естіген соң әке-шешесі бірден полицияға жүгірмей, қыздың өзін тергей бастайды. Ал дос қызы жеке бөлмеге жаттықтырушының қызды алып кіріп кеткенін растайды. Сол күні жәбірленушінің ата-анасы кешкі тоғызда аудандық полиция бөліміне барып, арыз жазады.

«Түнгі үшке дейін қызымды сұрақтың астына алды. Ешбір бейнежазба жасалмады. Тергеуші тарапынан көптеген заңбұзушылық болды. Мектептегі бейнежазбаны да алып қарамады. Қазіргі күні мұғалім жұмыс істеп жүр. Оны жұмыстан аластатпады. Міне біз арыз бергелі 20 күн болды, еш нәтиже жоқ», – дейді Ерболат.

Екі тарапты шақырып ауыл әкімі де сөйлескен.

«Екі тарап бір-біріне арыз жазды. Қыз баланың да тағдырын ойлап отырмыз, мұғалімнің де кінәсі бар, жоғын құқық қорғаушылар шешеді. Мұғалім «маған жала жапты» деп арыз жазды. Екі отбасы да ауылда жаман аты шықпаған жандар», – дейді Ават ауылының әкімі Момынжан Исламов.

Ал мектеп директоры мұғалімнің жұмыстан аластамағанын айтады.

«Қазіргі күні тергеу жүріп жатыр, бізге ешкім жұмыстан аластату туралы бұйрық берген жоқ. Онсыз біздің мұғалімді жұмыстан аластатуға құқымыз жоқ. 53 жастағы дене шынықтыру пәнінің мұғалімі бұл мектепте 13 жылдан бері еңбек етеді. Кәсіби білікті мұғалімдердің бірі, ал оқушы қыз да өте қарапайым, тәртіпті, сабақты жақсы оқитын қыз. Бұл жағдайға әлі күнге сенерімізді, не сенбесімізді білмейміз», – дейді Ават ауылындағы Омар Мұхамади атындағы орта мектеп директоры Ләззат Нұрмаханова.

Ал полиция тергеу жүріп жатыр дейді.

«Еңбекшіқазақ ауданының полиция бөліміне 32 жастағы тұрғын Ават орта мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғаліміне қатысты заңды шара қабылдау туралы жазбаша арызбен жүгінді. Дерек ҚК 124-бабының 2-бөлімінде көзделген «Педагог жасаған көрінеу жас балаға қатысты күш қолданбай азғындық әрекеттер жасау» бабымен қылмыстық құқық бұзушылық белгілері бойынша Еңбекшіқазақ ауданының полициясында тіркелді. Сотқа дейінгі тергеу басталды, қажетті сараптамалар жасалады», – дейді Алматы облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ернар Сайдилдин.

Полицияның айтуынша, қазіргі уақытта істі дұрыс шешу мән-жайларды зерттеудің жан-жақтылығына, толықтығына және объективтілігіне бағытталған тергеу әрекеттері жүріп жатыр.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: