Сейсенбі, 12 қараша, 20:28

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№90-2100
12.11.2024
PDF мұрағаты

«Бақытты отбасынан» бақыт табылды ма?

24.04.2021

974 0

Француз жазушысы Эмиль Золя «Өмірдегі жалғыз бақыт – алға қарай ұмтылыс» деген. Ал ұмтылыс даму мен жетілдіруден тұрады. Апта ортасында қызылордалықтар «Бақытты отбасына» бақытын іздеп барған еді. Алайда жұмыспен қамту бөлімі бір мезетте мұнша көп адамға бақыт, яғни грант ұтып алуға жолдама сыйлай алмайды екен. Жалпы мұндай олқылықтың орнауына не себеп?

Мәселенің бір ұшы әлеуметтік желіде тараған «тегін грант беріледі» деген жалған хабарламада жатыр. Нәтижесінде қалалық жұмыспен қамту орталығына «Бастау бизнес» жобасын оқу үшін жолдама сұраған. Бірақ сол күнге тек 112 адам тіркеліп, сайттың базасы автоматты түрде жабылып қалған. Орын алған келеңсіз жағдайды шешу мақсатында қызметкерлер басшылықтан 250 адамды тіркеуге рұқсат сұраған. Осылайша 19-25 сәуір аралығында өтетін тіркеуге тұрғындар бір күнде тіркелмекші болған.

Негізі биыл облыс бойынша «Бастау бизнес» жобасына 2500 адамды оқытуға қаражат қаралған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Гаухар Қалмақова айтты. «Соның ішінде Қызылорда қаласы бойынша 535 адамға грант бөлінген. «Бастау бизнес» жобасы қатысушыларды кәсіпкерлік негіздеріне оқытады. Бұл жобаға жұмыспен қамту орталығына тіркелген, жұмыссыздар, өз бетінше жұмыспен қамтылғандар қатыса алады. Ол үшін азаматтар жұмыспен қамту орталығына немесе «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына онлайн өтінім береді», – деді Гаухар Амангелдіқызы.

Өтінім берген соң жұмыспен қамту орталығы үміткерлерді нысаналы топқа жататын мәртебесін тексеріп, жұмыссыз болған жағдайда жобаны оқуға жолдама береді. Кейін кәсіпкерлер палатасы жергілікті атқарушы органмен келісіп, оқытуды өткізу графигін жасайды және тестілеу жүргізеді. Тестен өткен үміткерлер ғана оқуға қабылданып, оқу соңында үміткер кәсіпкерлер палатасы жанындағы комиссия алдында өз жобасын қорғайды. Сонымен қатар оған оқуды аяқтағаны туралы сертификат беріледі. Комиссия қарауынан сүрінбей өткен грант иегерлері кәсіпкер ретінде мемлекеттік кірістер департаментінде тіркеледі. Бастапқы жарты жылда оған ешқандай салық салынбайды. Бір жыл мониторинг жүргізіліп бизнес жайы қадағалаланады. Егер грантты жүзеге асырмаған жағдайда қаражатты қайтаруға міндетті. Мәселен өткен жылы 54 адамның ісі сотқа беріліп, 5 грант мемлекетке қайтарылған.

Болған оқиғадан кейін 25 сәуірге дейін созылатын тіркеу жұмыстарын мейлінше онлайн форматта жүргізу шаралары қарастырылуда. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Бектас Нұридинов хабарлады. «Бір мезетте 500-ге жуық адам келеді деп жоспарланбаған. «Бизнес бастау» жобасына қатысуға тіркелу 5 күн уақыт жүреді деген хабарламаға қарамастан тұрғындар бірінші күні-ақ тіркелуді көздеген. Орын алған жағдайға байланысты қала әкімдігі атынан кешірім сұраймыз. Тіркеу жұмыстары онлайн режимде жүргізілетінін хабарлаймыз», – деді қала әкімінің орынбасары.

Бектас Балғабайұлының айтуынша, қала әкімдігі тіркеу жұмыстарын онлайн режимге ауыстыруға тапсырма беріп, болған оқиғаға байланысты бөлім басшысы мен әкім орынбасарын жауапкершілікке тартқан. Жалпы мұндай келеңсіздіктің сол кезде алдын алу мүмкіндігі болған. Егерде тұрғындар «электронды кезекке» тұрғанда мұндай олқылық болмас еді. Дегенмен бір мезетте 500 адамның жиналуы осындай келеңсіз оқиғаға алып келді. Алдағы уақытта мұндай жағдайға жеткізбес үшін әкім орынбасары «Бақытты отбасының» қабылдау бөлімін қаланың басқа аумақтарынан да ашу жоспарда бар екенін айтты. Ал Гаухар Амангелдіқызы түсіндірме жұмыстарын әлі де көбейту керек дейді.

Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов «Атамекен» палатасы онлайн режимде тіркеуге дайын екенін айтты. «Үміткерлер жұмыспен қамту орталығынан жолдама алғаннан кейін палатаның арнайы сайтында тіркеле алады. Оны өздігінен үйде немесе мекеме қызметкерлерінің көмегімен жүзеге асыра алады. Оқу онлайн форматта 21 күнге созылады. Жалпы облыс бойынша оқытуды жүргізу VІ лекке бөлінген», – дейді ол.

VІ лек Қызылорда қаласы және Қазалы, Жаңақорған аудандарында 13 қыркүйектен бастап жүргізілмек. Ал І лекке оқытуға тек 112 азаматты ғана қабылдау жоспарланған. Алайда кешегі оқиғаға байланысты басшылық келісімімен оның санын 250-ге арттырған. Қалған азаматтарды арнайы журналға жазып алуда. Енді олар келесі лекке тіркелетін болады.

Сонымен қатар тұрғындар аталған жобаға «қызметкерлер өз таныс-жақындарын тіркейді» деп шағымданған да болатын. Қала әкімінің орынбасары арнайы тексеріс жүргізіліп, анықталған жағдайда заң жүзінде жауапқа тартылатынын айтты. Онымен қоса оқиға кезінде терезе шағылып, орындықтар сынған. Бұл іске қатысы бар, мемлекеттік мүлікті бүлдіргендерге де тексеру жүргізіліп, жауапқа тартылмақ.

P.S.

Бұл оқиға шаһарда бизнес бастағысы келетіндер қатары көп екенін дәлелдегендей. Қала тұрғындары жұмыссыз отырғысы келмейтіндіктен, өз кәсібін ашуды көздейтіндіктен барды деп сенеміз. Дегенмен карантин кезінде тәуекелге бел буып барғанда, дәл сол күні жауапты бөлім тек 250 адамға ғана «бақытқа жетуге» жол сілтей алды. Қалған азаматтар бизнеске алып келетін өз бақытының уақытын күтуге мәжбүр…

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: