Полиция айыппұл туралы жалған хабарламаларға сенбеуге шақырады, деп хабарлайды ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі, – деп хабарлайды KAZINFORM
Соңғы уақытта тұрғындардың ұялы телефондарына «ҚР Жол полициясы департаменті» атауымен әкімшілік айыппұлдардың бар екендігі туралы күмәнді SMS-хабарламалар жиі жолданып жатыр.
Полиция бұл хабарламалардың алаяқтар тарапынан азаматтарды алдап, жеке деректерін иемдену және ақша қаражатын жымқыру мақсатында таратылып жатқанын ескертеді.
— Хабарламаларда көбіне белгісіз интернет-сілтемелер көрсетіліп, сол арқылы тұрғындардың жеке мәліметтеріне қол жеткізу әрекеттері жасалады. Осыған байланысты азаматтарды сақ болуға, күмәнді сілтемелерге өтпеуге және бөгде сайттарға жеке деректер мен банк карталарының мәліметтерін енгізбеуге шақырамыз, — дейді тәртіп сақшылары.
Әкімшілік айыппұлдардың бар-жоғын тек ресми ақпарат көздері арқылы ғана тексеру қажет:
— qamqor.gov.kz,
— eGov.kz,
— сондай-ақ екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы.
Полиция тұрғындарды қырағылық танытып, интернет-алаяқтардың арбауына түспеуге шақырады.
Бұдан бұрын ІІМ әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі аккаунттарды үшінші тұлғаларға беру фактілері туралы мәлімдеді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
