Сәрсенбі, 17 сәуiр, 07:49

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№30 (2040)
16.04.2024
PDF мұрағаты

Астанада «Бердібек Сапарбаев тұлғасы: Дағдарыс-менеджер феномені» атты ғылыми-практикалық конференциясы өтті

17.02.2024

161 0

Сурет: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Астана қаласындағы Еуразия ұлттық университетінде «Бердібек Сапарбаев тұлғасы: дағдарыс-менеджер феномені» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті. Конференция аясында алдымен мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Сапарбаевқа арналған «Өнегелі өмір» сериясымен жарық көрген «Бердібек Сапарбаев» және «Ерен де берен Бердібек» кітаптарының тұсаукесері өтті. Онда Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Бауыржан Омаров сөз сөйледі. Жинақтарда қайраткердің өмірі мен қызметінің негізгі кезеңдері, шынайы адами болмысы, тарихи суреттер мен қанаттас, замандас тұлғалардың естеліктері топтастырылған.

Конференцияны ҚР Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова жүргізді. Іс-шараға Бердібек Машбекұлымен бірге қызмет жасаған Президент Әкімшілігінің, Парламенттің, Үкіметтің мүшелері, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қызметкерлері және осы саланың ардагерлері, Кеден комитеті өкілдері, Қызылорда, Түркістан, Абай, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе және Жамбыл облыстарынан, Шымкент қаласынан қонақтар келді. Сонымен қатар ғалымдар, мәдениет өкілдері, мемлекет қайраткерлері және жастар қатысты. Конференцияның алғы сөзінде ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошанов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын оқып берді.

«Бердібек Машбекұлы – Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына және дамуына өлшеусіз үлес қосқан көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері. Ол әр жылдары жоғары лауазымды қызметтерді абыроймен атқарып, еліміздің өсіп-өркендеуіне зор еңбек сіңірді. Бірқатар өңірлерге және мемлекеттік органдарға жетекшілік етіп, парасатты, іскер әрі білікті басшы ретінде танылды. Халықтың ерекше сый-құрметіне бөленді. Ел игілігі үшін аянбай еңбек еткен азаматтардың есімін ұлықтау арқылы өскелең ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелейміз. Қайраткер тұлғаның адами қасиеттері, кәсіби біліктілігі мен адал қызметі жас мемлекеттік қызметшілерге әрдайым үлгі-өнеге», – делінген құттықтауда.Мәжіліс Төрағасы Бердібек Сапарбаевтың қайраткерлік, тұлғалық және адами болмысы туралы естеліктер айтты. «Ол кісінің мәнді де мағыналы ғұмыры бейнелеп айтқанда «аттың жалында, түйенің қомында» өтті деуге болады. Еліміздегі ең қиын салаларға жетекшілік жасады. Бес бірдей облысқа әкім болған Қазақстандағы жалғыз тұлға. Бердібек Машбекұлы сол өңірлерге барлық мәселе күйіп тұрған кезде басшылық етті. Қазір осы 5 облыс дербес 7 облысқа айналды. Ол нағыз кризис-менеджер болды деп айта аламыз. Бердібек Машбекұлы барғаннан кейін сол аймақтардың әлеуметтік-экономикалық жағдайы айтарлықтай оңала бастайтынын бәріңіз білесіздер», – деді Е.Қошанов.

Конференцияда ҚР Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Жақып Асанов, мемлекет және қоғам қайраткері, саяси ғылымдар докторы Қырымбек Көшербаев, Қазақстанның Еңбек Ері Құралай Бәйменова, Қазақстанның Халық әртісі Досхан Жолжақсынов, ҚР Президентінің ғылым және инновациялар жөніндегі кеңесшісі Күнсұлу Закарья және бірқатар белгілі тұлғалар сөз сөйледі.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: