Сенбі, 04 мамыр, 05:05

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№34 — 2044
30.04.2024
PDF мұрағаты

Ата-анасынан бас тартқандар алимент төлей ме?

05.12.2023

329 0

Сурет: Н.Нұржаубай

Біз осы уақытқа дейін ажырасқан отбасылардың балаларына алимент төлеу туралы мәселесін жиі көтерген едік. Енді қарттық шағында өз ата-анасына қолғабыс болудың орнына олардан бас тартқан баласы алимент төлейді. Негізі бұл заң жүйесі біраздан бері қолға алынған. Бірақ бірі білсе, бірі біле бермейді.

Жалпы алименттің бірнеше түрі бар: кәмелеттік жасқа толмаған балаларға төленетін, бұрынғы ерлі-зайыптылардың біріне төленетін, 18 жастан асқан, бірақ еңбекке жарамсыз балаларға төленетін, кәмелетке толған балалар еңбекке жарамсыз ата-анасына төлейтін алимент.

Ата-ана баласынан алимент өндіре ала ма? Әрі қандай жағдайда алимент төлете алады? Осы сұрақтар бойынша біз №1 Қызылорда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орта­лығы мекемесінің заңгері Жәдігер Тәжиевке жолықтық. Неге осы мекеме заңгеріне бардық? Себебі бүгінде қарттар үйінде барлығы 170 адам бар. Солардың үшеуі балаларынан алимент алып отыр.

Заңгер не дейді?

– Егер бала қартайған немесе еңбекке жарамсыз ата-анасын ерікті түрде асырағысы келмесе, ол кезде ата-ана сотқа өтініш бере алады. Бірақ ата-ана құқығынан айырылған адамдар алимент ала алмайды.

Жалпы заңгер ретінде айтар болсам, қауқарсыз қарт ата-аналар өз балаларынан алимент өндіре алады. Өзім осы мекемеге заңгер болып келген кезімде бір азамат алимент алатынын білдім. Ол өзінің жұбайы мен екі ұлынан алимент алып отыр. Ал одан кейін орталықтың екі қызмет алушысы келіп, өтініштерін айтты. Яғни өз балаларынан алимент өндіргісі келетінін жеткізді. Арызы сотқа жолданып, арнайы шешім шығып, осы күні алимент алып отырған жайлары бар, – деді Жәдігер Әкбарұлы.

Маманның айтуынша, соңынан тір­келген екі азаматтың біреуінің ұлы Алматыда, енді бірі Байқоңырда тұрады. Негізі балалары қай қалада тұрса да алимент төлей береді. Тек сол тұрғылықты жерінің сот орындаушысы қадағалап отырады. Сонымен қатар алимент уақы­ты­лы төленуі тиіс. Жұмыссыз қалған жағдайда алимент төлеушінің жағдайы ескеріліп, уақытша тоқтатылады. Бірақ жұмыс тапқан соң қайтадан барлығы өндіріледі.

Тұрғындар қалай қарайды?

Нұрлан Меңлібаев, қала тұрғыны, ішкі істер саласының зейнеткері:

– Өзім осы жақында ғана естідім. Егер баласы ата-анасын қарттар үйіне өткізсе, алимент төлеу керектігі жайлы жаңалықтардан көріп қалғаным бар. Сол сәтте қолдап, дұрыс дедім. Өйткені біз баланы дүниеге әкелгенде қуанамыз, ертең осының қызығын көреміз деп үміт артамыз. Ал қартайған шағында немерелерінің арасында, жылы үйде отырудың орнына кім қарттар үйіне барғысы келеді? Ондай кезде баладан алимент өндірген дұрыс шешім. Бірақ дәл мұндай қарттықтан, қатігез ұрпақтан Алла сақтасын дейміз, – деді.

Балалары бас тартқан қарттар мен 1-ші, 2-ші топтағы мүгедектігі бар адамдарға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетілетін орталықта барлығы 170 қызмет алушы жатса, оның ішінде үшеуі ғана алимент өндіріп отыр. Ал қалған баласы бар қарттарымыз әлі де болса балаларының жағдайын ойлап отырған сыңайлы. Иә, ұрпағың мықты, саналы болмаған соң бәрі бекер…

Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ

Суретті түсірген Н.НҰРЖАУБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: