Жексенбі, 05 мамыр, 05:37

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№35 — 2045
04.05.2024
PDF мұрағаты

«Берен тұлға Бердібек» атты ғылыми-танымдық конференция өтті

25.04.2024

283 0

Бүгін Сыр елінің біртуар перзенті, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Сапарбаевты еске алуға арналған «Берен тұлға Бердібек» атты ғылыми-танымдық конференция өтіп, өткеннің өнегесі дәріптелді. Оқу орнының атриум залына қайталанбас тұлғаның есімі беріліп, салтанатты түрде лентасы қиылды. Тағылымды шарада қайраткердің ғұмырнамасы тереңнен тербеліп, жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді деген тәмсіл жаңғырды.

Конференцияны «Болашақ» университетінің құрылтайшысы, ҚР ҰҒА академигі Бақберген Досманбетов ашып, қайраткердің өмір жолынан сыр шертті. Үзеңгілес досы, әрі әріптесі Бердібек Машбекұлының үлкен отбасының қарапайым қасиетін тұла бойына тұндырып, құла төбел еңбекпен есейіп, қызметін жұмысшыдан бастап, білім-білігімен биіктерді бағындырған басшы болғандығын жеткізді.

Расында, Бердібек Машбекұлы белгілі ғалым ретінде қаржылық талдау мен сараптаудың сара жолын салған саңлақ еді. Өйткені оның алғашқы нәтижесін туған жері – Қызылорда облысында дәлелдеді. Ол кеден саласының заңды мәртебесін бекіткен ерен тұлға болды. Сонымен қатар, еліміздің ахуалы ең ауыр өңірлерін. дамудың даңғыл жолына салды. Қайраткер басқарған бес облыс бүгінде жеті аймаққа айналды.

Қай жерде, қай лауазымда болса да халықтың ыстық ықыласын бөленген азаматтың парасатты биігі, іскерлік ірілігі, ұйымдастырушылық қабілеті ел жадынан өшпейді. Өйткені халық оған «Ерен де берен Бердібек» деген анықтама берді.

Конференцияда Қызылорда қаласының әкімі Серік Қожаниязов мемлекеттік қызметтегі ұстазы жайында ұлағатты ой айтты.

– Мен қала әкімі ретінде бір мәселеге айрықша тоқталғым келеді. Бердібек аға облыс басшысы кезінде «Оңтүстік жылу электр» орталығында оқыстан апат орын алды. Қаланың жылусыз қалу қаупі туындады. Қаржының қиындығына қарамастан Бердібек Машбекұлы батыл шешім қабылдап, жуық арада жылу орталығы қайта іске қосылған еді. Өте сапалы жасалған жұмыс бүгінгі күнге дейін сыр бермей келеді. Ардақты ағаның ерекше қасиеті біз үшін үлкен мектеп, өмірлік тәжірибе – деді, Серік Салауатұлы.

Мұнан кейін елағасы Шаһизада Әбдікәрімов, ғалымдар Нұрлан Көбегенұлы, Ирина Ким, Әлима Жақыпқызы және облыстық мәслихат депутаттары Балжан Мөрәліқызы, Әмір Шаймағамбетов, бауырлары атынан Әлібек Машбекұлы мәнді сөз, мағыналы ойларын көпшілікке жеткізді. Болашақта Бердібек Машбекұлының елге сіңірген ерен еңбегін, артына қалдырған мәңгілік мұрасын педагогикалық және экономикалық бағытта ғылыми зерттеу жасау жайлы ұсыныстар айтылды.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: