Бейсенбі, 25 сәуiр, 12:30

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Декларацияны кімдер тапсырады?

10.01.2023

2525 0

Сурет ашық дереккөзден алынды

Биылдан бастап жалпыға бердей декларация тапсырудың екінші кезеңі басталды. 2021 жылы бұған алғаш болып лауазымды мемлекеттік қызметкерлер, мемлекеттік функцияны орындауға уәкілетті және оларға теңестірілгендер мен олардың жұбайлары міндеттелді. Ал биыл кімдер тапсырады?

Биылдан бастап жалпыға бердей дек­ларация тап­сы­ру бюджет қызметкер­леріне – мұғалімдерге, дәрігерлер­ге, спорт және мәдениет өкілдеріне, квази­мем­лекеттік және ұлттық компа­ния­лар­дың қызметкерлеріне қатысты. Келер жылдың 1 қаңтарынан бастап заң­ды тұлғалардың басшылары және олар­­дың жұбайы, жеке кәсіпкерлер мен олардың жұбайы декларациялауға жатады.

Ресми дерек көзіне сүйенсек, жал­пыға бірдей декларациялау жүйесінің алғашқы жылына енгендер қаржы ми­нистрлігі бекіткен 250-нысан бойын­ша активтер мен міндеттемелер туралы декларация ұсынуға міндетті.

Айта кетерлігі, жалпыға бер­дей декларация тапсырудың алғашқы жылында 250-нысанды толтыру тапсырылады. Мұнан кейін жыл сайын 270-нысанды толтырып отыру қажет.

Ал 250-нысанда қандай мәліметтерді көрсетесіз дегенге келсек, бұл туралы «Егемен Қазақстан» газетіне егжей-тег­жейлі жарияланды. Біріншіден, мұнда Қазақстаннан тыс жер­лердегі мүліктер көрсетілуі керек. Оларға жылжымайтын мүлік, жер учаскелері және жер үлес­тері, әуе және теңіз кемелері, ішкі суда жүзу кемелері, «өзен-теңіз» жүзу кемелері, көлік құралдары арнайы техника және тіркемелер, елден тыс жер­лердегі шетелдік банктердегі есеп­шоттардағы ақша, елден тыс жер­де құрылған заңды тұлға­ның жарғылық капиталына қаты­су үлесі жатады. Сондай-ақ дек­ларацияда Қазақстан Рес­пуб­­­ликасындағы және одан тыс жерлердегі мүліктер көр­се­тілуі керек. Бұған тұрғын үй құ­рылысына үлестік қатысу ту­ралы шарт бойынша тұрғын үй ғимаратындағы үлес, бағалы қа­ғаздар, қаржы құралдары, ин­вес­­тициялық алтын, зияткерлік мен­шік, авторлық құқық объек­тілері, қолма-қол ақша, басқа тұлға­лардың жеке тұлға алдын­дағы берешегі және жеке тұл­ғаның басқа тұлғалар алдын­дағы берешегі жатады. Сонымен қатар декларацияда сенімгерлік бас­қаруға берілген мүлік көрсетілуі тиіс.

Айта кетелік, бірінші жылы салық төлеушілер 250-нысан­ды толтырса, келесі жылы 270-нысан бойынша декларация тап­сырады. Кейіннен «кіру декларациясында» көрсетілген мү­лік және ақша қаражаттары туралы мәліметтер ірі сатып алу немесе мәміле кезінде растау құжаттарының орнына жүре алады. 250-нысанның декларациясы жалпыға бер­дей декларациялау жүйесі­не кірген күнге барлық активтер мен міндеттемелерді тіркеуге арналған болса, 270-ны­санның декларациясында өт­кен күнтізбелік жылдың мәлі­меттерін көрсету қажет. Яғни өткен жылы не сатып алып, нені иеліктен шығарғанын түгел көрсету қажет.

Заң бойынша декларация тапсырудың екі мерзімі бар: қағаз жүзінде тапсырса, 15 шіл­деден кешіктірмеу керек.  Ал электронды түрде 15 қыр­күйекке дейін тапсыруға бо­лады. Декларация электронды құжатпен мемлекеттік кірістер комитетінің «Салық төлеушінің кабинеті» (cabinet.salyk.kz), электронды үкімет (egov.kz), сондай-ақ eSalyq azamat мобильді қосымшасы арқылы жіберуге бо­лады. Ал қағазбен тапсырылса, салық органына, ХҚКО-ға немесе поштаға бару керек.

Тағы бір атап айтарлығы, декларацияны ұсынбағаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарас­тырылған. Бірінші реет ескерту берілсе, екінші ретінде 15 АЕК, толық емес мәліметтерді көр­сеткені үшін 3 АЕК мөлшерінде айыппұл арқалайды.

Жалпыға бірдей декларация тапсыру не үшін қажет? Көлең­келі экономикамен, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресуді, бюджетке қосымша түсімдерді қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асуда. Салық органдары салық төлеушінің бастапқы дек­ларациясын және кейінгі дек­ларацияларда не көрсетілгенін салыстырады. Егер азамат кіріс көздерін растай алмаса, онда ол осы сомадан салықтың 10 пайызын төлеуге мәжбүр болады. Бақылау 2025 жылдан кейін басталады. Бұл кезде халықтың барлық санаты жалпыға бірдей декларация тапсырады.

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: