Жұма, 29 наурыз, 14:54

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№24(2034)
23.03.2024
PDF мұрағаты

«Діни таным және тәжірибенің не екенін салыстыра білуді үйретеді»: Қазақстан мектептерінде дінтану сабағында не оқытылады? 

08.09.2022

606 0

Қазақстандық мектептерде дінтану 2004 жылдан бері оқытылады. Алғашында факультативті курс ретінде енгізілген бұл пән 2016 жылдан бастап міндетті пәндер қатарына қосылды. Алматы қаласы дін істері басқармасы балалар бұл сабақта не оқып, не үйренетіні жайлы айтып берді.  

Мектептегі дінтану пәнін оқытудағы әлемдік тәжірибе

Қазақстанда дінтану курсы 2004 жылдан бастап 10-сыныптарда енгізілді. 2009 жылы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының III съезінен кейін «Дінтану негіздері» пәнін енгізу туралы шешім қабылданды.

Ал әлем елдерінде 1990-жылдардан бастап дін мектеп бағдарламасынан шығарыла бастады. Дегенмен 2001 жылдың 11 қыркүйегінде АҚШ-та болған терракт пен діни экстремизм қаупінің артуынан кейін білім беру бағдарламасы қайта қаралды. Үздіксіз талқыдан кейін әлемнің 70-тен аса мемлекеті мектептерде дінтану сабағын оқыту қажет екенін мойындады.

Дінтану мемлекеттің дін саласындағы саясатына негізделеді

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің дінтану және мәдениеттану кафедрасының меңгерушісі Айман Құрманалиеваның сөзінше, «Дінтану негіздері» пәні 2009-2010 оқу жылында жалпы білім беретін мектептердің 9-сынып бағдарламасына енгізілген. Осы уақыттан бастап мектеп қабырғасындағы дінтану пәні туралы айтуға толық негіз бар.

«Дінтану пәнінде білім алушыларға зайырлылық принципін мемлекеттің бұлжымас құндылығы екенін үйрету маңызды. Пән аясында мемлекеттің тұрақтылығын, қауіпсіздігін сақтаудағы зайырлылықтың қаншалықты маңызды екенін тарқата түсіндіріп беру, діни сенім бостандығы ұғымы, әлемдік және дәстүрлі діндер, жаңа діни қозғалыстардың тарихы мен қазіргі жай-күйі туралы объективті хабардар ету қажет. Сонымен қатар теріс діни ағымдар мен тыйым салынған діни ұйымдар туралы жан-жақты білімін қалыптастыра отырып, қоғамға діни негізде болуы мүмкін қатерлердің себептері мен салдарын түсіндіру, сол арқылы жастардың бойында мәселелерді еңсеруге «иммунитет» қалыптастыратындай білім берілуі тиіс», – дейді Айнұр Дүрбелеңқызы. 

Дінтану пәнінің маңызы мен мақсаты туралы сөз еткен ол дін мен тарихтың өзара байланысты ұғымдар екенін атап өтті. 

«Дінтану мемлекеттің дін саласындағы саясатына негізделеді. Сонымен қатар ықылым заманнан бергі тарихтағы діндердің қазақ даласында бой көрсетіп, мәдениетімізде қаншалықты көрініс тапқанын бағалау да маңызды. Әрі Әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи, Абай, Ыбырай, Шәкәрімнің рухани мұралары арқылы ел тарихындағы діннің рөлі мен оның жеке тұлғаны жан-жақты қалыптастырудағы маңызы ашылады. Оқушылар тарихпен тәрбиелене отырып, еліміздің өткені мен бүгінін ажыратып, діннің адам өміріндегі, мәдениет мен өркениеттегі орнын бағалай алады», – деп қосты Айнұр Құрманалиева. 

Оқушылардың сыни ойлау тұрғысынан сүзгіден өткізе алу қабілетін қалыптастыруы керек

Маманның сөзінше, дінтану пәнінің мұғалімдеріне қойылатын негізгі талап – ғылыми объективтілік және жоғары кәсібилік. Сондай-ақ мұғалімге пәнді үйрету кезінде өзінің діни көзқарастарын таңуға құқығы жоқ, дейді ол.

«Дінтану пәнінің мұғаліміне де мектеп бағдарламасындағы басқа пән ұстаздарына қойылатын талаптар ортақ. Бұған қоса пән мұғалімі оқушыларға діннің мәні, тарихы және оның қазіргі қоғамдағы атқаратын қызметі мәлімет беруі, зайырлылық тұрғысынан діни сана-сенім, діни таным және тәжірибенің не екенін салыстыра білуді үйретуі қажет. Оқушыларды діни сенім бостандығын құрметтеп, толеранттылық мәдениетіне баулуы маңызды. Сонымен қатар білім алушыларға электронды ресурстар мен діни әдебиеттердегі мәліметтерді таңдаусыз жұта бермей, сыни ойлау тұрғысынан сүзгіден өткізе алу қабілетін қалыптастыруы керек», – деді маман. 

Педагог «Зайырлылық және дінтану негіздері» пәнін оқыту кезінде түрлі тапсырмаларды шешіп, ойын форматындағы тапсырмалар мен жеке жұмыстар орындалатынын қосып өтті. 

«Мектеп қабырғасында оқыту тәсілдері бойынша Министрлік тарапынан көптеген шаралар қолға алынған, бұл ұстаздардың цифрландыру аясындағы біліктілігін арттыру курстары, педагогикалық шеберлікті шыңдау технологиялары және т.с.с. көптеген тренинг, семинарлар үздіксіз және жүйелі түрде өткізіледі. Дінтанулық білім берудегі әдіс-тәсілдерге келсек, олар  әр түрлі тапсырмаларды шешу жолдары, ойын форматындағы тапсырмалар, топтық, жұптық және жеке жұмыс түрлері, мәтін талдау, ситуативті тапсырмалар, жобалар әдісі және т.с.с. бүгінгі таңдағы оқушының біліктілігін шыңдауға, жеке көзқарасын, сыни ойлауын қалыптастыруға ынтасын оятатын тәсілдерді атауға болады», – деп толықтырды ол.

Дінтану пәнін оқыту кезінде оқушылардың арасында түрлі көзқарас туындайды. Айнұр Дүрбелеңқызы мұның «қалыпты жағдай» екенін мәлімдеді. 

«Адамзаттың, әлемнің пайда болуы туралы пікірталастар бүгін ғана пайда болған мәселе емес. Ол адамзат пайда болғалы бергі шешімін таппаған мәселе. Ғылымда «Үлкен жарылыс теориясы», дінде Жаратушының «ісі» деп анықталады. Ғылым өзгереді, теориялардың ақиқат пен жалғандығына көз жеткізу үшін уақыт керек болып жатады. Дінтану пәнінде қалыптасқан классификация бойынша берілген діндер туралы мәлімет ұсынылып, әр дін бойынша діни ілім-қағидаттары, ұстанымдары жеке-жеке талданады. Оқушыларға салыстырмалы талдау жасауға мүмкіндік туады және діндердің әртүрлілігі қарастырылады, дінтану ғылымы тұрғысынан талдау жасалады. Кез келген ғылым бір орында тұрмайды, сондықтан дінтану ғылымы да күн өте талданатын тақырыптар аясын кеңейтіп, қоғам сұранысынан туындаған мәселелерді күн тәртібіне қойып отырады», – дейді маман. 

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: