Жұма, 11 қазан, 20:42

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№80-2090
08.10.2024
PDF мұрағаты

«Ел үшін қызмет етуге дайынмын»

10.04.2021

2434 0

Бұл – осыдан екі күн бұрын Қызылорда қаласына әкім болып тағайындалған Ғанибек Қазантаевтың сөзі. Сыр өңі­ріндегі бас шаһардың жаңа әкімі қалалық мәслихаттың мәжіліс залында өткен актив жиынында осылай деген бо­латын.

Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі мен Қызылорда қалалық мәс­ли­хатының келісімдері бойын­ша облыс әкімінің өкі­мімен Ғанибек Қазантаев Қызылорда қаласының әкімі болып тағайындалды. Аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова Қызылорда қаласы әкімдігінде өткен актив жиынында қаланың жаңа әкімін таныстырып, қызметіне сәттілік тіледі.

Жиында облыстық арда­герлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев жылы лебіз білдіріп, Ғанибек Қонысбекұлына табыс тілесе, қала басшысы ел үшін қызмет етуге дайын екенін айтты.

Жалпы Нұрлыбек Нәлібаев басқа қызметке ауысқан кез­ден бастап, жұртшылық «Қы­зылордаға кім әкім бо­лады?» деп жүрді. Көпшілік Нәлібаевтың орнына кім келсе де қаладағы атқарылған қыруар тірлікті ары қарай алып кете алатын азаматтың келуін қалағаны жасырын емес. Өйт­кені Сыр бойындағы бас шаһарды Нұрлыбек Машбекұлы басқарған тұста Қызылорда адам танымастай өзгерді. Республика көлемін­дегі үл­кен құрылыс алаңдары­ның біріне айналды. 2013-2020 жылдар аралығында қа­лада 194 көпқабатты тұрғын үй салынып, 9164 пәтер пай­далануға берілген. Бұл – осынша отбасы баспаналы болды деген сөз. Елордаға қарап бой түзеген Қызылорда қаласында Сырдарияның сол жағалауын игеру қолға алынды. Бүгінде дарияның арғы беті кәдімгідей шағын қала іспетті. Бұдан бөлек жол жөндеу, жарықтандыру жұмыстары жүрді. 840 ша­қырымды құрайтын 1177 көше жөнделіп, 181 шақы­рымды құрайтын 105 кө­шеге жаяу жүргінші жолы тө­селді. Түнгі жарықтандыру жұмыстары қолға алынып, 159 шақырымды құрайтын 145 көше жарықтандырылды, 184,43 шақырым электр желісі орнатылды. Мемлекеттік бағ­дарламалар негізінде кәсіп­керліктің қанат жаюына жағдай жасалды. Ауыл шаруа­шылығында да ауыз тол­тырып айтатын нәтижелі жұ­мыс жеткілікті. Білім мен денсаулыққа, спорт пен өнерге де қолдау көрсетілді. Қалаға кіретін бағыттың бәріне қақпа орнатылып, жолдары жөнделді. Бір сөзбен айтқанда, Қызылордаға келетін жұрт қызыға да, қызғана да қа­райтын жағдайға жетті. Тұр­ғындар сүйікті қалаларын осы шыққан биігінен түсіп қалмаса деп тілейді.

Ел ағалары Ғанибек Қонысбекұлының да іскер әрі тәжірибелі азамат екенін айтып, Қызылорданы дамы­туға білімі де, білігі де жетеді деген сенім білдіруде.

Әзиз ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: