Сейсенбі, 19 наурыз, 12:39

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№23(2033)
19.03.2024
PDF мұрағаты

Елді қуантқанның несібесі артады

10.04.2021

2092 0

Осы аптада саяжай тұрғындары редакциямызға хабар­ласты. Бұл жолы біз көтерген мәселе бойынша «сең» жүріп, нәтиженің барын қуана жеткізді. Ал оқырмандарымыздың қуанып, алғыс айтқаны – бізге баға жетпес марапат. Себебі халықтың берген батасынан артық құрмет жоқ.

Егер оқырманның есінде болса, өткен жыл­дың соңында редакцияға «Эдельвейс», «Орбита», «Өркендеу» саяжайларының бір топ тұрғындары хат жолдаған болатын. Олар бірталай жылдан бері саяжай мәселе­лерін көтеріп, жан-жаққа өтініш білдірсе де оң нәти­же шықпағанын, тіпті ешбір санақта жоқ екендіктерін жазған едік.

«Ендігі үміттері – біздің редакцияда. Ал кез келген оқыр­манның үміт-тілегі біз үшін маңызды» деп хат ізімен саяжайға барып, тұрғындармен тілдесіп, мақала әзірлеген болатынбыз.

Қаланың іргесінде Шіркейлі каналының жағалауына жақын орналасқан Сұлтантоғай деп аталатын өңір бар. Міне, «Эдельвейс», «Орбита», «Өркендеу» бау-бақшалары осы өңірге қарайтын көрінеді. Тіпті бұл атауларын да халық өздері қойып алған деседі. Өйткені ресми атауы жоқ. Жалпы саяжай жақсы жерде орналасқан. Тұңғыш Президент саябағы орналасқан.

«Эдельвейс» пен «Өркендеу» елді мекендерінің ортасын бір асфальт жол бөліп тұр. Екі жақта жаңадан үйлер салынып, жыл сайын аумағы кеңейіп, қоныстанушылар қатары көбейіп келеді. Мұндағы тұрғындардың көтерген мәселесі – ауыз су, жол, жарық, жылу және қоғамдық көлік. Саяжайлықтардың айтуынша, осы уақытқа дейін әлі күнге дейін халық санағы жүргізілмеген еді.

Былтырғы мақаладан үзінді…

«Қала орталығында жұмыс ат­қарылып жатыр. Әйткенмен шет жағында тұратындардың не кінәсі бар? Олар да газы бар жылы үйде, таза, сапалы ауыз су ішіп, түзу әрі жарық көшемен жүруді қалайды. Ел қатарлы санаққа қосылып, жақсы өмір сүргісі келеді. Саяжай­лықтар енді қашанға дейін қинала беруі тиіс? Ол жақта да біз секілді бір қауым ел бар, ағайын!» деп жазған болатынбыз. Сол кезде мақаланы әзірлеу барысында біз қала әкімдігіне де хат жолдаған едік. Қалалық ішкі саясат бөлімі де хатқа жауап берді.

Хатта былай делінген…

«Ағымдағы жылы «Эдельвейс» саяжайының кіре беріс жолына түнгі жарық шамдарын орнату үшін мемлекеттік конкурс жария­ланды. Сондай-ақ автомобиль жол­дарына жоба сметалық құ­жаттары әзірленіп, 2021 жылы аталған жұмыс жүргізілетін бо­лады. «Өркендеу», «Орбита» саяжайларындағы жол мәселесі мен абаттандыру жұмысы бойынша ұсыныс назардан тыс қалған емес. Жол жөндеу мен абаттандыруға қажетті қаражат көзін қарастыру мақсатында бюджеттік өтінім ұсынылып, қажетті қаражат қа­ралған жағдайда тиісті жұмыс кезең-кезеңімен атқарылатын бо­лады» деп жауап берген болатын қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы С.Әбдіқадіров.

Нәтижесі қандай?

– Түнгі жарықтандыру жұмысы жүріп жатыр. Жарық бағаналары орнатылуда. Сонымен қатар са­нақ жүргізілуде. Кеше ғана үйге құзырлы орган өкілдері келіп, барлығымызды тізімге жазды. Қуанып қалдық. Ал ауыз су күзге дейін болады екен, – деген жағымды жаңалығымен бөлісті «Өркендеу» саяжайының тұрғыны Ағайша Нұрғалиева.

Расында да, көше бойына қырыққа жуық жарық бағанасын орнатуға орын дайындап қойып­ты. Саяжайдағы тірліктің бастал­ғанын көрген тұрғындар елді қуантқанның несібесі артатынын айтып, қуанып жүр.

Тілші түйіні:

Міне, мәселелер рет-ретімен шешілуде. Алдағы уақытта саяжайлықтардың басқа да жақсы жаңалығын жазып тұратын боламыз. Айтпақшы, биыл жыл басында қала әкімінің жылдық есебінде де саяжай мәселелері қамтылды. Сондықтан «оң нәтиже болып қалар, басталған тірлік жалғасын табар» деген тұрғындармен бірге біздің де үмітіміз көп…

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: