Еңбекке уақытша жарамсыздығы бойынша 1 айға төленетін әлеуметтік жәрдемақы 15 АЕК-тен (51 750 теңгеден) 25 АЕК-ке (86 250 теңгеге) дейін ұлғаймақ. Бұл туралы Мәжілістің қарауына енгізілген «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында көрсетілген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Парламенттің төменгі палатасының талқылауына берілген құжатта Еңбек кодексінің бірнеше бабына өзгеріс енгізу ұсынылған. Оның ішінде «Жұмыскерлерге жұмыс берушінің қаражаты есебінен еңбекке уақытша жарамсыздығы бойынша әлеуметтік жәрдемақы төлеу» бабын жаңа редакцияда жазу көзделген.
«Еңбекке уақытша жарамсыздығы бойынша 1 айға төленетін әлеуметтік жәрдемақының мөлшері тиісті жыл үшін айлық есептік көрсеткіштің 25 еселенген мөлшерінен аспауға тиіс. Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне және басқа мемлекеттер аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлерге еңбекке уақытша жарамсыздығы бойынша әлеуметтік жәрдемақы мөлшері жалақының 100% құрайды», – делінген депутаттар қарауына түскен құжатта.
Ал жұмыскер еңбек ету барысында жарақаттанса немесе кәсіптік дертке шалдығып, қызметке уақытша жарамсыз деп танылса, онда оған орташа жалақының 100% мөлшерінде әлеуметтік жәрдемақы төленеді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!