Қазалы ауданының басты сәулет нысандарының бірі саналатын, ғасырдан астам тарихы бар теміржол вокзалы жаңа келбетке ие болды. Күрделі жөндеуден өткен тарихи ғимарат бүгінде жолаушыларға заманауи талаптарға сай қызмет көрсететін, өңірдің көлік инфрақұрылымындағы маңызды нысанға айналып отыр.
Жуырда қайта жаңғыртылған Қазалы теміржол вокзалы салтанатты түрде пайдалануға берілді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Қазалы ауданының әкімі Алмасбек Есмаханов мәлімдеді.
«Биылғы жылы теміржол саласында жүзеге асқан ауқымды жобалардың бірі вокзалдың күрделі жөндеуі болды. 125 жылдық тарихы бар ғимаратты қайта жаңғырту жұмыстарына «Қазақстан Темір жолы» компаниясы тарапынан қаржы бөлінді. Жөндеу барысында вокзалдың тарихи келбеті сақтала отырып, инженерлік жүйелері толық жаңартылып, жолаушыларға қолайлы жағдай жасалды. Күту залдары, қызмет көрсету орындары, кіреберіс аумағы және ішкі инфрақұрылымы заман талабына сай қайта жабдықталды. Бұл жұмыстар өткен жылдың басында пайдалануға берілген тағы бір маңызды инфрақұрылымдық жобаның заңды жалғасы болды. Атап айтқанда, «Қазақстан Темір жолы» ұлттық компаниясының қаржыландыруымен жалпы құны 1,3 млрд теңгені құраған теміржол үстінен өтетін жаңа жаяу жүргіншілер көпірі салынды. Қаңтар айында ел игілігіне берілген аспалы көпір тұрғындар мен жолаушылардың қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етіп, теміржол маңындағы көлік және жаяу жүргіншілер қатынасын едәуір жеңілдетті. Сонымен қатар вокзал маңын абаттандыруға жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, аумақ толықтай жаңартылды. Жаяу жүргіншілер жолдары төселіп, жарықтандыру жүйелері жаңғыртылды, көгалдандыру және көріктендіру жұмыстары жүргізілді. Соның нәтижесінде вокзал маңы тұрғындар мен жолаушылар үшін қолайлы әрі көркем қоғамдық кеңістікке айналды», – деді аудан әкімі.
Өңірлік коммуникациялар қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
