Сейсенбі, 19 наурыз, 11:29

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№23(2033)
19.03.2024
PDF мұрағаты

Ғарышқа қанат сермеп…

10.04.2021

2149 0

Егемендіктің қазақ еліне сыйлаған мүмкіндігі ұшан-теңіз. Тәуелсіздік алғалы көрші мемлекеттермен ара-қатынасты нығайту, білім-ғылымды игеру секілді маңызды қадам халықтың келешегіне әсер еткені анық. Соның бір айқын дәлелі отандық ғылымның ғарыш танымын бағамдауы екені сөзсіз. Өткен ғасырда ғалымдар әлемге танымал «Байқоңыр» ғарыш кешіні арқылы кең кеңістікке талпынып, жер кіндігінің кереметін таныған-тұғын. Биыл адам баласының заңғар көкке самғап, ғарышқа ұшқанына 60 жыл толып отыр. Бүгінде ғарыш айлағы стратегиялық маңызға ие нысан қатарына еніп, аймақ туризмін дамытуда негізгі қозғаушы күшке айналуда.

Қазақ жұрты үшін ғарышқа қадам 1991 жылы басталды. Қазақ перзенті Тоқтар Әубәкіров алғаш кеңістікке аттанып, бар алаштың үмітін арқалады. Жерден ұзаған ұлдың сапарына ел болып сәттілік тілеп, аман-есен оралуын тіледі. Халық сенімін еншілеп ұшқан азамат жеті тәуліктен соң Жерге қаһарманы болып оралды. Бұл күн ел тарихында алтын әріппен қалғаны анық. Енді, міне, ғасыр жаңалығына баланған айтулы оқиғаға да 30 жыл.

Осы аралықта үш қазақ ғарышкері кең кеңістікке сапарлап, қазақ ғылымына елеулі үлес қосты. Мысалы, Талғат Мұсабаев ғарышқа 3 рет ұшып, онда 341 тәулік өткізсе, Айдын Айымбетов ғарышта радиацияның салдарын сынау және Арал мен Каспий теңіздерінің экологияға әсеріне қатысты салмақты зерттеу жүргізгені белгілі.

Сондай-ақ тәуелсіздік жылдары ұлттық ғарыш агенттiгi жүйелі жұмыс атқарып, көптеген жобаның қолданысқа енуіне басымдық берді. Бұл саладағы маңызды жетістік – «KazSat» ғарыштық байланыс жүйесінің жарыққа шығуы. «KazSat-2», «KazSat-3» атауымен сатылай жаңарған ғарыш байланыс жүйесі Қазақстандағы спутниктік байланыс пен телерадио саласына ықпал жасап, шалғайдағы елді мекенге ұялы байланыс қызметін жеткізуге түрткі болды. Бүгінде өзіміз білетін «Отау ТВ» жүйесінің жұмысын да осы «KazSat» атқарады. Ішкі нарықты қамтумен бірге, шетелдік спутниктерді пайдалануды азайтуға итермелеген қа­дам – тәуелсіздік жылдарындағы ең ауқымды жобаның бірі.

Бастама тек телерадио саласындағы игілікпен шектелмейді. Қазақстан қол жеткізген «KazEOSat-1», «KazEOSat-2»-нің жерді қашықтан зондтауға ар­налған спутниктері де нәтижелі жеміс беруде. Спутниктер жерді пайдалану, ауыл шаруашылығы, ұлттық қауіпсіздік, экология секілді салаларда нақты әрі жедел ақпарат беруді қамтамасыз етіп келеді. Жаңа технология мен ғаламдық ізденіс құрылғыларды жетілдіруге мүмкін­дік беруде.

Кейінгі ғалымдар «Ғарышты игеру – адамзат ақыл-ойының ең ұшар биігіне қадам жасау» деп баға беруде. Әрине, пәлсапалық мәнде естілгенімен, айтылған тұжырымда салмақ бар. Кеңістікті игерген мемлекеттің келешегі жаңа арнада дамып, болашақ буын жетілген қоғамда өмір сүре алады. Сондықтан тәуелсіз Қазақстанның ғарыш саласындағы жетістігі жарқын болашаққа бағытталғанын түсінген жөн.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: