Бейсенбі, 25 сәуiр, 15:57

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Халық санағы: Кезең көрсеткіші

17.07.2021

900 0

Қазақстан экономикалық әл-ауқат тұр­ғысынан Орта Азиядағы көшбасшы мемлекет санатына енгенімен, демографиялық өсім жөнінен оң нәтижеге жете алмай келеді. Мәселен, 30 жылда елдегі халық санының артуы небары 13 процентті құраса, көршілес «ала шапанды» ағайынның көбею көрсеткіші 60 проценттен асып жығылған. Әрине, жағдайдың мұнша өзгеруіне әлеуметтік мәселе мен мемлекеттік идеологияның басым ықпалы болғаны анық. Алайда ел болашағына тікелей әсер ететін фактор – халық санын қадағалау, жүйелі сараптама жүргізу ұлттық қауіпсіздік деңгейіндегі қадам есебінен айнымауы шарт. Осы орайда биыл 1 қыркүйек пен 30 қазан аралығында жүргізілетін халық санағы елдегі көптеген басым бағыттағы көрсеткішті жаңартады деп жоспарлануда.

Алдымен халық санағының мемлкеттің даму деңгейіне нендей қатысы барын саралап көрелік. Жалпы санақтың атқаратын қызметі сан алуан. Ең маңызды қызметі – тұрғындар туралы толыққанды ақпарат алу. Яғни, белгілі бір уақыт аралығында жүргізілген санақ жұмысы мемлекеттегі халықтың демографиялық, экономикалық, әлеуметтік жағдайы туралы ақпарат алуға көмектеседі. Оған қоса жалпыұлттық статистикалық сараптау арқылы мемлекеттің алдағы  даму бағыты айқындалып, әлеуметтік бағ­дарламаларды жоспарлауға ықпалы зор. Сондай-ақ тұрғындардың гендерлік құрамы, табыс көлемі, урбанизация деңгейі секілді сатылар да санақ барысында сараланады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың да науқанға маңыз беріп, тіпті реформалар жөніндегі жоғары кеңестің үшінші оты­рысында Ұлттық санақты ұйымдастыру мәселесіне назар салуының басты себебі осында жатыр.

Дәстүрге сәйкес, Қазақстанда халық санағы екі жыл бұрын, яғни 2019 жылы өту тиіс еді. Алайда түрлі себептерге байланысты аталған науқан алдымен 2020 жылға, кейін індеттің салдарынан 2021 жылға шегерілді. Осылайша, биыл мемлекеттің әлеуметтік бедерін айқындайтын Ұлттық санақ өтеді деп белгіленді. Нақты уақыты да белгілі. 1 қыр­күйек пен 30 қазан аралығы.

Кешіккен санақ

Халықтың тыныс-тіршілігін та­ра­зыға салған Ұлттық санақ он­жылдық шеңберіндегі айтулы сәт. Егемендік еншілегелі үшінші мәрте өткелі отырған науқанның бүгінгі ұраны – «Қазақстанда әркім маңызды». Расында, санақ кезінде әр­бір тұрғынның маңызы мен міндеті еселеніп, жауапкершілік жүгі артатыны айқын. Шынайы ақпарат беру, Ұлттық санаққа кедергі келтірмеу, толыққанды қатысу негізгі қадам саналады. Тіпті ұйымдастырушылар халықтың науқанға толық қатысуы үшін барлық жағдайды қарастырып, қалауы бойынша онлайн немесе офлайн форматта қызметті пайлануға жол ашыпты.

Бұған дейін науқанның өту барысы туралы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының төрағасы Қайрат Келімбетов мынадай пікір білдірген еді:

«2021 жылғы ұлттық халық са­нағының жаңалығы қазіргі заманғы цифрлық технологияларды енгізу және процесті автоматтандырудың енгізілуі. Енді популяция туралы мәліметтерді жинау процесі екі жолмен жүзеге асырылады. Бірінші әдіс sanaq.gov.kz арнайы сайтында интернет-сауалнама жүр­гізу, ол вир­туалды көмекшінің кө­мегімен респонденттерге ор­на­ласқан жеріне қарамастан өз­дігінен санақ жүргізуге және өзіне және отбасы мүшелеріне санақ парақтарын толтыруға мүм­­кіндік береді. Екіншісі – қа­жетті санитарлық нормаларды сақ­тай оты­рып, дәстүрлі жаппай ара­лау онлайн-режимде санақтан өт­пеген респонденттер арасында жүргі­зілетін болады. Бұл шараларды қа­­зан айында өткізу жоспарланған», – деді төраға.

Sanaq.gov.kz

Белгілі болғандай, биыл сауалнама парақтарын онлайн режимде өз бетінше немесе үй-үйді аралау кезінде офлайн толтыру мүмкіндігі қарастырылған. Оған қоса, 1 қыркүйектен бастап «Sanaq.gov.kz» сайты жұмысын бастайды. Мұнда қазақстандықтар 15 қазанға дейін онлайн режимде сұрақтарға жауап беруіне болады.

Әсіресе, Ұлттық статистика бюро­сы санақты өткізу процесін авто­маттандыру, заманауи сандық тех­нологияларды енгізу ісінде оң шешім тапқан секілді. Мамандардың сөзінше, Ұлттық санақ жүргізуге арналған «Sanaq.gov.kz» сайты тиісті мәліметті жинауға толық қауқарлы. Жүйе тәу­лігіне 24 сағат бойы қолжетімді болмақ. Респонденттің санаққа қатысу үшін өзіне ыңғайлы кез келген уақытты таңдап, сайтта бланкты толтыруды тоқтату немесе кейін қайта жалғастыру мүмкіндігі болады. Оған қоса egov.kz электронды үкімет платформасында «Sanaq.gov.kz» сайтының қосымша парағы орналастырылады, ол арқылы халық электронды цифрлы қолтаңбаны қолдану арқылы санаққа қатысады. Сондай-ақ ел азаматтары «Aitu» мобиль­ді қосымшасы арқылы да Ұлт­тық санаққа қатысу мүмкіндігіне ие. Аталған сайт пен қосымшалардың ар­тықшылығы, тұрғындар орналасқан жеріне қара­мастан виртуалды көмекші­нің кө­мегімен санақты өздері және отбасы мүшелері үшін жүргізе алады.

Тағы айта кетерлігі, Ұлттық санақ кезінде 1446 бірыңғай Call-орталығы жұмыс істейді. Ол елдің барлық ау­мағындағы мобильді және стационар телефондар үшін бірыңғай нөмір болып белгіленіп, қоңырау шалу тегін жүзеге асады. 

Әлемде кибер шабуыл қаупі өр­шіген тұста электронды ресурс­тардағы мәліметтердің қорғау өте маңызды. Әсіресе, Ұлттық санақ кезіндегі құпиялық пен қауіпсіздік еселенетіні тағы бар. Соған орай Sanaq.gov.kz сайтын қорғау үшін ең ірі арнайы коммерциялық сертификаттау орталықтарының бірі – Sectigo SSL сертификаты сатып алынған екен. Онда пайдаланушы мен сервер арасында деректер алмасу қорғалған https хаттамасы орнатылған. Оған қоса ұйымдастырушылар «Ақпараттандыру туралы» заңына сәйкес, тоқсан сайын кемшіліктердің бар-жоғын зерт­теу, ақпараттық жүйенің ақ­парат­тық қауіпсіздік талаптарына сәй­кестігіне сынақ жұмысын жүргізеді. Демек қазақстандықтардың берілген ақпарат үшін  алаңдауына себеп жоқ деген сөз.

Санақты офлайн – дәстүрлі фор­матта өткізу науқанның негізгі бөлігі ретінде қалмақ. Науқанға қатысатын қызметкерлер санақты санитарлық нормаларды сақтай оты­рып, 2021 жылдың 1 қазанынан 30 қазанына дейін жүргізетін болады. Алдын ала дерекке сәйкес, дәстүрлі жалпы аралау 1-30 қазан аралығында өтеді деп жоспарланған. Дәстүрлі аралау белгіленген мерзім ішінде санаққа онлайн қатыспаған тұрғындар ара­сында жүргізіледі. Бұл кезеңнің жаңалығы интервьюерлердің үй ара­лау кезінде электронды планшет қолдануы. Бұл санақ жүргізетін қыз­меткерлердің еңбек шығынын тө­мендетуге, мәліметтер сапасына адам факторының ықпалын азайтуға, ЖСН енгізе отырып, санақ мәліметтерінің нақтылық деңгейін арттыруға, қағаз бен кеңселік құралдарды үнемдеуге көмектеседі.

Cауалнама сыры

Ұлттық санақ кезінде тек тұрғын­дардың саны ғана нақтыланбайды, көптеген әлеуметтік, экономикалық шкала бойынша көрсеткіш нақты­ланады. Мұндай нәтижеге қол жет­кізудің төте тәсілі – сауалнама жүргізу. 2009 жылғы санақта 73 сұрақ болса, биыл Ұлттық санақ кезінде барлығы 87 сұрақ қойылады. Кезекті санақта көші-қон, еңбекпен қамту, неке жағдайы, бала туу және тіл білуі бойынша сұрақтар аясы кеңейтілген. Аталған өлшемдер бойынша жалпыхалықтық деңгейде жиналған ақпарат құнды мәлімет көзіне айналып, халықтың әлеу­меттік тұрмысын бағалау жаңа сипат алады.

Сондай-ақ сынаққа БҰҰ-ның мүге­дектік статистикасы жөніндегі Вашингтон тобы ұсынған жаңа сұрақтар қосылыпты. Осы орайда сәл шегініс жасап, бірнеше жыл бұрын БҰҰ мен Қазақстан Үкіметі тұрақты даму мақсаттары бойынша жаңа ынтымақтастық бағдарламасына қол қойғанын білеміз. Аталған бағдарлама бойынша Қазақстан адам капиталының дамуы және тең құқылы қатысуы, тиімді институттар, адам құқықтары және гендерлік теңдік, инклюзивті экономикалық өсу мен экологиялық тұрақтылық секілді басты бағыттарды анықтаған болатын. Кезекті Ұлттық санақ нәтижесі осы басым бағыттардың елдегі көрсеткішін нақтылауға жол ашпақ. Осылайша, халық сана­ғы­­ның нәтижесінде мемлекеттік сая­сат, стратегиялық құжаттар мен бағдар­ламалардың алдағы жоспары нақтыланады.

P.S. Сонымен Ұлттық санақ халықтың демографиялық көрсеткішін ғана емес, экономикалық-әлеуметтік ахуалынан хабар беретін құнды бастама болмақ. Келер науқан егемен елдің ендігі онжылдықтағы тағдырын айқындайтын шешімдерге түрткі боларына сенім мол.

Берен Шағыров

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: