Бейсенбі, 25 сәуiр, 09:05

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Кибербуллинг – әлемді алаңдатқан мәселе

18.09.2021

1318 0

Мәжілісте балалар құқығын қорғайтын жаңа заң жобасы қарастырылуда. Жаңа заң жобасы бойынша шетелдік желілер мен мессенджлерге шектеу қойылмақ. Қазіргі кезде депутаттар әлеуметтік желі жұмысының нақты ережелерін белгілеуді ұсынды.

XVII «Еуразиялық Медиа форумда» Қазақстанның ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева аталған мәселе бойынша министрлік тарапынан жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталды.

– Интернеттің белсенді дамуымен әлем кибербуллинг проблемасына тап болды. Кибербуллинг – бұл заңмен тоқтатылуы керек агрессияның бір түрі. Министрлік бұл бағытта жоспарлы жұмыстар жүргізіп жатыр. Біз әлеуметтік желілердің ішкі ережелерін құрметтейміз. Адамның ар-намысы мен қадір-қасиетіне зиян келтіретін заңсыз контент қолжетімді болмауы тиіс деп санаймыз. БҰҰ қарарымен қабылданған адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының кіріспесі дәл осы құндылықтардан басталады, – деді министр.

Қысқасы, алдағы уақытта Қазақстанда әлеуметтік желідегі жауапкершілік күшейіп, адам құқығын қорғау одан әрі нығаймақ. Бірақ қазіргі кезде қоғам ішінде желіде жала жабу, балағаттау фактілері кездесіп жатады. Оларды жауапсыз қалдыруға да болмайды. Жалпы бүгінгі күні Қазақстандағы әлеуметтік желідегі жауапкершіліктің деңгейі қандай?

3 ЖЫЛДА 6 АДАМ СОТТАЛҒАН

Әлеуметтік желіні бір шолсаңыз, біреуді балағаттаған, жазықсыз жала жапқан адамдарды байқайсыз. Олар түрлі сөз немесе жазба арқылы екінші бір тұлғаның құқығына нұқсан келтіріп, қорлық көрсетіп жатады. Бұл орайда желі арқылы адам денсаулығына нұқсан келтіретіндер де жоқ емес.

Мысалы, соңғы кездері желіде аса танымалдыққа ие болған «пранк» үшін де жауапқа тартылуы мүмкін. Жалпы кибербуллинг – белгілі бір уақыт ішінде психологиялық зақым келтіру мақсатында қасақана жасалған агрессивті іс. Мұндай іс-әрекеттер әлеуметтік желіде, веб-сайттарда, электронды пошта мен SMS хабарламаларда кездеседі.

Бұл мәселеге қазіргі таңда Біріккен Ұлттар Ұйымы баса назар аударып, ол үшін жауапкершілікке тарту жолдарын қарастыруда. Зорлық-зомбылықтың барлық түрінің құрбаны болған адамдар, соның ішінде қорқыту мен балағаттау, сондай-ақ кибербуллингге тап болғандар құқығы бұзылғандар ретінде шағымдануға құқылы.

Қазіргі кезде Қазақстанның құқықтық тәжірибесінде «әлеуметтік желідегі құқықбұзушылық» тұжырымы бар болғанымен, ол үшін қылмыстық кодекста арнайы бап қарастырылмаған. Мұндай іс бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 131-бабы, яғни «Көпшiлiк алдында, бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникациялар желілерін пайдалана отырып қорлау» бабы бойынша жауапқа тартылуда.

Мәселен, «Zakon.kz» сайтындағы мәліметке сүйенсек, Алматы облыстық сотында Қылмыстық кодекстің 131-бабы бойынша 2018 жылы 34, 2019 жылы 22 іс қозғалған. Ал бүгінгі таңда қолданыстан алынып тасталған 130-бап бойынша Алматыда 2020 жылдың 4 айында 8 іс қозғалған. Ал желіде қорлау фактісі бойынша 2018-2020 жыл аралығында 6 адам сотталған. Қызылорда облыстық соты баспасөз бөлімінің хабарлауынша, өңірде мұндай дерек бойынша ешқандай іс тіркелмеген.

ӘЛЕМ ҚАЛАЙ КҮРЕСУДЕ?

Өткен 2020 жылдан бері қараша айының бірінші бейсенбісі халықаралық «Мектептегі зорлық-зомбылық пен қорқытуға, кибербуллингке қарсы күн» деп бекітілді. Бұл шешімді Юнеско мүшелігіндегі мемлекеттер қабылдаған еді.

Юнесконың 2019 жылғы статистикасы бойынша әлемдегі 30 процент оқушы өз сыныптастарынан қорлық көреді екен. Әр 10-шы оқушы кибербуллингтың құрбанына айналып, бұл сан жыл сайын өсіп келеді. Әсіресе, әлемдік пандемия кезінде әлеуметтік желідегі құқық бұзушылық дерегі көбейген.

Өз ортасында буллингке ұшыраған оқушылар сыныпта өздерін «аутсайдер» сезініп, оқу үлгерімі нашарлайды екен. Одан бөлек түнгі уақытта олар ұйықтай алмай, суицид туралы көп ойлайды. Тіпті мұндай әлеуметтік қысымға шыдамай, өз-өзіне қол жұмсайтындар да бар.

Жалпы қоғам ішінде мектептегі бұзақылық, әсіресе, өзгелерден қорлық көруді үлкен өмірге деген бір қадам ретінде қабылдайды. Одан бөлек адам құқығына нұқсан келтірудің алдын алу мүмкін емес деп санайтындар да бар. Юнеско бұл тұжырымды жою үшін және келер ұрпақтың қамы үшін осы бір атаулы күнді бекітті.

Оқушылар арасында кибербуллингтің құрбаны болатындар көбіне шынайы өмірде қорлау мен бопсалауға ұшыраған 11 мен 16 жас аралығындағы жасөспірімдер. Ал бұл тығырықтан шыға алмауына ұстаздар мен ата-аналардың мұндай сәтте дұрыс көмек бере алмауы себеп болып отыр.

«Кибербуллингке ұшыраған адам қандай болады?» деген сұрақ көпшілікті мазалауы мүмкін. Әдетте бізге қарапайым дүние болып көрінгенімен, бұл құқықбұзушылық адамға қатты әсер етеді. Мұндай жағдайда адамда бас пен іш ауруы, ұйқы проблемасы мен мазасыздық пайда болады. Одан бөлек, адамның бір мезетте қоғамнан бөлектенуі, шынайы өмірден алыстап, онлайн ойындарға әуестенуі де байқалады. Сондай-ақ оның сүйікті заттарының аяқасты жоғалып кетуі немесе ол заттан бас тартуы да қоғамдық қорлықтың симптомы болып табылады.

Бүгінде бірнеше мемлекет бұл құқықбұзушылықтың әкелер қатерін түсініп, арнайы заң қабылдаған. Мәселен, 2007 жылы Оңтүстік Кореяда кибербуллинг жасағандарды жауапқа тарту үшін арнайы заң қабылданды. Ал Францияның білім министрі 2011 жылы мектеп мұғалімдерін оқушылардың желідегі жазбаларына зерделеу

жұмыстарын жүргізуді міндеттеген. Германияда «жасөспірімдердің құқығын қорғау» заңы бойынша желіде боп-салаған ересектер 10, жасөспірімдер 5 жылға бас бостандығынан айырылады.

P.S. 2020 жылы Қазақстанның 143 жасөспірімі өз-өзіне қол жұмсаса, 306 кәмелетке толмаған бала суицид жасауға әрекеттенген. Ал өзіне қол жұмсаған жасөспірімнің 80 процентінің себебін анықтау мүмкін емес екен. 2018 жылы Ұлттық денсаулық сақтау орталығы жүргізген сауалнамада 11-15 жас аралығындағы әр 5-ші бала буллинг құрбаны болғанын айтқан. Еліміздегі статистика мәз емес. Сондықтан бұл заңның елде қабылданғаны, қай жерде болсын адам құқығы қорғалғаны керек. Себебі еліміздің басты құндылығы – адам.

Аслан ЖАЙҚОНЫСҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: