Сенбі, 04 мамыр, 01:17

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№34 — 2044
30.04.2024
PDF мұрағаты

Киік атуға рұқсат берді, сотты болғандар рақымшылық ала ма?

05.12.2023

379 0

Сурет: ulysmedia.kz

Қоғамда қазір киікке қатысты мәселе қызу талқылануда. Тіпті киікті атуға рұқсат беріп, айды аспанға бір-ақ шығарды. Сондағы уәждері малдың жайылымдық жерін қиіктер жайпап кетуде екен. Бұған қарсы шығып жатқан тараптар да бар. Десе де біздің айтпағымыз басқа мәселе. Үкімет киікті атуға рұқсат берсе, онда киіктің мүйізін алып ұсталып түрмеге қамалғандардың мәселесін де  қаперге алған жөн. Себебі киікті атып өлтірмеген, тек өлген киіктің мүйізін жинап отбасына табыс кіргізген азаматтардың не жазығы бар? Олардың кейбірі отбасының жалғыз асыраушысы болуы мүмкін. Қоғам белсенділері осы мәселені көтеріп,  видио­үндеуін әлеуметтік желіге жариялауда.

Солардың бірі – Алмасбек Садырбай Ол ұлттық агроқозғалыс төрағасы. Оның бұл мәселеге қатысты пікірі көңілге қонымды.

«300 мыңдай киікті атуға рұқсат бер­ген үкімет киіктің мүйізімен ұсталып сотты болғандарды босатып, оларға неге рақымшылық жасамайды? Киіктің санын реттеуге келгенде заң шала. Салдарынан қазақтың боздақ балалары киікті атты деп жазаланып, абақтыға қамалып 5-7 жылға сотталып кетті. Артында шиеттей бала-шағасы асыраушысынан айырылып боздап қалды. Біраз заңнамаларды кө­тердім, заңгерлермен сөйлестім. Мынан­дай парадокс бар. Үкіметтегілер киікті атуға рұқсат берді, бірақ өңдеуге, сақтауға, сатуға рұқсат жоқ. Бұл – заңның шалалық жағы.  Өткенде біз Батыс Қазақстан, Түркістан облысының шаруаларын Пар­ламент қабырғасына алып келіп осы киіктің мәселесін көтердік. Бірақ нәтиже жоқ, – дейді А. Садырбай.

Абзал Құспан Парламент депутаты, заңгер: «Мен Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданы Мәстексай ауылына барып,  сотталып кеткен азаматтардың отбасымен кездестім. 11 адам сотталған, бірақ 1 адамның қолында мылтық бол­маған. Киікті өлтіргеніне бірде-бір дәлел жоқ. Киіктің  қараша, желтоқсан айларында гон басталғанда 80 проценті  өледі. Үйір ұстағандары қалады. Үйір ұстай алмағаны 30-40 болып бөлініп кетіп, қасқырға жем болып немесе аш болып, машинаға соғылып, түрлі себеппен өледі. Бұл азаматтардың бәрі­нің тіршілігі жерде жатқан киіктің мүйізін кесіп алып, нәпақа табады. Енді мәселе мынада ол азаматтар киікті өлтірмеді, табиғатқа зиян келтірмеді. Егер мылтықпен атып алса, оған әңгіме жоқ. Оларды 17 жылға соттаса да шаруам жоқ. Мәселен, мүйіздің өзін үкімет жинап жатса екен. Жинамайды. Ол шіріп жатыр. Батыс Қазақстан облысында 50 тонна мүйіз шіриді. Бір қызығы, енді оның үкіметке де керегі жоқ. Ол киікті ешкім өлтірген жоқ. Әртүрлі жағдайда өлді. Оны экспертизамен тексеруге болады. Бірақ экспертиза жүргізбейді. Бір іспен ондаған адамды соттап отыр. Сотталған 11 адамның кәмелетке толмаған  54 ба­ласы  бар. Ол конфликт туғызады. Олардың тұрақты жұмысы жоқ, мүйіз сатып, нәпақасын тауып жүрген қарапайым адамдар. Мен прократурамен де, сотпен де ештеңе шеше алмаған соң өзім көмектесіп жатырмын. Енді конституциялық сотқа беріңдер дедім», – дейді депутат.

Халықтың жанайқайын Парламент қабырғасында көтергенмен ешқандай нәтиже болмағанына ашынған халық енді әділдік іздеп конституциялық сотқа жүгінбек.  Енді сотталған азаматтардың жақындары ешкімнен қайран болмағасын, әлеуметтік желіге жарыса жазып жатыр.

Сотталған азаматтың жары Ұлжамал Бірманова өз пікірін әлеуметтік желіге жариялапты.

«Бұл сотталып отырған адамдар ешқандай дәлелсіз, кінәсіз отыр. Оның үстіне айыппұлы бар. Не деген масқара әлгі миллиондарды оқуға тілім  келмейді, төлемек түгілі. Сол азаматтардын артында қалған жарының бірі боламын. Менің көрген күнімді ешкімге, тіпті жауыма да тілемеймін. Тезірек босатылуын сұраймын. Балаларымның әкесін қалай сағынып күтіп жүргендерін көріп, күнде жүрегім езілсе, түнде жастығым көз жасынан құрғамайды. Осы орайда жан ұшыра көмек көрсеткісі келіп, шауып жүрген адамдарға алғыс айтамын. Алланың бұйыртқан күні әділдік болып, босап келер деген үмітпен күн кешудеміз. Себебі «кебін киген келмейді, кебенек киген келеді», – деген сөзді миыма құйып алғанмын» дейді жүрегі жаралы ана.

Жазықсыздан жазықсыз түрмеге тоғы­тылғандарды бостандыққа шығаруды жақтаған желі қолданушылардың пікірі өте көп. Солардан саралап, бірнешеуін беруді құп көрдік.

Төребай Нұржанов: «Қазақта «қызғанғаным қызыл итке жем болды» деген мақал бар. Одақтың кезінде осы киікті малшы қауымы жаздай атып,  не болмаса қақпанмен аулап жегенде де таусылмайтын.  Сол кезде бір совхозда 50 малшы отбасы,  яғни біздің Сырдария ауданында 4 мал совхозы бар болатын. Барлығы шамамен 200 малшы отбасы  Сарысу жаққа шығып,  200 малшы отбасы құрығанда 20 бастан киік аулап жегенде бір жазда 4000 бас киік ауланатын. Сонда да таусылмайтын».

Гүлнар Тілекқабылова: «Менің де балам абактыда.  Өзім болсам  мүгедекпін. Ұлымның 4 баласының біреуі мүгедек.  Оларды кім асырайды? Балаларымыздың босатылуын талап етемін».

Нариман Мәуленов: «Мемлекет бол­ған соң заманның талабына сай, мем­лекеттің дамуына лайықты заңдарға өзеріс енгізіліп тұратыны заңды  құбылыс. Кезінде Қазақстан егемендігін алғаннан кейін халық жауы болған қаншама адамды ақтап шықты емес пе? Бүгінгі таңда киікті сұраусыз, ысырап етіп қырып жатқанда, киік үшін кезінде қамалған адамдардың түрмеде отырғаны бізге сын.  Дамыған мемлекеттердің қатарына кіреміз десек заңға тез арада өзгеріс енгізіп, азаматтарымызды түр­меден шығаруымыз қажет.  Міндетті түрде сол азаматтардың өлгенін күтуіміз қажет емес шығар».

Әләйдар Әлменов: «Үш жүз мың киікті атуға және оны сатып, кәдеге жаратуға қалай заң шығарылса сол қалпында бұрынғы киік атып, болмаса қандайда бір жолмен киіктерге қатысты істі болса бұлардың бәріне рақымшылық жариялау керек. Жануарларға қарағанда адамның тағдыры бірінші орынға қойылуы тиіс. «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» демекші ақыры атып кәдеге асырамыз деп заң шықса адамдарды босатсын, бала-шағаларын мүйіз жинап асырауға көшсін. Өйткені кәсіби мамандар солардан шығады. Бар­лық істің қыр-сырын жетік меңгерген. Жергілікті жерді біледі.  Қай кезде атуға, қалай ұстауға болады, олар бәрін біледі.Соларға жұмыс беру керек. Көрінген көк аттының пайдаланып кетуіне жол бермеу керек.

Әрбір пікір берген азамат адам тағ­дырына араша түскісі келеді. Әділдік салтанат құрған қоғамда өмір сүргісі келеді. Қара қылды қақ жарған әділетті шешім шығып, темір тордың артында қамалып отырғандар бостандыққа шы­ғып отбасымен қайта қауышса дей­ді. Өмірде қатып қалған қағида жоқ. Заман да өзгереді, заң да қайта қара­лады. Өзгермейтін ұлт мұраты мен адам­гершілік қағидасы.  Ұлт мұраты қазақтың баласы жазықсыз жапа шекпеуі керек. Ал адамгершілік қағидасы ақты ақ, қараны қара деп әділ бағалау. Олай болса, ұлт мұратын ұлықтап, адамгершілік қағидасына абай болайық.    

Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: