Сенбі, 20 сәуiр, 14:51

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№31 (2041)
20.04.2024
PDF мұрағаты

Мамандығының мақтанышы

20.06.2023

486 0

Қоғамның қай саласы болсын әрбір мамандықтың, оны атқаратын маманның өзіндік орны болады. Бұл бөліп жаруға келмейтін, өзіндік тәртібі бар, орнын қалыптастырған дүние. Соның бірі – хатшылық жұмыс.

Тарихы әріден басталатын бұл мамандықты – өткен күнді, бүгінгі сәтті қалыптастырушы десек, артық болмас. Себебі кешегі күннің хронологиясы хатшы мамандардың іске асыруымен жүзеге асады емес пе?!

Қоғамда осындай маңызды рөлі бар хатшы қызметінің бірі – сот хатшысы. Өзгеге қарағанда сот хатшысына жүк­тел­ген міндет пен жауапкершілік орасан зор. Аса мұқияттылықты, тиянақтылық­ты талап ететін аталған мамандық иесі сот процесі барысындағы әрекеттер мен шешімдерді, айғақтар мен  түсініктеме­лерді хаттамаға түсіреді. Өз ісіне жауапты сондай маманның бірі – қала­лық соттың хатшысы Алтын Сәденова.

Қарапайым отбасында дүниеге келіп, экономика саласын игерген Алтын Кеңесқызы алғашқы еңбек жолын Сырдария аудандық халық со­тында іс қағаздарын жүргізуші қыз­метінен бастаған. Дегенмен сол тұста бұл орын қысқарып, І дәрежелі хатшы-машинистка қызметіне ауысады. Қашанда өзіне артылған міндетті жауап­­кершілікпен атқара білетін Алтын Кеңесқызының жұмыс бабындағы қа­рым-қабілеті ескерусіз қалған емес. Ол кейіннен аталған халық сотының сот отырысының хатшысы қызметін атқарады. Бұл жауапты да  маңызды жұмыс. Сондықтан сот отырысының хаттамасын жазуда жылдамдық, есте сақтай білу, ұғыну, тез қорытынды жасау сынды қасиеттің болғаны абзал. Бүтін бір адамның өмірімен бай­ланысты саладағы қызмет қателікті ке­шірмейді. Қате кетсең заң тұрғысынан жазаланасың. Ал Алтын Сәденова қан­шама жылдық еңбек тәжірибесінде атына сын келтірмей, өз міндетін лайықты атқара білген жан. Ол 1998 жыл­дан бастап Қызылорда қалалық сотының сот отырысының хатшысы қыз­метін атқарып келеді.

Еңбекте абыройлы, өз ортасына сыйлы Алтын Кеңесқызының сот са­ласында еңбек етіп жүргеніне 30 жылға жуықтапты. Осынша жыл ішінде оның сот ісіне сіңірген еңбегі елеусіз қалған емес. Қай кезде де біліктілік танытып жүретін ол қалалық, облыстық сот тарапынан марапаттарға ие болып, қошемет төрінен көрініп келеді. Ұзақ жылғы еңбектің нәтижесінде былтыр «Сот жүйесінің белсенді қызметкері» құрмет белгісімен марапатталған.

Отбасында бір қыз тәрбиелеп отыр­ған аяулы ана Алтын Сәденова өз ма­мандығын ерекше сүйген жан.

Нұрила Дүйсенова,

Қызылорда қалалық соты әкімшісінің басшысы

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: