Ана… Осы бір қасиетті сөзді естігенде жүрегіме ең алдымен мейірім, жылулық, қамқорлық пен шексіз махаббат ұялайды. Ана – адам өміріндегі ең қымбат жан, отбасының берекесі мен тірегі. Дүниенің бар байлығын жинасаң да, ананың мейірімге толы жанары мен ақ жүрегіне ештеңе тең келмейді. Ана – өмірге әкелуші ғана емес, адамды тәрбиелеп, дұрыс жолға бастайтын алғашқы ұстаз. Өмірдегі ең кіршіксіз, мәңгілік махаббат – ана мен бала арасындағы махаббат.
Мен үшін анам – өмірдегі ең қымбат жан әрі мақтанышым. Анамның есімі – Замира Берікқызы. Ол бүгінде жеті баланы тәрбиелеп отырған ардақты ана. «Күміс алқа» және «Алтын алқа» иегері атанған аяулы анам – әкем Райс Мұратұлының үлкен әулетіне сыйлы келін, айналасына құрметі мен қамқорлығын аямайтын, баршаға үлгі болатын жан.
Анамның мамандығы – ЦЭС қызметкері. Дегенмен, ол өз мамандығы бойынша ұзақ жыл еңбек еткен жоқ. Мен дүниеге келгеннен кейін «Avon» компаниясында жұмыс істеп, бұл іспен он жылға жуық айналысты. Кейін бала күтіміне байланысты үйде отырғанымен, уақытын бос өткізбей, өз қабілетін кәсіпке айналдырды. Біз жаңа үйге қоныс аударғаннан кейін анам торт пісірумен айналыса бастады. Оның қолынан шыққан тәттілер көпшіліктің көңілінен шығып, аз уақыттың ішінде тұрақты тұтынушыларын тапты.
Бүгінде анамның осы кәсіппен айналысып жүргеніне жеті жылдан асты. Қазір ол тек торт емес, түрлі тәттілерді, ыстық тағамдарды және ұлттық ас түрлерін де үлкен шеберлікпен әзірлейді. Бірде «Шұжықты өз қолыммен жасаймын» дегенде қатты таңғалған едім. Кейін анамның қолынан келмейтін іс жоқ екеніне көзім жетті. Оның әрбір дайындаған тағамы ерекше дәмімен, әсем безендірілуімен ерекшеленеді. Сондықтан мен анамды саусағынан бал тамған нағыз аспаз деп білемін.
Маған анамның еңбекқорлығы мен батылдығы ерекше ұнайды. Ол бұрын жасап көрмеген торттардың дизайнын да қорықпай жасап шығады. Кез келген қиындықты сабырмен қарсы алып, «Қолымнан келеді» деген сенімін ешқашан жоғалтпайды. Осындай табандылығының арқасында бүгінде оның тұрақты клиенттері өте көп. Мен болашақта анамның бала күнгі арманы орындалып, үлкен кондитерлік орталық ашып, кәсібін одан әрі дамытатынына кәміл сенемін.
Анамның жанында жүріп мен де көптеген тағам түрлерін әзірлеуді үйрендім. Қазір ас әзірлеу – менің сүйікті хоббилерімнің бірі. Бұл үшін анама шексіз ризамын. Өйткені ол маған тек тамақ пісіруді ғана емес, еңбекқорлықты, төзімділікті, жауапкершілікті және бастаған істі соңына дейін жеткізуді үйретті.
Халқымызда: «Қарға баласын аппағым дейді, кірпі баласын жұмсағым дейді» деген нақыл сөз бар. Сол секілді менің анам да мені қандай жағдайда болса да қолдап, қателігімді кешіре білді. Бірде емтиханнан күткен нәтижеге қол жеткізе алмай, қатты көңілім түсіп жүргенімде, анам: «Ештеңе етпейді, қызым. Бір есік жабылса, екінші есік міндетті түрде ашылады. Сен тек алға ұмтыл, еңбектен. Өмір мұнымен тоқтап қалмайды», – деп жігер берген еді. Сол сөздер менің жадымда мәңгі сақталып қалды. Анамның осы бір ақылы маған үлкен күш пен сенім сыйлады.
Мен үшін анам – мейірімділіктің, сабырлылықтың, еңбекқорлықтың және қайсарлықтың жарқын үлгісі. Болашақта мен де анам сияқты аяулы ана болып, өз балаларыма оның бойындағы асыл қасиеттерді дарытқым келеді. Анамның әрбір ақылы мен өмірлік тәжірибесі – мен үшін үлкен мектеп.
Қорытындылай келе, ана – әр адамның өміріндегі ең асыл жан. Ананың ақ сүтін, ақ тілеуін ешнәрсемен өтеу мүмкін емес. Сондықтан әрбір перзент анасын құрметтеп, қадірлеп, әрдайым қуанта білуі керек. Мен өз анаммен мақтанамын. Әкемнің сүйікті жары, бізге қамқор болған аяулы анашым! Сізге ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық, бақ-береке тілеймін. Армандарыңыз орындалып, еңбегіңіздің жемісін көріңіз. Әрдайым жүзімізден қуаныш көріп, бақытқа бөлене беріңіз. Мен сізді шексіз жақсы көремін және әрдайым мақтан тұтамын!
Диана Райсқызы,
№290 орта мектептің
11 «а» сынып оқушысы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!