Жексенбі, 08 желтоқсан, 15:14

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№97-2107
07.12.2024
PDF мұрағаты

Ояу қоғамда ояу жүрейік

26.07.2022

1504 0

Бүгінгі қоғам ашықтыққа негізделген. Халық та ояу қоғамның ояу мүшелері ретінде ойын еркін айтып, еркін жеткізеді. Түрлі келеңсіздікке қарсы пікір білдіріп, тіпті қоғамды

бұзады-ау деген жымысқы пиғылды әрекеттерге қарсылық танытуда.

Мағынасы мәнсіз мультфильмге рұқсат жоқ

Тәрбиелі де білімді, саналы да мәдениетті ұрпақ – мемлекеттің берік тірегі. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген жазушы Мұхтар Әуезов. Бұл даналық сөз бүгінде өзектілігін жойған жоқ. Қазіргі уақытта көпшілік «ел боламын десең, экранныңды түзе» деп айтып жүр. Тілі шықпаған баладан еңкейген қарияға дейін теледидар алдында отыр. Сондықтан экранда халық көңілінен шықпайтын туынды көрсетілсе, оған қарсылық көрсету – аға буынның міндеті. Бүгінде өз пікірімізді, ойымызды айту арқылы халық үніне құлақ асатын мемлекетке айналып келе жатырмыз. Мәселен, жуырда көпшіліктің назарын ау­дарған «Базз Лайтер» мультфильмі төңі­регінде шу шықты. Танымал кино актері, продюссер, режиссер Нұртас Адамбай бұл мультфильмді көрсетуге тыйым салу керек деп бастама көтерді. Қоғамда түрлі пікірлер айтылды. Жұрттың көзқарасы екіге бөлінді. Кейбіреулер мультфильмдегі бір жынысты екі кейіпкердің «махаббаты» балаларға кері әсер беретінін айтып қарсы шықты. Екіншісі жауапкершілік ата-аналарда деп санайды, контентті көру-көрмеу әркімнің жеке таңдауы. Балалардың санасын улайтын теріс пиғылды туындыны экраннан көрсетпейтін болды.

– Мультфильмнің бала психикасына әсері зор. Ең бастысы, бала мультфильм көріп отырғандағы көңіл-күйін бақылау керек. Егер бала жақсы, іші көңілді эмоцияларға толы мультфильм көрсе, оны көріп болғаннан кейін көңілді жүреді. Ал егер бала қорқынышты көріністерден құрылған мультфильмді көрсе бойында да, сөзінде де іс-қимылында да агрессия пайда болады. Бала­лар­дың теледидар немесе компью­тер алдына жал­­ғыз қалуы дұ­рыс емес. Себе­бі бала мульт­фильм көру барысында түсініксіз жайт­тарға кезік­кенде үлкен­дердің болуы міндетті. Олардың пікірін білу балаға да қызық болады, – дейді психолог Гүлзат  Оңалбаева.

Негізі, мультфильмді баламен бірге қарап, жақсысын жақсы, жаманын жаман деп ұнамды кейіпкерлердің іс-әрекеттеріне үңілдіріп, жақ­сылыққа сүйсінтіп отырудың тәрбиелік мәні зор екенін естен шығармаған дұрыс.

Ұйқыны ұрлаған ән

Соңғы уақытта жа­рыққа шыққан ән­дер әлеуметтік желі арқылы тез тарайтын болды. Ал оның баға­сын халық бірден береді. Яғни халық­­қа ұна­майтын жағ­дай­ларға қар­сы пікір айтып, болашақ ұр­пақтың тәрбиесі дұ­рыс болуына өз үлес­терін қосуда. Мәселен, желіде елдің назарына іліккен «Ұйқым келмейді» әніне патриот жастар қарсы шықты. Сөзі мен әні үйлеспейтін мән-мағынасы жоқ әннің көрсетілмеуін талап етті.  Етек жайған ессіз әндерге тоқтау салатын кез келді. Себебі өнер­дің қадір қасиеті қалмай барады.

Рас, «Ұйқым келмейді» әні көп адамның ұйқысын ұрлады. Тіпті осы өлеңді тыңдап, ұйқысы қашып кеткендер болды. Қоғамда әннің сөзінің мағынасы жоқ екені айтылып, дау туды. Мұның өзі де жастардың өз пікірлерін ортаға  салып, болашақ үшін алаңдайтынын көрсетеді.

«Ұйқым келмейді» әніне түсірілген бейнебаян небәрі алты күннің ішінде Youtube желісінде 1,7 миллион қаралым жинап үлгерген. Туынды желіде сынға ұшырап жатса да көпшілік әнге түрлі видео түсіріп, оның танымалдылығын арт­ты­ру­да. Дегенмен тың­­дармандар мән-ма­ғы­насы жоқ әнді та­ратқан телеарнаны сын­ға алды. Яғни қандай телеарна болсын сөзінде ұй­қас, мәнінде мағына жоқ әнді көрсетпеуі тиіс еді. Көрермен мұндай дүниені эфирге жі­берген телеарнаны түсінбей дал. Қара­пайым халық­пен қатар өнер адамдары да бұл әннің сәтсіз шыққанына сын айтуда. Мұның дәлелі, қазіргі уақытта хайп қуғандар көбейіп барады. Яғни тез танымал болғысы келетіндер көп. Соның нәтижесінде қазақ өнеріне кері әсері келіп жатыр. Қазақ сах­насында білімсіз, тек танымал болуы үшін ән айтып жүргендер бар. Алина Шакиева да солардың қатарына ілікті. Жаңа әні танымал бола отырып, сынға ұшырады. Сапасыз ән болса да өнерпаз Алина Шакиеваның есімі елге тез танылды. Бірақ өнер иелері мен жанашыр халық бұл әннің таратылмауын талап етті. Сөз қадірін білетін адамдардың құлағына жаңа ән түрпідей тиді.

«ÖZINŞE» – бала тәрбиесіне оң әсер етеді

Құлақтан кіріп, сананы улап жатқан тек әндер емес. Соңғы жылдары телефонға телмірген ұрпақ көбейді. Оның ішінен не көріп жатқанын ешкім білмейді. Ағылшын-орыс тіліндегі мультфильм немесе тик-ток көреді. Бұл жағдай баланың тәрбиесіне кері әсерін беруде. Сондықтан ұлт жанашырлары елімізде балаларға арналған қазақ тілінде жазылған қосымшаны іске асыру керек деген мәселені айтып жүрді. Өйткені теле­фонға телмірген ұрпақты телефон ар­қылы ғана тәрбиелей алатынымыз анық. Соның нәтижесінде  елімізде балалар мен жасөспірімдерге арналған алғашқы қазақ тілді «Özinşе» стриминг сервис іске қосылды. Одан әртүрлі жастағы балалар қазақ тілінде фильмдер, мультфильмдер, сериалдар мен ситкомдарды көре алады.

Айта кетерлігі, қосымшаны  Android пен IOS құрылғыларына жүктеп алуға болады. Бүгінде қазақстандық анимацияға сұраныс артқан.

Балаларға арналған онлайн-кинотеатрды іске қосу туралы идеяны балалар контентін жасаушылар Мақпал Жұмабай мен Сандуғаш Баймаханқызы 2020 жылы ұсынған болатын. Олар балаларға сүйікті фильмдері мен мультфильмдерін ана тілінде көруге ыңғайлы платформа құрғысы келген. Соның нәтижесіне бүгінде балалардың қолы жетті.

«Әр бала өзінше бірегей, сондықтан да мобильді қосымша атауының өзі ерекше мәнге ие. «ÖZINŞE» онлайн-кинотеатры еркін өмір сүргісі келетін және өз қалауы бойынша әрекет еткісі келетін креативті балаларға арналған. Қосымшаға 3 мың 400 минуттай контент жүктелген. Бұл контент әрі қарай үлкейеді», – дейді Мақпал Жұмабай.

P.S. Көзі ашық көкірегі ояу азаматтар елді алға бастайды. Жастардың рухы биік, санасы сергек болуы тиіс. Жаңа заманның жақсы қасиеттерін бойға сіңіре отырып, елдің тізгінін ұстау бүгінгі ұрпақтың қолында екенін ұмытпау қажет. Жастар ана тілін, ата дәстүрді, төл тарихты білу арқылы жауапкершілікті сезіну керек. Ол үшін естір ән, көрер кино тәрбиесі де мықты болуы қажет екені белгілі. Қысқасы, ояу қоғамда ояу жүрейік.

Айтолқын АЙТЖАНОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: