Сенбі, 20 сәуiр, 05:00

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№31 (2041)
20.04.2024
PDF мұрағаты

Қарттар қағажу көрмесін

17.11.2021

674 0

Бірде Орал қаласында тұратын жігіттік шағымызды бірге өткізген досыма телефон соғып қал-жағдайын білмек болдым. Ол білдей бір коледжде  бөлім меңгерушісі болып, талай студент түлетіп ұшырған. Онымен ай-сайын ұялы телефон арқылы хабарласып тұрам. Қолындағы жалғыз ұлы Ақтөбеден қыз алғанда құдалығына да барғам.

Содан не керек, досыма телефон соқ­тым. Отбасы амандығын біліп сөйлесе бер­генде, телефоннан тыс бір өрескел дауыс ес­тілді. «Ей, телефонды таста дедім ғой саған, неге тастамайсың?! Анау малдардың шөбін салмайсың ба, таста дедім ғой саған теле­фонды» деп дікеңдеген өктем дауыс күше­йіп барады. Сол сәтте досым «Балам ғой, теле­фонды таста деп жатқан. Кейін өзім қоңырау шаламын» деді де үзіп жіберді. Сөйтіп, мен аң-таң күйде қалдым. Мынасы несі, деген ой маза бермеді. Анау сөздерден кейін өзімді ыңғайсыз сезіндім. «Туған әкесіне сонша зекіп діңкілдегені қалай?» деген ой маза бермеді. Бірден жүрегіме тікен қадалғандай әсер етті.

 2 күннен кейін досым өзі телефон шалды. Қуанып қалдым. Алдымен баласының қылығы үшін кешірім сұрады. «Орысша оқыған­дық­тан болар, сөздері солай сәл дөрекілеу, оған ренжі ме? Өзімнен де бар, жалғыз ұл ғой деп бетінен қақпадым. Жасы келген соң сөзі де, өзі де түзелер» деді. Қәйітсін, бауыр еті баласы ғой, ақтап жатыр. Менде өз ойымды білдіріп, онысы дұрыс емес екендігін айттым. Содан амандық білдік, мәз болдық. Жақында сол досым телефон шалып, жалғыз ұлы үйінен келін-балашағасын алып Алматыға кетіп қал­ғанын айтты. «Сол үшін деп дүния жинап, ешкімнен кем қылмай өсіріп, оқыттым-шоқыттым. Мына дағарадай коттеджге сол бала ие болады ғой деп едім. Енді бұның маған не қажеті бар. Онсыз да кемпір екеу­міздің зейнетақымыз жетіп артылады ғой. Қартайғанда кемпір екеуміз ай далада қал­ған­дай күй кешіп, көңіліміз құлазып, көкіреміз шерленіп отырмыз. Жаныма осы батып тұр» деді көмейіне ащы өкініш тығыла. Досым­ды сабырға шақырған болдым. Баяғыда үлкенде­ріміз «Е, Құдайым бала бер, Бала берсең сана бер, Санасын қосып бермесең, Онда мені ала бер» деп бекер айтпаған-ау деп ойға қалдым.

Расында, бүгінгі қоғамда ата-анасын тастап кетушілер қатары артып бара жатқандай. Осы ой жалғыз мені емес, көпшілікті де мазаласа керек. Ұлттың ұстыны, данагөйі, қадірлісі, ақылгөйі, құрметтісі, қазынасы, үлгісі, тілеу­қоры саналатын қарттарымыз «өзі аялап, бағып-қағып өсірген, оқытып-шоқытқан ұл-қыздарынан соншалықты қағажу көретіндей не жазығы бар еді?» деген мазаң сұрақ кімді де болсын ойлантары анық.

Қазіргі кезде теледидар мен әлеуметтік желілер арқылы неше түрлі жан түршігерлік оқиғаларды көріп сенеріңді де, сенбесіңді де білмей дал боласың. Бірде маршрут ішінде алпыстардан асқан екі әйел теледидардан көрген хабарын талқылап келеді. Қоғамдық көліктегі жастар естісін дегендей, дауыстарын көтеріңкіреп қояды. Әңгімелері кәдімгі көңіл аударарлықтай. «Күлпаш-ау, сол хабарды сен де көрген шығарсың? Айтуға ауыз бармайды. Үйлі-баранды, балалы-щағалы болған қазақтың үш қызы аналарын қараусыз қалдырғындары жайында хабарды көргенде, жағамды ұстаудан басқа амалым қалмады» деді бейтаныс әйел күйіне. «Байқасам, үшеуінің де жастары қырықтан асқан. Ана­ның қадірін білетін жастағылар. Өздері де ана, үшеуінің де отбасылары бар екен. Ана әйелдердің аналарынан безгендерін бірінші рет естіп, есімді жия алмай қалдым. Беті аулақ дегенмен де, ер баладан гөрі, анаға қыз жақын деп айтып жатамыз ғой? Сол хабарды көріп отырып: «Біздер, осы қазақтар қайда бара жатырмыз?» деген ой келді қиялы ма? Әй, замандас-ау, шынымен осы заман не боп кетті өзі?  Бұны заманнан көреміз бе, әлде, адамнан көреміз бе?» деп бейтаныс әйел замандасына сұраулы жүзбен қарады. Маршрут іші тым-тырыс, үнсіз тыныштық орнады. Ешкім ешнәрсе демеді. Мына ойлы әңгімеден соң әркім өз ойымен, өз қиялымен алысып бара жатқандай көрінді.

Жолай маршруттан түсіп қалдым. Жұмыс­қа келе жатып қоғамдық көлік ішін­дегі ойлы әңгіме есімнен шығар емес. Өзімше жауап іздеп келем. Бәлки, бұл бүгінгі қоғамның азғаны мен адам­ның тозғанынан ба? Әлде, қоғамда адам дүниесіне ықпал ететіндей мықты ұлт­тық идеяологияның болмауынан ба? Сол идеяология бар болғанмен әлсіздеу шығар. Өйткені бүгінгі қоғамда тасжүрек, мейі­рімсіз жандар қатары көбейіп барады.

Адам өміріне қатысты бағзы замандағы мына бір жағдай үлкен жолдың бойында есіме түсті. Адам өмірге келгелі неше заман, неше ғасыр өткені белгісіз. Мұсылмандық дін енбеген шақ болса керек. Баяғыда Рашид Рауын патшаның тұсында үлкен адамдарды қарттыққа жеткізбей, жер ортасы саналатын 50 жасқа келгенде балалары ата-анасын қапқа салып апарып, шың басынан суға лақтырып өлтіріп отырған деседі. Содан бір күні Рашид Рауынның ата-анасы осы жасқа жеткенде, патша екеуін арқалап шың басына тастауға апарыпты. Сол кезде ол ата-анасының мұңая қайғырған жүздерін көріп, оларды қимай жүрегі сыздап, екеуін қалай аман алып қалам деп ойға беріліпті. Оны сезген әкесі қатты күліпті де: «Балам, мен де ел билеп тұрған шағымда әке-шешімді дәл осы жерден суға тастап едім. Заңға қарсы келіп, ата-анамды аман алып қалудың жолын таба алмадым. Заңға қарсы шығу ел дәстүрін бұзғанмен бірдей еді. Саған зиянымыз тимесін, бізді лақтыра бер» деп көзі жасаурай баласына қарапты. Бір тоқтамға келген патша сырткөз сенсін дегендей, екі қапқа тас толтырып суға тастапты да әке-шешесін бір үңгірге тығып,  сарайға оралыпты. Әр күн сайын түнде тамақ-суын жеткізіп беріп отырыпты. Күндердің күнінде Рашидтің еліне жау шабуыл жасапты. Содан аман қалудың жолын таба алмай жаны қысылады.

Осы болған жайдан хабардар етейін деп ата-анасына түнделетіп барып, жау шапқанын айтады. Сонда данагөй әкесі жаудан қалай аман қалудың, одан қорғанудың әскери тактикалық жолдарын айтқан көрінеді деседі. Әке ақылын алған Рашид жауын жеңеді. Содан патша халқын жинап, жауды кімнің арқасында жеңгендігін ел-жұртқа жасырмай айтып береді. Осы күннен бастап патша өзінің ақыл-айласымен, тапқырлығымен, бұрынғы ескі жарлықты халықпен келісе отырып бұзып, жаңа жарғы ендіріп: ата-ананы құрметтеуді, қадірлеуді, олардың ақылын тыңдауды, ата-анасын суға тастамауға, оларды асырап-бағуды  бұйрыпты дейді. Бәлки «Қарты бар елдің – қазынасы бар» деген мәтел осыдан тараған болар. «Үлкенін қадірлемеген ел азар, қартын құрметтемеген ел тозар» деген.

Ислам дінінде ата-ананы құрметтеу, оны қадірлеу әрбір мұсылман баласының басты парызы саналған. Шариғатта ата-анаңды Мекке-Мәдинаға иығыңа салып көтеріп апарсаң да, оның алдындағы перзенттік парыз бен қарызды өтеу мүмкін еместігі айтылған. Қоғамдық көлік ішінде әңгіме болған хабарды біз де теледидардан көргенбіз. Айтатыны жоқ, қағып-бағуға мұқтаж ананың үш қызы да оқыған, сауатты жандар. Қазақта «Ата-анаңа не істесең, алдыңа сол келеді» дегенді ол қыздар білмейтін секілді. Бұл тәмсілді бүгінгі ұрпақ білуі тиіс. Ата-ананың құны көктиын болса, адам ұрпағынан не күтпек? «Ата-анаң жынды болса, байлап бақ» деген емес пе еді қазақ атамыз. Бүгінгі қатыгездік қоғамнан ба, әлде, бұл адамның өзінен бе? Мынадай қатыгездікпен қалай ел боламыз, қандай ұлт боламыз? Әлде бұның бәрі ұлттық құндылықтардың терең насихатталмауынан ба? Мүмкін, ұлттық тәрбиенің әлсізденіп бара жатқанын ба? Біздің қазақ ұлты ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән берген. Сол ұрпағынан үміт күткен. Ертең ауыра қалсам ауызыма су тамызады, қисайсам басыма жастық қояды,  өлсем ақ жауып арулап қояды, өмірімді жалғастырушы, мал-жанның, шаңырағымның иесі болады деп тәрбиелеген. Сөйткен ұрпақ бүгінгі қоғамда ата-анасынан безіп жатса қалай ел боламыз? Қыздарымыз шетелдік жігіттерге ойланбастан тұрмысқа шығып жатса, «ұлдың аты ұл ғой, шіркін, қашанда» деп жүргенде, ез болып бір әйелдің соңынан кетсе, сонда ұрпақ бойынан қандай намыс, қандай ерлік, өрлік күтеміз?  Қарттыққа жеткен ата-ана өзінің туған ұл-қызынан қағажу көріп жатса, біз иманды, үлгілі ұлтпыз деп қалай айта аламыз? Ойланатын жағдай…

Кенжалы ЕРІМБЕТОВ,

ардагер-журналист

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: