Бейсенбі, 28 наурыз, 20:46

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№24(2034)
23.03.2024
PDF мұрағаты

Қазантаев қарамағындағыларға қандай талап қойды?

15.05.2021

2362 0

«Қалада атқарылған іс аз емес. Дегенмен жасалатын жұмыста жеткілікті. Облыс орталығы өзгелерге өнеге болуы тиіс. Қала халқының түйіткілі тарқамаған мәселесі болмауы керек». Қала әкімдігінің мәжіліс залында өткен аппараттық жиында шаһар басшысы Ғанибек Қонысбекұлы осылай деді.

Бұл жолғы өткен жиында да төрт мәселеге назар аударылды. Алдымен алдағы уақытта болатын халық санағы. Екінші, қаладағы «қызыл сызық» талабын сақтамай салынған нысандар. Үшінші, мерзімді әскери қызметке шақыру жұмыстары және соңғы мәселе қала бойынша сапалы ауыз су мен кәріз жүйелерінің жағдайы туралы айтылды.

Халық санағы қалай өтеді?

Халық санағын өткізуге дайындық жұмыс­тарының барысы туралы облыстық статистика департаментінің басшысы Мариям Баекеева баяндама жасады.

Оның айтуынша, халық санағын күз ай­ларында өткізу жоспарланып отыр. Санақты жүргізуге қажетті қала, кент және ауылдық округтерінің сызбалық картографиялық мате­риалдары дайындалған. Сондай-ақ қала ор­талығында көше атауларының өзгергендігі мен үй нөмерлерінің қойылмауы санақ кезінде қиындық туғызуы мүмкін екені айтылды. Сондықтан үй нөмірлерінің нақтылануы қажет екенін қаперге салды. Ұлттық халық санағын жүргізуге қала бойынша 519 адам уақытша жұмысқа тартылды. Тағы бір атап өтерлігі, қала аумағында жұмыс жасап жатқан шетел азаматтары мен орналасқан шетел кәсіпорындарының мекен жайы мен вахталық кенттердің тізімі нақтылануда. Санақтың дайындық кезеңінде тұрғын үй қорларының статистикалық тіркелімі де әкімшілік база­сында салыстырылуда деп атап өтті.

Биылғы халық санағының бір ерекшелігі, ақпараттық технология арқылы онлайн режим­де өткізілуінде болып отыр.

Қала әкімі дербес бөлім басшылары мен кент және ауылдық округ әкімдеріне маусым айына дейін қалада және ауылдық елді мекендерде, саяжайларда құрылысы жаңа­дан салынған тұрғын жайлардың, мөлтек аудан­дардың көше атауларының және олардың реттілік нөмірлерінің берілуін, сонымен қатар талапқа сәйкес ілінуін қамтамасыз етуді жүктеді.

Қожахметов Қазантаевқа нені баяндады?

Жасыратыны жоқ, «Көрмейін десем көзім бар» демекші қала орталығында қисынсыз салынған нысандарды көріп қаламыз. Бұл не себепті бұлай салынды, бұған кім кінәлі? Әрине, арнайы мекеме­лардің бақылауы болуы қажет. Біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді демекші оған түрлі себеп бар. Біреу біліп, екіншісі білмей салуы мүмкін. Оны барып бұздырта салмас бұрын жан-жақты зерделеу қажат. Бастысы, тұрғынның жұмсаған қаржысы мен еткен еңбегі зая кетпеуі керек. Қазантаев қадап айтқан сөздің негізгі аурасы осыған саяды. Әкім елдің жайын бағамдап айтып отыр. Онысы құптарлық әрине. Ал оған жауапты қадағалаушы органдардың қандай уәжі бар? Қалада қанша нысан «қызыл сызыққа» өтіп кеткен.

Қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Ғабит Қожахметовтің айтуынша, өткен жылы заңнама талаптары бұзылып салынған 52 кәсіпкерлік нысан анықталды. Оған облыстық мем­лекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына тиісті ақпарат беріліп, нәтижесінде 10 кәсіпкерлік нысанға хаттама толтырылып, бюджетке 978,3 мың теңге айыппұл өндірілді. Сонымен қатар 5 кәсіпкерлік нысан бойынша нұсқама берілді. Жер учаскесін ны­саналы мақсатына сәйкес пайдаланбай отырған 15 нысан бойынша облыстық жерді пайдалануды реттеу және бақылау басқармасына мәліметтер жолданған. Қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі тиісті ескертпелерді орындамаған 2 нысан бойынша сот­қа талап арыз түсіріп, 3 нысан бойынша сотқа жол­дауға тиісті құжаттар әзірленуде. Сонымен қатар қала аумағында орналасқан 74 дүңгіршектің заңсыз орнатылғандығы анықталып, өткен жылы 21-і, биылғы 4 айда 2 дүңгіршек алынып тасталды. Бөлім басшысы өз баяндамасында қаланың сәулеттік келбетін жақсарту­да жүргізілген мониторинг шаралары тұрақты түрде өткізіліп жатқандығы жайында атап өтті.

Қала әкімі шаһар келбетін кетіретін заңсыз са­лынған нысандырды түбегейлі ретке келтіруді тап­сырып, оның орындалуы өз бақылауында болатынын жеткізді.

Азаматтық борышын өтеу – азаматқа парыз

Әр адамда Отан жалғыз, жүрек жалғыз. Ал соны шынайы сүю, таныммен түсіну рухы мықты жанның ғана қолынан келетін іс. Аппарат мәжілісінде қаралған үшінші мәселеде осы төңіректе өрбіді. Мерзімді әскери қызметке шақыру жұмыстары туралы қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқарма бастығы Руслан Намазбаев хабарлады. Басқарма бастығының сөзінше, қаладан көктемгі шақырылымда 60 азамат әскер қа­тарына алынып, бұл қажетті мөлшердің тек 29,8 пайызын құраған. Сонымен бірге әскери борышын өтеуден себепсіз жалтарып жүрген 119 азамат қалалық полиция басқармасының іздеуіне іліккен. Сонымен қатар басқа өңірге қоныс аударған азаматтар да бар екен. Кейбір ата-аналар балаларының мекен жайын нақты білмейтінін басқа жаққа  жұмысқа кеткенін алға тартады. Әрине, бұл былай қарағанда түсінуге болатын шығар. Бірақ азаматтың өзі үшін ұят нәрсе. Өйткені әскерге барудан жалтарып жүрген жігіт отбасы жауапкершілігін қалай арқалап жүрмек?

Тиісті жұмыстарды дұрыс ұйымдастыра алмаған басқарма басшысының жұмысын сынға алған қала әкімі «Көктемгі мерзімді әскери қызметіне шақырудың тапсырыс көлемі 201 азаматты құрап отыр. Берілген межені 100%-ға жеткізу қажет» екенін қадап тап­сырды. Оған кент және ауылдық округ әкімдерінің де бірлесе жұмыс жүргізу керектігі жүктелді. Қалалық полиция басқармасына белгісіз себептермен әскерге шақыру комиссиясынан жалтарып жүрген азаматтарға іздестіру жұмыстарын әлде де күшейтіп, заңға сәйкес шаралар қабылдауды міндеттеді.

Су – тіршілік көзі, бірақ…

Судың да сұрауы бар. Соңғы қаралған мәселе шаһар аумағындағы сапалы ауыз су мәселесі жайлы болды. Қазір қалада судың жиі тоқтауы көбейіп кетті. Онымен қоса лай судың ағуы да тұрғындар наразылығын тудыруда.

Мәселенің жай-жапсарын қалалық тұрғын-үй ком­муналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Біржан Далабаев тарқатты. 

Сәуір айына дейін тұрғындар тәулігіне 40-42 мың текше метр ауыз су тұтынып келсе, сәуір айынан бастап ауыз су пайдалану көлемі 75 мың  текше метрге жетіп, су қысымының төмендеуіне әкелгендігі анықталған. Тұрғындардың ауыз суға төлемі көбейіп кеткені өзекті мәселеге айналып отыр.

– Адам жарықсыз күн кеше алады. Ал сусыз бір сәт те шыдай алмаймыз. Соны түсінетін уақыт жетті. Талаптың төмендігінен қарыз қайтарылмай отыр. Бұл – су жүйесі мекемесіне тиісті жұмыс. Соны­мен қатар кәріз жүйелерінің де жұмысынан жиі ақау шығады. Осыны дер кезінде шешуді тапсырамын. Судың сапасына мән беріп, қысымын қадағалап, бұл бағыттағы жұмысты жетілдіру керек. Қала аума­ғындағы кәріздік насостық стансалардың  қазіргі сыртқы келбеті мен айналасындағы тазалық жағ­дайына назар аударып, айдың аяғына дейін ретке келтіру керек, – деді қала басшысы. 

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: