Қазақ халқы үшін әйел – отбасының ғана емес, ұлттың ұйытқысы, тәрбиенің тірегі, даналықтың бастауы. Анаға деген құрмет – халқымыздың санасына сіңген асыл құндылықтардың бірі. Себебі қазақ дүниетанымында әйел ең алдымен – Ана, өмірдің жалғасы, ұрпақ тәрбиесінің алтын діңгегі. Тарихқа көз жүгіртсек, қазақ аналары ел басына күн туған сын сағаттарда ер азаматтармен иық тірестіріп, атқа қонып, туған жердің тұтастығын қорғаған. Олар тек шаңырақтың шырағын жағып қана қоймай, елдің еңсесін көтеріп, ұлттың рухын сақтай білді. Сондықтан қазақ қоғамында әйелге деген құрмет ешқашан кеміген емес.
Ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық құндылықтар қыз баланың қадір-қасиетін ерекше бағалаған. «Қыз ағасыз болмайды» деген нақыл сөздің астарында қыздың қауіпсіздігі мен абыройына бүкіл әулеттің жауапты екені жатыр. Сол секілді халқымыз жетім мен жесірді жылатпай, қамқорлық көрсетуді адамгершіліктің биік өлшемі санаған. Қазақ қызы кішкентайынан еңбекке, әдепке, инабаттылыққа тәрбиеленген. Анасының қасында жүріп кесте тігіп, қолөнер үйреніп, шаңырақ ұстаудың қыр-сырын меңгерген. Тұрмысқа шыққан соң енесін анасындай көріп, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді өмірлік қағида еткен. «Келін – ененің топырағынан» деген сөз де осы тәрбиенің терең мәнін аңғартады. Ақылды ене мен өнегелі келін – ұрпақ сабақтастығының жарқын көрінісі. Қазақ әйелінің даналығы тек отбасы аясымен шектелмеген. Көреген аналар ел бірлігіне үлес қосып, қажет кезде ақылымен дау шешкен, сөзімен жұртты ұйыстырған. Олар ер азаматтың абыройын асқақтатып, елдің тыныштығы мен ынтымағын сақтауға қызмет етті. Тарихтағы талай дара тұлғаның жетістігінің артында ақылымен жол көрсеткен парасатты ана мен дана жар тұрғаны белгілі. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында қазақ әйелдері қайсарлықтың жарқын үлгісін көрсетті. Олар өндіріс пен ауыл шаруашылығында, медицина мен білім саласында аянбай еңбек етіп, майдандағы ерлердің орнын жоқтатпады. Нәзік жүректі аналар ауыртпалыққа мойымай, төзім мен табандылықтың символына айналды. Бүгінде де қазақ әйелі қоғамның барлық саласында өз орнын айқын дәлелдеп келеді. Ол – аяулы ана, ардақты жар, білікті маман, іскер басшы, кәсіпкер, ғалым, ұстаз әрі ел дамуына үлес қосып жүрген белсенді азамат. Отбасындағы жылулық пен берекені сақтай отырып, қоғамдық өмірде де биік белестерді бағындырып келеді. Әйел – сұлулықтың сәні ғана емес, мейірімнің мекені, бірліктің бастауы, ұлт болашағын тәрбиелейтін ұлы күш. Анасының ақ сүтімен даритын тәрбие – елдің ертеңін қалыптастыратын ең қастерлі құндылық. Сондықтан әйелді құрметтеген қоғамның рухы асқақ, болашағы баянды болады. Қазақ әйелі – ұлттың айнасы, отбасының шамшырағы, қоғамның берекесі. Анаға деген құрмет пен әйелге деген ізет – халқымыздың мәңгілік құндылығы болып қала береді. Әйелдің абыройы асқақтаған жерде отбасы берік, қоғам тұрақты, мемлекет қуатты болмақ.
Жұлдыз Сатыбалдиева
Қызылорда облысы дін істерібасқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» теолог маманы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
