Дүйсенбі, 04 қараша, 10:36

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№87-2097
02.11.2024
PDF мұрағаты

ҚМДБ Рамазан айында жасалуы тиіс бес амал туралы айтты

18.03.2023

747 0

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Уағыз-насихат бөлімі Рамазан айын лайықты өткізу үшін жасалуы тиіс бес амал туралы жазды деп хабарлайды Информбюро сайты.

Бірінші амал: ораза ұстау

Рамазан айының негізгі ерекшелігі, бұл айда денсаулығы жарамды, балиғатқа толған, ақыл есі сау, сапарда болмаған әрбір мұсылманға ораза ұстау парыз етілді. Оразаның негізгі рухы да осы ораза ұстауда.

«Олай болса, қасиетті Рамазан айында ораза ұстау арқылы пенденің тақуалығы арта түседі. Ораза ұстау кезіндегі ниеттің, атқарылатын ізгі амалдардың, көркем мінездің барлығының да мақсаты тақуалыққа қол жеткізу болып табылады. Бұлайша тақуалыққа қол жеткізген адам, Рамазан айының берекетін сезініп, Жаратушының кешіріміне ие болып, мол сауаптарға кенеледі» деп жазды ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі.

Екінші амал: намаз оқу

Қасиетті Рамазан айында мұсылман адам күнделікті парыз етілген бес уақыт намаздан бөлек нәпіл намаздарды атқаруға ерекше ден қоюы қажет. Әсіресе, Рамазан айының түндерін намазбен өткізу жай түндері оқылатын намаздан сауабы мен дәрежесі тұрғысынан көп есе артық. 

Рамазан айында құптан намазынан кейін тарауық намазын оқу – бекітілген сүннет.

Үшінші амал: Құран оқу

Рамазан айы Қасиетті Құранмен тығыз байланысты.

«Осы себепті Рамазан айын – «Құран айы» деп атаймыз. Бұрынғы өткен ғұламаларымыз осы айда Құран оқуға ерекше көңіл бөлуге тырысатын. Ендеше, біз де Рамазан айында қасиетті Құранға лайықты түрде көңіл бөліп,  оны оқып, үйренуге тырысқанымыз жөн. Сондай-ақ қасиетті Құранның әрбір әрпі Рамазан айында еселеген сауапқа кенелтеді. Құран жүрегімізге нұр, дүниемізге береке, ақыретімізге шапағат етеді. Құранды оқи алмаған адам ең болмағанда назар салып, қарайтын болса, құлшылық сауабын алады» деп жазды ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі.

Төртінші амал: дұға жасау

ҚМДБ түсіндіруінше, Рамазан айының ерекше қадір-қасиеттерінің бірі – бұл айда жаратқанның дұғаларды қабыл етуі.

«Ендеше, біз де осы қасиетті айда отбасы мүшелеріміз бен Алла Тағаладан көбірек дұға сұрап, өзіміз үшін, халқымыз үшін, Отанымыз үшін, сондай-ақ айналамыздағы адамдар үшін де тілек тілеп, жалбарынуға ден қоюымыз керек. Өйткені бұл айда барлық дұғалар қабыл болады» деп жазды ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі.

Бесінші амал: Мейірімді болу

Рамазан – Алла Тағаланың мейірімі түсетін ай. Бұл айда түсірілген Қасиетті Құран адамдарға мейіріммен түскен. 
ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімінің жазуынша, Рамазан айында адамдарға мейірімділік таныту дегеніміз  қарым-қатынас жасағанда көркем мінезді болу, қателіктерін кешіре білу, жомарттық жасап, мұқтаж жандарға көмектесу, садақа беру, өзге ораза ұстаушыларға ауызашар беру сынды ізгі істер жасау.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: