Жұма, 26 сәуiр, 11:34

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Қолы алтын құрылысшы

07.08.2021

1114 0

Біздің кейіпкеріміз Сыр өңірінің құрылыс саласында қолтаңбасы бар тәжірибелі құрылысшы – Ерғали Бәкіров. Ол –  «Мелиоратор» ЖШС мекемесінің бас инженері. Еңбек адамы осы салада жүрген қаншама құрылысшының ұстазы деуге болады.

Кейіпкеріміз 1947 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Бүгінде жасы жетпістен асса да осы саланың басы-қасында өз ісінің білгір маманы ретінде жастарға үлгі болып жүр. Еңбек жолын 1966 жылы «Қызылордамелиорация» бірлестігіне қарасты №29 жылжымалы механикаландырылған мастерліктен бастады. Сол мекемеде бірнеше жыл жұмыс істеп, өндірістік бөлімнің басшысы қызметіне дейін өскен.

Ал 2001 жылдан бастап «Мелиоратор» ЖШС мекемесінің бас инженер қызметін атқарып келеді. Содан бері облыс аумағындағы өнеркәсіптік-азаматтық мелиоративтік және гидротехникалық құрылыс жұмыстарына атсалысып жүр. Атап айтар болсақ, Арал ауданындағы Советжарма арнасы тазаланып кеңейтілді. Нәтижесінде көлдердің көлемі бұрынғы қалпына келіп, қазіргі кезде Қамыстыбас көлі демалыс орнына айналды. Сондай-ақ Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің Солтүстік бөлігін сақтау (САРАТС) жобасының 1-кезеңін  жүзеге асыруға қатысты.

 «Мелиоратор» ЖШС шаруашылық аралық су жүйесін тазалаумен айналысып келеді. Мәселен, 2009-2014 жылы аймақтағы ең үлкен су арнасын жаңғырту жұмысын орындады. Солтүстік және оңтүстік қашыртқыларды жаңғырту жұмыстарын жүргізді. «Таза су» және «Ақбұлақ» бағдарламасын орындау жұмысына қатысып, ауыл-ауылға су жеткізді. Сонымен бірге қаланың бас су торабы мен тұрғын үйлерге су жеткізу құбырларын толықтай жаңғыртудан өткізді. Ерекше айта кететін жайт – Нұр-Сұлтан қаласында құны 392 млн теңге болатын «Есіл өзенінің арнасын түзету» жобасын жүзеге асырды. Сондай-ақ «Арай» спорттық-сауықтыру жоба құрылысына және т.б. гидромелиоративтік жоба құрылыстарын салуға қатысып, құрылыстың қарқынды дамуына үлес қосуда.

Бүгінде «Ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру жобасының екінші кезеңі шеңберінде «Қызылорда-1» ирригациялық-дренаждық жүйелерді жетілдіру» бойынша халықаралық жоба нысанында инженерлік қызметін атқаруда.

– Қазір жастардың көбі жеңіл, таза қызметті таңдайды. Соның салдарынан жұмыссыз жүргендердің саны басым. Әйтпесе, елімізде құрылыс мамандығын игерем деушілерге зор мүмкіндік бар. Адам мамандық таңдауда қателеспеуі керек. Сонымен қатар мемлекетке, қоғамға пайдасы тиетін кәсіпті игергені жөн. Еліміздің болашағы жастардың қолында. Олар тек ақшасы көп, жеңіл жұмысты таңдайтын болса, онда мемлекеттің дамуына айрықша үлес қосады деп айта алмаймын. Барынша қажетті, сұранысқа ие маман болғаны дұрыс, – дейді кейіпкеріміз.

Қоғамда қанша сала болса, оған қажетті мамандықтар да заман көшімен өзгеріп отырады. Бір кездері көпшілік менсінбей қараған кәсіп түрлері бүгінде үлкен сұранысқа ие. Мәселен, кейіпкеріміз таңдаған құрылыс саласына жастар бара бермейді. Десе де құрылысшы мамандығы  қашанда сұранысқа ие. Өйткені құрылыс пен сәулет өнері – ең көне ата кәсіптің бірі. Қоғам өзгеріп, дамыған сайын бұл мамандыққа деген қажеттілік те күн санап артып келеді. Себебі өңірдегі кез-келген нысанда, ғимаратта олардың қолтаңбасы қалады. «Мынау мен салған мектеп, мынау мен тұрғызған үй» деп мақтана айта алады.

Бейнетінің зейнетін көретін жасқа жетсе де кейіпкеріміз күн сайын ертесімен жұмысқа асығады. Қашанда жұмысына адал, ісіне мығым маманға сұраныс бар. Соның арқасында Ерғали Бәкіров әлі күнге дейін осы саланың ыстық-суығына біте қайнасып, жүр. Осы жылдар ішінде еңбегі еш кетпей, түрлі марапаттарға лайық деп танылды. Атап айтсақ, 1977 жылы  «Еңбек ардагері» медалімен, ҚР Ұлттық бизнес рейтингін ұйымдастыру комитетінің шешімі бойынша «Кәсіби саладағы сіңірген еңбегі үшін» медалімен, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалауды реттеу басқармасынан алғыс хатпен марапатталды.

Жұмысының ауырлығына қарамастан мамандығына деген сүйіспеншілігі жоғары кейіпкеріміз 54 жылын осы салаға арнады. Бүгінде құрылыс саласының ардагері. Қаншама жас мамандарға жол сілтеп, ақыл-кеңесін беріп жүрген білікті құрылысшы.

Ақмарал ҚАДЫРХАНҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: