Сенбі, 25 мамыр, 21:59

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№41 – 2051
25.05.2024
PDF мұрағаты

Қоқыстан қалай құтыламыз?

17.01.2023

1209 0

Сурет ашық дереккөзден

Қоршаған ортаны қорғауда ең үлкен мәселе – қоқыс.

Күн сайын үйден шыққан қалта-қалта қоқысты лақтыра салудан әрі ойламайтынымыз да шындық. Яғни қоқыс мәселесі мұнымен аяқталмайды.

Шыны керек, қоқысты әр жерге тастау әлі де жоқ емес. Бізде әлі де қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау, тазалық сақтау мәдениеті жоғары деңгейде емес. Дегенмен тазалыққа үндеген бел­сенділер мен қозғалыстар жұмысы нәтижесіз емес. «Жақында «Stop musor» жарнамасына көзім түсті. Айналаны таза ұстауға үндеуге, халықтың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға үлес қос­қысы келген жандардың хабар­ласуы үшін байланыс нөмірін де жазып қойған екен. Біз байланысқа шығып, аталған жоба жайында сұра­дық. Жоба үйлестірушісі Асыл Оқапова­ның айтуынша, «Stop musor» жобасы «Қазақстанның экологиялық ұйымдарының қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің бастамасымен 2020 жылдан бастап жүзеге асуда.

Жоба халықтың әлеуметтік жауапкершілігін, тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу мәдениетін қалыптастыруға арналған. Алғашқы жылдары Астана мен Алматы қалаларын қамтыса, 2021 жылдан бастап республика бойынша жүзеге аса бастады.

– Бірінші кезеңде негізгі үндеу халықты қоқысты арнайы жәшікке тастауға арналса, соңғы екі жылда қоқысты сұрыптауды насихаттаудамыз. Мәселен, 2020 жылы пандемияға қарамастан Астана қаласының саябақтарынан полиэтилен қалталарын жинап, белгілі суретші Сәуле Сүлейменова сол пакеттерден үлкен картина дайындап, «Жетісу» саябағына қойылды да, кейін Алматы қаласына арбатқа жіберілді. Алғашқы жылдары екі қалада ұйымдастырдық, сол кезде өзге өңірлерден де хабарласып, өз қалаларында жүзеге асқанын қалайтынын айта бастады. Яғни қызығушылық білдіргендер аз болмады, – дейді «Stop musor» жобасының үйлестірушісі Асыл Оқапова.

2013 жылы елімізде Жасыл экономикаға көшу туралы тұжырымдама қабылданған еді. Тұжырымдама аясында 2030 жылға дейін қалдықтарды қайта өңдеу 40 пайызға жетуі керек. Министрліктің ақпаратына сүйенсек, бүгінгі күні республика бойынша 207 қаласы мен ауданынан қалдықтарды бөлек жинау 133-ке, ал сұрыптау 103 қала мен ауданға енгізілген.

 – Жоба жүзеге асқаннан кейін нәтижесін байқау мақсатында халық арасында сауалнама ұйымдастырдық. Өзіміз жасаған статистика бойынша, көшеде жатқан қоқысқа мән беретін халық саны 4 пайызға артса, көшеге ұсақ қоқысты тастамайтындар 9 пайызға артқан. Экология министрлігінің статистикасы бойынша, 2021 жылы 7328 табиғи үйінді болса, 2022 жылы 21,9 пайызға азайып, 5723 болды, – дейді жоба үйлестірушісі.

Айта кетелік, бүгінде қалдықтарды сұрыптау жұмысы барлық өңірде қолға алынуда. Оның ішінде Қызылорда облысында бүгінгі күнге дейін Қазалы, Қармақшы, Жалағаш, Шиелі аудандары әкімдігі мен Қызылорда қаласында бөлек жинау үшін 1023 контейнер сатып алынып, орнатылды. Сондай-ақ өңірде сұрыптау кешендері (Арал, Жалағаш, Сырдария, Шиелі) бар 4 ҚТҚ полигонын салу үшін рұқсат құжаттарын алу жоспарлануда, мемлекеттік экологиялық сараптамадан өтетін жобалау-сметалық құжаттамалар әзірленген.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: