Сейсенбі, 16 сәуiр, 18:33

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№30 (2040)
16.04.2024
PDF мұрағаты

Құрмет пен ізет бар бұл күнде

15.03.2022

684 0

Көрісу күні дегенде анам айтқан мына әңгіме ойыма оралды. «Бала кезімізде жыл сайын наурыздың 14-і күні үйде бауырсақ пісіріп, жеті күлше тарататын. Үлкендердің амал, Көрісу күні деп айтып жатқандарын талай мәрте құлағымыз шалды. Ата-анамызбен бүкіл ағайын-туысты аралап, көрісіп, дәм татып шығатын едік. Дегенмен бұл мерекенің қадірін бала кезде онша ұғына бермеген секілдіміз. Қазіргі уақытта бұл мерекенің мағынасын ұғына бастадым. Біраздан бері көріспеген адамдарды қайта жақындастырып, елдегі ынтымақ пен бірліктің нығаюына себеп болатынына көзім жетті», – деген анам бірде бізге сыр ағытып.

Ызғарлы қыс кетіп, шұғылалы көктем келгенде ерекше аталып өтетін мерекенің бірі – Көрісу күні. Бұл мейрам қыстан жұтқа ілінбей, аман шыққаны үшін шүкіршілік ету ретінде тойланады. Наурыз мерекесінің алғашқы күні де осыдан бастау алады. Шығу төркіні тереңде жатқанымен осы атаулы күнді тойлау енді-енді ғана өрісін кеңейте бастады. Себебі мерекенің маңызы зор. Жаңа жылға аман-есен жеткені үшін әрбір адам осылайша қуаныш білдіреді. Жастар жіті түсіне бермегенмен, көнекөз қариялар уақытында оны қалай тойлағанын жыр ғып айтады. Мағынасы тереңде жатқанын ұғыну қиын емес. Бүгінде ол ел ішінде кеңінен дәріптеліп келеді. «Бұл күні басымыздан Пайғамбар сипайды» деген наным-сенім де болған», – дейді үлкендер. Сондықтан кезінде адамдар таңертең ерте тұрып, үйді тазалап, ауланы ретке келтіріп қоятын болған. Содан кейін іңір қараңғысы түскенше барлық туыстар мен достарды аралап, көрісіп, амандасып шығады. Көрісе келген адамды үй иесі көтеріңкі көңіл-күймен үйіндегі мол дастарханға шақырады. Күн шыққанда есігі ішінен құлыптаулы тұрған үй болмауы тиіс. «Бір жасқа шығуыңмен!», «Қыстан аман шығып, жаңа жылға қадам басуыңмен!» деген ізгі тілектер айтылады.

Бұл мерекеде өткен жылдың ренішін жаңа жылға алып кірмеуі үшін адамдар бір-бірінен кешірім сұрайды. Реніштерін ұмытып, татуласады. Ал жырақта жүріп, ағайын-туыспен көрісе алмаған адам еліне барған күні барлығымен «Жылың құтты болсын!» деп көрісуі керек. Көрісуге келгендерге бауырсақ, тәтті тағамдар үлестіреді. Бұл да «жыл бойы балаларымыз тоқ жүрсін, дастарханымыз мол болсын, қарым-қатынасымызға сызат түспесін» деген ниеттен туған.

Адамдар арасындағы сыйластық, төс қағыстырып, қол алысу – кейінгі ұрпаққа сабақ боларлық қасиеттер. Мерекені тойлауды Батыс өңіріндегілер дәстүрге айналдырған.

Қазіргі таңда Батыс өңірі ғана емес, Көрісу күнін ел болып тойлауды насихаттау жұмыстары қолға алған. Бұл мерекенің мәнін түсіне білгенге маңызы зор. Себебі қазір кейбір ағайындылар араласуды қойды. Достықтың да аражігі ажырап барады. Көршілер үйлеріне бас сұқпайды. Дәл осы тұста бұрынғы қонақжай қазақы ниет пен бейнемізді сақтап қалуымыз қажет. Сондықтан ағайынмен араласуда, туыстық қатынасты сақтауда бұл мереке ерекше маңызға ие. Амалын тауып осы күні ренжіткен адамнан кешірім сұрап, татуласудың сәті де түседі.

Рухани дүниемізді байыта түсер тағы бір күн қатарға қосылса, нұр-үстіне нұр. Ең бастысы, бір-бірімізге деген дархан көңіліміз бен кең пейіліміз түзу болсын.

Айтолқын АЙТЖАНОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: