Сенбі, 20 сәуiр, 17:26

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№31 (2041)
20.04.2024
PDF мұрағаты

Су тіршілік көзі, бірақ…

29.05.2021

1285 0

Өрт пен су қай кезде де тілсіз жау. Оның адамзатқа тигізген зияны орасан. Сақтансаң сақтайды деп бекер айтылмаса керек-ті. Кейінгі уақытта жасөспірімдердің суға кету жағдайы жиі орын алып жатыр. Сонымен қатар үй-жайлардағы өрттің де жиі болып тұратыны анықталған. Мәселенің мән жайын қала әкімі Ғанибек Қазантаевтың төрағалығымен өткен төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссияның кезекті отырысында жан жақты айтылды.

70 өрт оқиғасы тіркелген

Комиссия отырысында екі мәселе кеңінен қаралды. Біріншісі өрттің қауіпті кезеңіне дайындық шаралары және жаз мезгілінде су айдындарындағы қауіпсіздік шараларының сақталуы туралы.

Қалалық төтенше жағдайлар басқарма­сының бастығы Жасұлан Түйменовтің хабар­лауынша, биылғы жылдың бес айында қала аумағында 70 өрт оқиғасы орын алған. Өрт оқиғаларына 67 тұлға кінәлі деп танылып әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Құ­зырлы органдармен бірлесіп қала бойынша 8 рейдтік шаралар жүргізілген. Жыл басынан бері орман қорында 12 гектарды құрайтын 1 өрт оқиғасы тіркелген. Өрт оқиғасы көбіне электр жабдықтарынан және тұрмыстық газ құрылғыларын дұрыс пайдаланбаудан бола­тыны анықталған.

Шаһар басшысы бұл мәселеде өрттен қаза болғандар мен жарақат алғандардың саны артқандығын атап өтіп, оқыс оқиғаның алдын алу бағытында профилактикалық жұмыстарды күшейтіп, бақылауға алу керектігін тиісті мекеме басшылығына қадап тапсырды.

Қауіп қайдан демеңіз…

Комиссия отырысында қаралған ке­лесі мәселеде – су айдындарындағы қауіпсіздік жайы кеңінен талқыланды. Расыменде қазіргі таңда күннің күрт ысуына байланысты суға шомылу жиілеп, қайғылы жағдай да жиі орын алуда. Бұл өзекті мәселе қауіпсіздік шараларын ширата түсу қажет екендігін көрсетіп отыр. Тақырып төңірегінде қалалық білім бөлімінің бас­шысы Динара Баймұрзаева хабарлама жасады. Бөлім басшысы өз кезегінде балалар мен жасөспірімдердің жазғы демалыс кезіндегі су қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бөлім тарапынан атқарылып жатқан шараларды атап өтті. Дегенмен әлі де түсіндірме жұ­мыстарын жетілдіре түсу керектігі айтылды. Соңғы уақытта мектеп жасындағы үш баланың суға кету жағдайы қала аумағында су айдындарының қараусыз қалғанының сал­дарынан деп танылуда.

Қала әкімі Ғ.Қазантаев жауаптыларға суға шомылу маусымы аяқталғанға дейін полиция басқармасымен бірлесе отырып, тыйым салынған су айдындарына рейдтік және патрульдік іс-шараларын қатаң түрде жүргізуді жүктеді.

Қалалық мәслихат депутаты Жорабек Нұрымбетов су арнасының бойында орна­ласқан көпір тұрғындардың пайдалануына бейімделмегендігін, су шаруашылығының өл­шеуіш құралдарына арналған өткел екендігін айтып, қауіпсіздікті күшейту мақсатында тиісті шаралардың атқарылатындығын жеткізді.

Р.S. Комиссия отырысының қорытындысында қала әкімі Ғанибек Қонысбекұлы орын алған оқыс оқиғалар түсіндірме жұмыстарының жеткіліксіздігінен екенін ерекше атап өтті. Сондай-ақ жауаптыларға суға шомылу маусымында көпшілік демалатын орындарда қоғамдық қауіпсіздікті сақтау шараларын күшейтуді, шомылуға тыйым салынғандығы жөніндегі ескерту тақтайшаларын қайта жаңартуды жүктеді.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: