Жексенбі, 08 желтоқсан, 02:41

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№97-2107
07.12.2024
PDF мұрағаты

Суық та болса «жылы» Солтүстік

29.03.2022

1264 0

Расында, бұл – «Ұлы көш». «Жау жар астында…» деген көнеден қалған сөз бар. Кімнің не ойы бары бір Аллаға аян. Сондықтан ұшқан құстың қанаты талатын қазақтың ұлан ғайыр атырабын қорғау үшін солтүстікті қазақыландыру маңызды рөл атқарады. Оның үстіне соңғы жылдары еліміз­дің солтүстігіндегі тұрғындардың саны азайып барады. Бүгін­гі біздің айтпағымыз оңтүстіктен, оның ішінде Қызылорда­дан адамдардың солтүстікке көшу қарқыны, ондағы халықтың хал-ахуалы жайында. Социолог мамандардың айтуынша, көрші Ресейге қоныс аударғандардың басым бөлігі солтүстік өңірлердің азаматтары. Сөзімізге тұздық болсын, осы тұста сандарды сөйлете кетейік. Мысалы, 2018 жылы елімізден 40 мыңға жуық адам көшсе, соның 90 проценті  Ресейді таңдаған. Алдын ала жасалған болжам бойынша 2050 жылдарға қарай аталған аймақта халық саны 1 миллионға дейін азаюы мүмкін. Бұған тиісінше, оңтүстік тұрғындарының саны күрт өсу үстінде.

Өзімізді алсақ, бүгінде Қызылорда облысының халқы 1 миллионға жуықтап қалды. Сырттан келіп халық санын арттырып жатқандар да бар мұның ішінде.

Соңғы статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Қазақстан халқының 49 проценті оңтүстік облыстарда тұрады. Кейбір мамандар алдағы 20 жылда оңтүстік халқының саны тағы да 6-7 миллионға дейін артады деп болжауда.

Сыр бойынан солтүстікке…

Солтүстікке көшудің астарында саяси және әлеуметтік жағдайдың жатқаны белгілі. Бүгінде оңтүстіктегі халықты солтүстікке көшіруді қолға алғанына біршама жыл болды. Дегенмен осы аралықта қанша адамның солтүстікке көшіп барғаны жайында нақты дерек жоқ.

Бір білеріміз, бүгінде «Еңбек» мемлекеттік бағдарлама­сымен оңтүстіктен көптеген отбасы солтүстік өңірлерге табан тіреуде. Былтырдың өзінде біздің облыстан басқа өңірлерге 563 отбасы қоныс аударған. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының «жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру, жұмыс күші көп өңірлерден жұмыс күші жетіспейтін өңірлерге қоныс аудару» бағыты бойынша облыста бірқатар жұмыс жүргізілуде. Жеті жылдан бері Сыр бойынан Қостанай облысына – 173, Солтүстік Қазақстанға – 166, Шығыс Қазақстанға – 151, Павлодар облысына – 73 отбасы қоныс аударған.

Былтыр Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі соңғы бес жылда еліміздің солтүстігіне 60 мыңнан аса отбасы қоныс аударғанын хабарлаған болатын. Ондағы мамандардың болжамына сенсек, алдағы 4-5 жылда Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай және Шығыс Қазақстан облыстарының халқы 200 мыңға жуық адамға көбейеді. Олай бола қалса, солтүстік өңір сөзсіз қазақыланар еді.

Көштің жайы көңіл көншіте ме?

Халқы тығыз қоныстанған, саны көп оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударғандардың басым көпшілігі ауылға барып, екі қолға бір күрек тапқан. Ақпарат көздеріне сүйенсек, өткен жылы солтүстік облыстарға жалпы Қазақстан бойынша 400-ден аса отбасы көшіп барған-мыс. Соның ішінде 60 проценті ауылдық округтерді таңдапты. 40 проценті аудан орталықтары мен қалаларда қоныс тепкен. Қоныс аударушылар негізінен солтүстік аймақтардағы кәсіпорындар мен ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, білім беру және қызмет көрсету ұйымдарындағы жұмыстарға орналасқан.

Жасыратыны жоқ, буынып-түйініп жылы жақтан салқын жаққа жолға шыққандардың бәрінің жолы болды деу қиын. Олардың арасында жұмыс пен баспана таппай «сең соққан балықтай» сенделіп жүргендер де бар. Қолайсыз ауа-райына үйренісе алмағандар қаншама?!

Алайда айта кету керек, көшкендердің бәрінің хал-жағдайы анау айтқандай мүшкіл де емес. Себебі әр ауылдың әлеуметтік ахуалы, орналасқан жері, жергілікті билігі алуан түрлі. Ашық ақпарат көздеріне сүйенсек, оның ішінде баспаналы болып, жұмыспен қамтамасыз етілгендердің үлесі көп.

Баспана жайы қалай?

Әрине, солтүстікке көшкен қазақты мазалаған мәселенің бірі – баспана. Бір қуанарлығы, көшке қатысты талдау жасай келе, мемлекет былтыр бұл мәселені жүйелі түрде шешуге кірісті. Тоқетері, көшкендерге арзан баспана берілетін болды. Қуанарлығы да – осы. Жаңа бастама жүзеге асырылатын болса, арзан үйлер Павлодар, Қостанай және Шығыс Қазақстан облыстарында да бой көтере бермек. Биыл бұл іс одан әрі жандануы мүмкін. Өйткені Ресейдегі бүгінгі ахуал  ел билігін алаңдатпай қоймасы анық.

Жасырып қайтеміз, баспанамен қамтамасыз етілген күннің өзінде көшіп барғандардың арасынан қайтып келіп жатқандар да бар. Олардың дені солтүстіктің ауа райына үйренісе алмағандарын айтады. Оны жоғары да айттық. Бірақ барғандардың көпшілігі жұмыс тауып, жаңа ортаға үйренісіп кеткен. Осы ретте бағдарлама бойынша Сыр бойынан көшіп, Павлодарға қоныс тепкен жерлесіміз Бақытгүл Нұрманова былай деді:

 – Өте ыңғайлы. Өзімізге қатты ұнады. Үйіміз биік әрі кең. Ең бастысы, баспана деп ойлаймын. Жұмыс та бар. Қыс жақсы. Аяз керемет. Жұмыспен қамту орталығының мәліметіне сүйенсек, көшіп келген отбасыларға орташа есеппен бір миллион теңге шамасында субсидия беріліпті. Үй сатып алуға немесе жалдап тұруға қосымша қаржы қарастырылған. Бағдарлама басталған жылдан бері бұл қалада адам саны әжептәуір өсті. Көбі өзіміз сияқты оңтүстік өңірлерден келген. Келісімшарт бұзылған жағдайда көмек түрінде берілген қаржы бюджетке қайтарылады. Жалпы мұнда көшуге түрлі себебіміз болды ғой. Бірақ шешім қабылдар тұста қазақтың болашағы алға шықты, – дейді ол.

Облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мамандары мемлекет тарапынан көрсетілетін көмектен бөлек, кейбір шаруашылықтар көшіп барғандардың қорасына мал кіргізіп, отын-су, жем шөбін түсіріп, көмек көрсетіп жатқанын айтады. Осының арқасында оңтүстіктен көшіп барғандар солтүстікке тез сіңіп, тұрақтап қалуда.

Көшкен жұртқа жасалар жәрдем

Шынында, ел билігі көшкен жұртты қолдауға барынша жағдай жасауда. Түсінікті болу үшін рет-ретімен санамалап өтейік. Қаржылық жағынан қолдау жан-жақты қарастырылған. Мәселен, көшіп-қонуға 85 мың теңге көлемінде жәрдемақы беріледі. Сонымен қатар әр отбасына тұрғын үйді жалға алуға және сатып алуға ай сайын 1 жыл бойына 37-72 мың теңгеге дейін ақша төленеді. Одан бөлек 2020 жылдан бастап бір мезгілде жұмысқа кем дегенде 5 адамды қабылдаған жағдайда, жұмыс 1 миллион 92 мың теңге көлемінде қосымша жәрдемақы бөлінеді. Жұмыс берушілерге де жеңілдік аз емес. Мәселен, биыл жаңа ереже бойынша, мемлекет жұмыс берушіге әрбір жұмысшы үшін 400 мрп көлемінде субсидия бөліп, жұмысшыға үй алынған жағдайда мемлекет соның 50 процентін төлеп береді. Алайда алынған үй 6 миллион теңгеден аспау қажет. Бұдан бөлек, солтүстіктегі еңбек күші тапшы өңірлерге көшуді ынталандыру мақсатында «Серпін» мен «Дипломмен ауылға» бағдарламаларын қарқынды жүргізу жолдары қарастырылуда. Бір ескерте кететін жайт, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы арқылы жұмыс күші тапшы өңірлерге қоныс аударған отбасылар жаңа мекенде кемінде 5 жыл тұруға міндетті екен.

27 мың адам қоныс аудармақ

«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы арқылы 2017-2021 жылдар аралығында 32 мың адам солтүстікке қоныс аударған. Оның 50 проценті еңбекке жарамды халықты құрайды. Бүгінде соның 9 мыңы жұмысқа орналасып, нәпахасын тауып отыр. Бір айта кетерлігі, осы жылдар аралығында қоныс аударушыға үй алу, пәтер жалдау, субсидия бөлуге мемлекеттен 20 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалған. Мамандардың айтуынша, 2022-2026 жылдар аралығында солтүстікке тағы 27 мыңнан астам адам қоныс аударады. Әрі оларға 70 мрп көлемінде (214 мың теңге) жәрдемақы төленетін болады.

P.S. Әрине, солтүстікке көшу-көшпеу әркімнің өз еркінде. Көпшілік солтүстіктің салқынынан қорқып бармай жатады ғой. Дегенмен алыстан ат терлетіп көшке ілесіп келгендерге солтүстіктің дайындаған сыбағасы аз емес. Жайлы жағдай мен мол мүмкіндіктер есігі айқара ашылса, солтүстігің де «жылы» көрінбей ме?

Ақтілек БЕРДІБАЙҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: