Сәрсенбі, 06 қараша, 20:09

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№88-2098
05.11.2024
PDF мұрағаты

Сырдария ауданының инфрақұрылымын дамыту қолға алынды

03.02.2024

572 0

Сурет:Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен Сырдария ауданының даму жоспары қаралған кеңесте аудан әкімі Берік Сәрменбаев инфрақұрылым желілерін дамыту бойынша халыққа қажетті жаңа жобаларды ұсынды. Оның айтуынша, 2024 жылға құны 12,6 млрд. теңгенің 27 жобасы әзірленген, 7,5 млрд. теңгенің 17 жобасына республикалық және облыстық бюджеттен бөлінген 3,5 млрд. теңгеге жұмыс жүргізіледі.

Инженерлік инфрақұрылым жеткізу бойынша 2 жоба іске асырылуда. Тереңөзек кентіндегі жаңа шағын аудандардың жолына қиыршық тас төсеу былтыр басталған, биыл толық аяқталмақ.

Сонымен қатар, Н.Ілиясов елді мекеніндегі жаңа шағын ауданның қиыршық тас жолының, электрмен жабдықтау және су жүйесінің жобалары демеушілік есебінен дайындалды. Қаржыландыру үшін облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасына бюджеттік өтінім жіберілді. Жоба іске асқанда алаңдар дайындалып, 80 жер учаскесі тұрғындарға табысталады. Қазіргі таңда жер кезегінде 117 адам бар.

Елді мекендерді ауыз сумен қамту бойынша 4 жоба іске асырылуда. Тереңөзек кентінде құны 108,5 млн теңге болатын 2 жоба және Шаған ауылында құны 50 млн теңге болатын 1 жоба өткен жылы басталды, биыл бітеді. Ал, Амангелді ауылының ауыз су құбырларын жаңартуға «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 59,5 млн. теңге қаржы бөлінді. Құрылыс жұмыстары наурыз айында басталады.
Газдандыру бойынша 3 жоба жүзеге асырылады. Өткен жылы С.Сейфуллин және А.Тоқмағанбетов елді мекендерін газдандыру басталды. Биыл Шаған елді мекеніне газ кіргізуді бастауға республикалық бюджеттен 100 млн. теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Мұнан бөлек, Н.Ілиясов елді мекенін газдандыру жобасы демеуші көмегімен әзірленіп, тиісті бюджеттік өтінім ұсынылды. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес Аманкелді, Жетікөл және Айдарлы ауылдарын газдандыру мәселесі зерделеніп, демеушілер есебінен жоба әзірленуде. Ол 2025 жылға қаржыландыруға ұсынылады.

Электрмен қамту бойынша 2 жоба іске асырылуда. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Шаған елді мекенін электрмен қамту жұмыстары аяқталып, Қалжан ахун елді мекенінде осындай жұмыстар басталмақ. А.Тоқмағамбетов елді мекенін электрмен қамтуға демеушілікпен құны 431,8 млн. теңгенің жобасы әзірленген. Жоба облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасына ұсынылды. Сондай-ақ, зерделеу барысында Тереңөзек кенті мен С.Сейфуллин елді мекендерінің электр желілері 1970 жылдары жүргізіліп, тозығы жеткені анықталды. Аталған елді мекендер бойынша 2025-2026 жылдарға бюджеттік өтінім ұсынылмақ.

«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында биыл 13 көше, атап айтқанда, Қоғалыкөл ауылында 6 көше, С.Сейфуллин ауылында 6 көше және Қалжан ахун ауылындағы 1 көше күрделі жөндеуден өтеді. Тереңөзек кентіндегі 8 көшені күрделі жөндеу жобасын қаржыландыруға облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына бюджеттік өтінім жолданды.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: