Жұма, 26 сәуiр, 15:15

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Тарихи миссия

06.07.2021

1500 0

Астана – әлемнің екінші ұстазы, данышпан Әл-Фарабидің пайымы бойынша «қайырымды қала». Ғұлама «Асқан игілік пен ең биік кемелділік дәрежесіне ең алдымен жоғары дәрежелі дамыған қоғамның қайырымды қаласы – Астанасы жетеді» деп санаған.

Қайырымды қала – мін-ақауы аз, тұрғындары заңға ден қойған, адамдарының пендешіліктерінен гөрі рухани сипаты басым, әділеттілік пен парасаттылық жайлаған бейбіт қала.

Қазақтың ордасын Сарыарқаның төріне орнықтыру идеясы Алаш зиялыларының арманы болатын. Бір ғасыр­дан астам уақыт бұрын бұл идеяны алғаш Алаш қоз­ғалысының көшбасшысы Әлихан Бөкейхан өзінің «Григорий Николаевич Потанин» атты мақаласында «Қазақты автономия қылсақ, Қараөткел – Алаштың ортасы, сонда университет салып, қазақтың ұл-қызын оқытсақ «Қозы Көрпеш-Баянды» шығарған Шоқан, Абай, Ахмет, Міржақыпты тапқан қазақтың кім екенін Еуропа сонда білер еді-ау», – деген арман-тілегін келтіреді. Өкінішке орай, сол кезде қалыптасқан саяси ахуал қазақтың туын Қараөткелге (қазіргі аудан орталығы – Ақмол ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 18 км-дей жерде) тігуге мүмкіндік бермеді. Бұл Әлихан Бөкейханның сөзімен айтқанда, «Мемлекеті жоқ халық – жетім халық» күйін кешкен уақыт болатын.

Алаш зиялылары жүзеге асыра алмаған мүмкіндік, ХХ ғасырдың 90-шы жылдарындағы азаттықпен бірге келді. Сан ғасырлық ұрпақ армандаған тәуелсіздікке қол жеткіздік. Сарыарқаның төріне көшірілген елордаға жаңа Қазақстанды қалыптастыру миссиясы бұйырды. Бұл жетістіктердің барлығы Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ерік-жігері мен алысты болжағыш саяси қайраткерлігімен тікелей байланысты.

Еліміздің ХХ ғасырдағы астаналарының тарихына көз жүгіртсек, әрбір қала өзіндік миссияны орындап шыққанын байқаймыз.

1920 жылы 26 тамызда Бүкілресейлік ОАК мен РКФСР ХКК «Қырғыз (қазақ) автономиялы социалистік кеңес республикасын құру туралы» Декрет қабылданып, 1920-25 жылдары Орынбор қаласы Қырғыз (Қазақ) автономиялы социалистік кеңес республикасының астанасы болды. Патшалық отарлық кезеңнен кейінгі мемлекеттік дәстүрлердің қайта жаңғыруының, ұлттық әкімшілік элитаның қалыптасу бастауында тұрды.

1925 жылы Орта Азиядағы ұлттық-аумақтық межелеу­ден соң, Түркістан АКСР-нің құрамында болып келген Сырдария мен Жетісу облыстары Қырғыз (Қазақ) АКСР-нің құрамына енуімен республика астанасы Ақмешітке ауыстырылды. Сол жылдың 15-19 сәуір аралығында Ақмешіт­те өткен Кеңестердің Бүкілқазақстандық V съезінде мемлекетіміздің «Қыр­ғыз» атауы «Қазақ» деп өзгер­ті­ліп, халқымыздың тарихи аты қайтарылды. Ақмешіт қаласы­ның атауы Қызылорда деп өзгертілді.

1929 жылы ел астанасы Сыр өңірінен Жетісуға ауысты. Бұл шешімнің қабылдануына Түркістан-Сібір темір жолының іске қосылуы да өз әсерін тигізді. Ауа-райы қолайлы, табиғаты көркем ірі әкімшілік шаһар Алматы қаласы аз уақыт ішінде елдің саяси, экономикалық және мәдени орталығына айналып, 1936 жылы одақтас республика атандық.

 Алматы қаласы жетпіс жылға жуық республиканың бас қаласы миссиясын абыроймен атқарды. Мемлекеттік тәуелсіздік туралы Декларацияға қол қойылып, бабалар аманаты орындалды. Тәуелсіздіктің нышандары  қабылданды.

Бұл қалалар өз тарихи миссияларын толық орын­дады. 1997 жылдың желтоқсанында ұлы көш Жетісудан Сарыарқаға бет түзеді. Елбасымыз Н.Назарбаев елорданы Астанаға көшіру бастамасымен тәуелсіз еліміздің дамуына жаңа серпін беріп, бүгінде Есіл өзенінің бойында орналасқан бұл қала озық идеялар мен нақты істердің ұйытқысына айналып отыр.

Елорданы ауыстыру идеясы турасында Елбасы: «Жаңа астанаға көшу және оны салу туралы ой менде ертеректе, сонау алыстағы – 1992 жылы туған еді, бірақ мен ол кезде мұны аузымнан шығармадым, өйткені Қазақстанның экономикасы ойлағанды іске асыруға мүмкіндік бермеді», – деген болатын.

Ел дамуының жаңа кезеңіндегі астана, қазақстан­дықтарды біріктіретін еліміздің бас қаласы ғана болып қалмауы керек, сонымен қатар қарқыны қауырт эко­номикалық белсенділікті қамтамасыз ететін ел эконо­микасының локомотивіне айналуы тиіс-тін.

Елбасы астананы ауыстырудың негізгі себептерін былайша түйген еді:

Біріншіден, астананы ауыстыру Қазақстанды геосаяси жағынан күшейтудің қажеттілігінен туындады. Сондықтан елдің бас қаласының орнын анықтауға ерекше көңіл бөлінді. Астана, өзіне еуропалық және азиялық озық дәстүрлерді сіңіріп отырған Еуразия құрлығының орталығы болып табылады. Қала төрт тарапқа: Оңтүстікке, Солтүстікке, Батысқа, Шығысқа бірдей ашық.

Екіншіден, бұл шешімді қабылдағанда қауіпсіздік мәселесі де ескерілді. Тәуелсіз мемлекеттің астанасы, мүмкіндігінше, сыртқы шекаралардан жырақта және елдің ортасында орналасуы тиіс.

Үшіншіден, астананың орнын ауыстыру Қазақстанның экономикасын сауықтыру қажеттілігінен де туындады. Ол елдің экономикасы үшін тиімділікті қамтамасыз етті. Өңірлердің дамуына серпін беріп,  экономиканың, құрылыс материалдары өндірісі, жол төсеніштері, энергетика және машина жасау сияқты салалары аяғынан тұрды. Тұрғын үй құрылысы дамыды.

Төртіншіден, астананы Солтүстік аймаққа қарай көшіре отырып, онда титулды ұлт өкілдері санының артуына оң ықпалын тигізді. Бұл этносаралық қарым-қатынастың дамуына септігін тигізіп, қоғамдық келісімнің дамуына жағдай  жасады.

Әрине, астананы әсем Алматыдан Ақмолаға ауыстыру шешіміне бару Елбасы үшін қиынға соқты. Оны қолдаған, түсінген әріптестері де аз болған. 1994 жылдың 6 шілдесінде Жоғарғы Кеңес сессиясының пленарлық мәжілісінде астананы Алматы қаласынан Ақмолаға ауыстыру туралы идеясын ұсынады. Ұзаққа созылған пікірталастан соң, ұсыныс басым дауыспен қолдауға ие болады.

Бұл сәттер туралы Елбасы: «Елорданы ауыстыру туралы менің идеямды психологиялық жағынан қолдағандар көп болған жоқ. Тіпті менің жанұямның өзінде де мұны бар­лықтары «иә» дей қойған жоқ. Сөйтіп, барлығын іс жү­зінде, таза ақ парақтың беттерінен бастауға тиіс болдық», – дей келіп, «Оған Алматының несі ұнамай қалыпты? Одан да жалақы мен зейнетақыны уақытында берсін де!» деген шымшыма сөздерді жиі естідім», – деп еске алады.

Насихаттық жұмыстың кеңінен жүргізілгеніне қара­мастан, халықтың басым бөлігіне астананы ауыстырудың себебі жұмбақ күйінде қалды. Көптеген басылымдарда ресми себептер қабылданған шешімді түсіндіруге жеткіліксіз болды. Іргелес мемлекеттердің көзқарастары да белгілі болып қалды. Мәселен, «Коммерсантъ» газетіндегі «Персональная столица Президента Назарбаева» деген мақалада «демократия болмаған жағдайда, ешкімге түсініксіз, дәуірлік жобалар пайда болуы мүмкін. Ешқандай да стратегиялық ойлау, орасан зор қаржыны еңбекақы мен зейнетақыны төлеуден, ел азаматтарының басқа да проблемаларын шешуден бұрып әкетуді ақтай алмайды», – делінген.

Сондай-ақ егер бұл көшу ауылдан келетін қазақ мигранттарын адастыратын, олардың көңілдерін Алматы­дан басқа жаққа аударуға және оңтүстіктің кедей халқының тасқынын солтүстікке қарай бұратын аса зор алдаусырату болмаса, бұл әрекет қазіргі саяси режимнің жойылуының басы болады деген болжамдар мен түрлі алып-қашпа әңгімелерде таралды.

Бүгінде уақыт биігінен бағамдасақ, Елбасының астананы көшіру идеясы дұрыс әрі дер кезінде жүзеге асырылған шешім болғанын байқаймыз. Қазіргі таңда қала халқының 80%-ке жуығы титулды этнос өкілдері, солтүстік өңірлерде қазақ халқының үлесі 50%-н асты.

Астанамыз ЮНЕСКО-ның арнайы бейбітсүйгіш қала деген бағасына ие болды. Қазіргі таңда әлемдік диалог алаңы ретінде қалыптасты. 2010 жылы Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының саммиті, 2011 жылы Қысқы Азия ойындары, 2017 жылы ЭКСПО халықаралық көрмесі өткізілді. Дәстүрлі діндер мен конфессиялар көшбасшыларының съезі тұрақты түрде өткізіліп, Сирия дағдарысы бойынша Астана процесі атауымен бітімгершілік алаң қызмет етті. Президентіміз Қ.Тоқаев «Тарихи тұлға тағылымы» мақаласында «Елбасының елорданы Есілдің жағасынан салу жөніндегі бастамасы еліміздің геосаяси бағытын нығайтуға үлкен үлес қосты және біртұтас ел ретіндегі дамуымызды айқындай түсіп, елді біріктіруші факторға айналды», – деді.

Нұр-Сұлтан қаласы – әрбір қазақстандықтың арман-тілегінің нақты жүзеге асуының белгісіндей. Бұл ұлы дала елі көгінде жүздеген жылдар бойы бостандық пен тәуелсіздік идеясы қалықтап жүрген ата-бабаларымыздың асыл мұратының орындалғаны. Бүгінде мыңдаған жылдар бойы уақыт керуенімен бірге тыныстаған Қазақстанның ұлан-ғайыр даласында мемлекеттік шешімдер мен әлемдік бейбітшілік баста­малары қабылданып, жүзеге асырылуда.

Уәлихан ИБРАЕВ,

облыстық «Рухани жаңғыру»

орталығының директоры,

тарих ғылымдарының кандидаты

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: