Туған жер – әр адамның кіндік қаны тамған қасиетті мекені, жүрегіне мәңгілік ұялаған ыстық ұясы. Ол – адамның өмірге деген алғашқы қадамы басталған, балалық шағының тәтті естеліктері сақталған киелі өлке. Ата-бабаларымыз ұлан-ғайыр даламызды ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап, бізге аманат етіп қалдырды. Сондықтан туған жерді сүю – туған елдің тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін, тілі мен рухани құндылықтарын құрметтеуден басталады.
Менің туған жерім – алты Алаштың алғашқы астанасы болған қасиетті Қызылорда қаласы. Бұл – сайын дала мен сырлы Сырдария тоғысқан, тарихы терең, рухы биік Сыр өңірі. Қызылорда өзінің аптап ыстығымен, кең пейілді халқымен және қонақжайлығымен ерекшеленеді. Соңғы жылдары қаламыз адам танымастай өзгеріп, көркейіп келеді. Заманауи сәулет үлгісінде салынған зәулім ғимараттар, «Өнер орталығы», шыны зауыты, «Анаға тағзым» орталығы, жаңа саябақтар мен шығармашылық орталықтары қаланың сәнін арттыра түсті.
Қаламыздың көшелері кеңейіп, көріктене түсуде. Түнгі жарық шамдар, жайқалған ағаштар мен гүлзарлар Қызылорданың ерекше келбетін айшықтайды. Мен тұратын жаңа аудан – «Сол жағалау» – қаланың жаңаруын айқын көрсететін заманауи шағын аудан. Сырдарияның қос жағасын жалғаған көпірлер, көздің жауын алатын субұрқақтар, қаз-қатар тізілген теректер мен сәулетті тұрғын үйлер бұл өңірдің ажарын аша түседі.
Қызылорда жастардың білім алып, спортпен шұғылдануына да мол мүмкіндік жасап келеді. Жас футболшылардың арманына қанат бітірген «Қайсар Арена» стадионы, заманауи «Жайлы мектеп», физика-математика бағытындағы мектеп-интернат, «Болашақ» университеті, мұражайлар мен мәдениет ошақтары – мұның бәрі туған өлкеміздің қарқынды дамып келе жатқанын дәлелдейді. Осындай көрікті, жаңашыл қалада өсіп келе жатқанымды мақтан тұтамын.
«Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас» дейді дана халқымыз. Бұл сөздің мәнін есейген сайын тереңірек түсіне бастадым. Қайда жүрсем де, туған қаламды сағынып, оған қайта оралуды аңсаймын. Өйткені Қызылорда – менің балалық шағымның куәсі, арманымның бастауы, жүрегімнің мекені. Мен болашақта туған өлкемнің дамуына өз үлесімді қосып, оның гүлденуі үшін адал еңбек етуді армандаймын.
Туған жер – әр адамның өміріндегі ең қымбат қазына. Оны сүю – сөзбен ғана емес, біліммен, еңбекпен және елге деген адал қызметпен дәлелденеді. Мен туған Қызылордаммен әрдайым мақтанамын. Оның өсіп-өркендеп, көркейе беруіне тілектеспін. Себебі туған жерімнің әр жетістігі – менің де мақтанышым.
Мұрат Диана Райсқызы,
№290 орта мектептің
11 «А» сынып оқушысы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!