Жұма, 29 наурыз, 00:33

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№24(2034)
23.03.2024
PDF мұрағаты

«Ұлттық қор – балаларға»: Келер жылы жүзеге асады

05.01.2023

584 0

Сурет ашық дереккөзден

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті қоғам. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты халыққа Жолдауында жер мен табиғи ресурстар халықтың меншігі екенін заңмен бекіттік деген еді. Және мұның жай сөз еместігін де баса айтқан.

Иә, Президенттің әрбір отбасы ұлттық байлықтың игілігін көруі керек дегені көпшіліктің көңілінен шыққаны рас. Әсіресе аталған бағытта «Ұлттық қор – балаларға» атты жаңа бағдарламаның іске асатыны жұртшылықты бір серпілтті.

– Балалар жылы аясында мен жариялаған «Ұлттық қор – балаларға» атты жаңа бағдарламаны жүзеге асыру өте маңызды деп санаймын. Бұл қаражат өскелең ұрпақтың үлкен өмірге қадам басуына мүм­кіндік береді. Қор шын мәнінде ұлт­тық мәртебеге ие болады және халқымыздың игілігіне қызмет етеді, – деген еді Президент Жолдау барысында.

Жоба келер жылы 1 қаңтардан бастап іске асады деп жоспарлануда. Жалпы жаңа бағдарлама негізінде еліміздегі барлық 18 жасқа дейінгі бала­ларға жеке есепшот ашылып, Ұлттық қор инвестициялық табысы­ның 50 пайызын аударатын болады. Шоттағы қаржыны 18 жасқа тол­ғаннан кейін үй немесе білім алуға жұмсауына болады.

Мұндай жаңалықты естіген әрбір ата-ананың көкейінде сан сұрақтың туын­дағаны анық. Расында, жыл сайын түсетін қаржы көлемі қанша бол­мақ? Теңге құнсызданса, бұл жи­нақ­тағы қаржы көлемі де аз бола ма?

Қаржы министрлігінің мәліметіне сүйенсек, Ұлттық қордың осы кезге дейінгі жалпы инвестициялық кірісі 25,5 трлн теңгені құрайды екен. Оның 77 пайызы теңгенің құнсыздануынан түскен пайда саналады. 2021 жылы қор кірісі 1,7 трлн теңге болған. Болжам бойынша елдегі кәмелет жас­қа толмаған балалар шотына жыл сайын 800-850 млрд теңге түспек. Десе де бұл тұрақты көрсеткіш санал­майды. Осы орайда мамандар туу көрсеткішінің динамикасын есеп­тей отырып, әр балаға төленетін қаржы көлемін анықтауға тырысқан. Мәселен, өткен жылдың басында республика бойынша 15 жасқа дейінгі  6 млн-ға жуық бала бары анықталса, бағдарлама іске асатын жылы бұл көрсеткіш 7 млн-ға жуықтайды деген болжам айтады. Осының бәрін ескере келе есеп жүргізген қаржыгерлер бала басына берілетін орташа жылдық төлем шамамен 120 мың теңге болады дейді. Ал бұл қаржы 18 жылда 2 млн 160 мың теңгеге жетеді. Сонда 2024 жылы дүниеге келген шақалақ 18 жас­қа жеткенше осынша қаржы иесі бола алады. Ал одан бұрын дүниеге кел­гендердің жинақ көлемі кәмелеттік жасқа толғанға дейінгі жыл көлемімен өлшенеді. Бұл – тек шамамен есептел­ген болжам ғана. Мамандар 18 жыл ішінде қор ресурсының сарқылуы, инвестициялық кіріс көлемінің азаюы, бала туу мен көші-қон процестерінің өзгеруі сынды факторларды ескеру керегін айтады.    

Осы орайда Президенттің баспа­сөз хатшысы Руслан Желдібай әр балаға төленетін қаржы көлемі тура­лы «facebook» парақшасында жазба жариялаған еді. Онда ол Үкімет пен Ұлттық банктің есебіне сәйкес елімізде жыл сайын 400 мың сәби дү­ниеге келсе, олардың есепшотында 18 жасқа дейін 3 мың АҚШ доллары жинақталады деген еді.

Жалпы Ұлттық қордан балалар есепшотына аударылатын ақша көле­мі қазіргі таңда Ұлттық экономика  министрлігі тарапынан есептелуде. Сондай-ақ министрлік теңге құнсыз­данған жағдайда не болатынын да алдын ала айтып өткен.

– Жоба бойынша қаржы 18-ге толмаған балаларға жылына бір рет аударылады. Жүйе 2024 жылы қолданысқа енгізілсе, бала жасы­на байланысты бір немесе бес жыл қатыса алуы мүмкін. Соған сәй­кес оның шотындағы қаражат та аз жи­нақталады. Ал «бала 18-ге толған­ша шоттағы ақша құнсызданып кет­пей ме?» дегенге келсек, қаражат құнсызданбайды. Себебі ол доллар­мен аударылады, – деген еді Ұлт­тық экономика министрі Әлібек Қуантыров.

Министр Ұлттық қордың барлық активтері шетелде инвестиция­лан­ғандықтан қордағы қаражат дол­лармен сақталатынын айтқан. Ал соңғы 10 жылдағы инвестициялық  табыс  орташа есеппен 2,74 пайызын құраған.

Жаңа бағдарлама келер жылдан бастап жүзеге асады. Шоттағы қара­жат баланың үй не білім алуына, кәсіп ашуына мүмкіндік береді. Әйтеуір, үлкен өмірге қадам басар тұста қолында қаражаты болып, оны тиімді пайдалануына мүмкіндік туады.

Айдана СЕЙІЛ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: