Сейсенбі, 23 сәуiр, 13:55

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым

23.04.2024
PDF мұрағаты

Ұлттық құрылтай – ұлт ұйытқысы

05.01.2023

815 0

Сурет ашық дереккөзден

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы Жолдауында Ұлттық құрылтай құруды ұсынған болатын. Соған сәйкес Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі таратылып, оның орнына жаңа құрылымның іргетасы қаланды. Оның мүшелері де бекітілді. Өткен жылы маусым айында Ұлытауда ұлттық құрылтайдың тұңғыш отырысы өтті.

– Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі өз міндетін табысты атқарды. Енді оның орнына құрамы жағынан ауқымды Ұлттық құрылтай құруды ұсынамын. Жаңа құрылым Ұлттық кеңестің қызметін  жалпыхалықтық деңгейде жалғастырады. Құрылтай қоғамдық диалогтың біртұтас инс­ти­туционалдық моделін қалыптас­тыруға тиіс. Сөйтіп, билік пен ха­лықтың арасындағы дәнекерге ай­­налмақ. Қазіргі қоғамдық кеңес­тердің бәрін өз айналасына топ­тастырады, – деді мемлекет басшысы өз сөзінде.

Ұлттық құрылтайдың құрамына барлық аймақтың өкіл­дері енді. Сонымен қатар оған Парламент депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Азаматтық альянстың, қоғамдық кеңестер мен ұйымдардың мүшелері, беделді қоғам қайраткерлері, өндіріс және ауыл шаруашылығы еңбеккерлері, бизнес өкілдері және тағы басқа азаматтар кірді. Осылайша, сан түрлі қоғамдық пікір иелерін түгел қамтитын өкілді құрылым қалыптасты.

Кез келген мемлекет өмір сүру тарихында дамудың түрлі кезеңде­рін бастан өткерері сөзсіз. Еліміз жаңа даму кезеңі алдында өз құрыл­тай жиынын өткізу бұрыннан қа­лыптасқан дәстүр. Өткенге ой жіберсек, байырғы бабаларымыз маңыз­ды мәселелерді осындай алқа­лы жиындарда талқылап, оң шешімін тауып отырған. Халық өзара ақылдаса отырып, бір тоқтамға келген. Төл тарихымызда ұлт тағдырын шешкен құрылтайлар аз емес.

Орынбордағы бірінші қазақ құ­рылтайында Алаш партиясы құрылды. Екінші құрылтайда Алаш автономиясы жарияланды. Егемендік алған алғашқы жылдары дүниежүзі қазақтарының алғашқы құрылтайы өтті. Іргелі жиында сырттағы қандастарымыз ата­мекенге шақырылды. Ұлы көш тәуелсіз Қазақстанға бет алды. Бұл күнделікті тынымсыз еңбекті талап ететін өркениетті өмір салты екені анық аңғарылады.

Ұлттық құрылтайдың тағы бір маңызды құндылығы – мемлекет мүд­десін бәрінен биік қою. Ұлытаудағы жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күнін қайта жаң­ғыртып, оған мемлекеттік мәртебесін беруді ұсынды.

«Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсына­мын. Сондықтан Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек. Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болатын», – деді Мемлекет басшысы.

Құрылтайда халыққа танымал, бе­делді тұлғалар өз ой-пікірін айтып оның шешілу жолдарын тауып, ортақ байламға келіп, Үкіметке ұсынады. Сол арқылы халқымыздың мәселелерін шешуге талпынады. Онда қоғамдық ой-пікір ашық айты­лып, оларды нақты іске асыратын жүйелі тетіктер қарастырылатын болады. Ұлттық құрылтай дала фило­софиясына негізделген мәмілелі жиын. Бұл еліміздің жаңаша бағыт алып дамуына соны серпін береді деп күтілуде. Ең бастысы, алда ауқымды шаруа күтіп тұр. Сол халық мақсат тұтқан жүйелі іс берекелі болуына барша қазақ баласы тілекші һәм мүдделі болмақ.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: