Сенбі, 07 желтоқсан, 23:06

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№97-2107
07.12.2024
PDF мұрағаты

Ұлытау ұлыларға болған мекен,
жер бар ма, түсінгенге сенен көркем

14.05.2022

2029 0

Домбауыл баба кесенесінен шығып, Жезқазғанға қарай бет бұрдық. Келесі аялдама ретінде Ұлытаудың ең биік шыңы Әулиетаудағы Ақмешіт әулие шыңы таңдалды. Негізі Домбауыл батырдан кейін Алаша хан мовзолейіне баруымыз керек болатын. Бірақ екі ортаны бөліп жатқан Кеңгір өзені өткел бермеді. Сөйтіп Әулиетауға қарай шыққан бетіміз.

Ұлытау – ұлт ұясы

Жошы хан мен Домбауыл мерген кесенесінің арасы тым ұзақ та емес. Жергілікті жұрт екі араға кісі дауы­сы жетеді дейді. Біз Домбауыл кесене­сінен соң кері бұрылып, Жошы хан мазаратынан қайта өттік. Барар бағы­тымыз – Ұлытау. Жолбасшымыз – сол баяғы Сәтбаев қалалық «Шарайна» газетінің бұрынғы директоры Бауыржан Бірманов. Баукең өзен бол­мағанда Алаша ханның бұл маңнан алыс еместігін айтты.

– Негізі Алаша хан кесенесі бұл маңнан тым қашық емес. Бірден баруға болатын еді. Бірақ қазір көктем мезгілі болғандықтан Кеңгірдегі су да мол. Көлікпен өту қиын. Жаз айларында келсеңіздер бірден баруға болатынын назарға аларсыздар, – деді жолбасшы.

Несін жасырамыз, Жошы хан мен Домбауыл баба кесенесінен ерекше әсер алдық. Журналистерден құралған топ ой үстінде келеді. Шамасы жол­сапарды қалай жазамыз, қалай бас­таймыз деген ойда отырса керек. Микроавтобустың алдыңғы жағында отырған жүргізуші мен жолбасшы үздіксіз әңгімелесіп келеді. Көліктің тізгіншісі Зейнулла болса Ұлытаудың қаншалықты қашық екенін сұрап жа­тыр. Бұл сауал бәріміздің көкейімізде тұр еді. Баукең соны бірден түсінсе керек, келесі аялдамамыздың қашық­тығы Сәтбаев қаласынан 110 шақырым алыс екенін жеткізді. Сол-ақ екен жүргізуші Зейнулла: «Жол қандай, жол?», – деді сұрағын жалғап. «Ә, жол ма, асфальтталған жол ғой», – деді жол­басшымыз. Осы жерде әңгімеге Жалағаш аудандық «Жалағаш жар­шысы» газетінің бас редакторы Кенжетай Қайрақбаев араласып: «Тегіс пе, әлде ой-шұқыры көп пе?», – деп сұрады. Біздің ой-шұқырлы жолдан шаршағанымызды түсінген Бауыржан Бірманов: «Жүруге болады», – деп жауап қатты. Содан соң «Арасында аздап ой-шұқыры кездеседі» деді жәй ғана жымиып.

Жолға байланысты әңгіме өрбіген­де Баукең ағамыз осылай жауап берді. 

Зулап келе жатып қазақтың заңғар ұлы, академик Қаныш Сәтбаевтың есімімен аталатын қалаға да жеттік. Бізге жолбасшы болған Бауыржан ағамыз осы қалада тұрады екен. Баукең өзінің осы жерден қалып, бізді Ұлытаудан басқа кісінің күтіп алатынын айтты. Ары қарайғы жол­басшымыз сол болмақ.

Ертеңгісін ерте қамданған соң межелеген орнымызға да жоспарлаған уақыттан бұрын жеттік. Ұлытау ауы­лы таудың ортасында орналасқан үш мыңға жуық халқы бар елді мекен екен. Аудан орталығы да осы жер. Елді мекенге жетемін дегенше қасиетті Ұлытаудың қар басқан төбелерін тамашалап келеміз.

– Жігіттер, көрдіңдер ме, Құдай­дың кереметі шексіз ғой, тау басында әлі қар жатыр. Ұзын сонар созыл­ған тау бөктері бізді баурайына шақырып тұр­ғандай ма, қалай, – деді «Сыр медиа» ЖШС бас директорының бі­рін­ші орынбасары Марат Аралбаев.

– Жур­налистердің арасында жүр­ген соң сіз де айтар сөзіңізді көр­кемдей­тін болғансыз ба, Мәке? – деді ме­кеме­дегі әкім­шілік бөлімінің бас­­шы­сы Бақытжан Шайхназаров.

– Сынық­тан бас­қаның бәрі жұғады де­ген осы, – деді облыстық «Сыр бойы» газеті­нің бас редакторы Қуат Шарабидинов.

Алыстан ұлт бірлігіне негізделген төрт босағалы стелла көрінді. Тау бөктеріне «Ұлытау – ұлт ұясы» деп жазылыпты. Таумен аттас аудан ор­та­лығына кіре берісте аға сұлтан болған Ерден Сандыбайұлының ең­селі ескерткіші орнатылған. Қос қап­талды жағалай орнатылған жарық бағаналарына осы жерден шыққан атақты адамдардың суреті салынған билбордтар ілінген. Олардың қата­рында еліміздің денсаулық сақтау саласына сүбелі үлес қосқан ғалым, қазақстандық гигиенист-нутрициолог, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Кеңес одағы­ның тұсында Қазақстанның денсау­лық сақтау министрі болған Қазақ тағамтану академиясының президен­ті, Ресей Медицина Ғылым Ака­демия­сының және Қазақстан Ұлт­тық Ғылым Академиясының ака­­­демигі, Мемлекеттік сыйлықтың ие­гері, Алматы қаласының және Жез­­­қаз­ған­ның Құрметті азаматы Төрегелді Шарманов бар. Сондай-ақ Қа­зақстанның Қорғаныс министрі бол­ған армия генералы, халық қаһарманы Мұхтар Алтынбаевтың да суреті бейнеленген билборд тұр.  Басқа да ел мақтаныштарының сурет­тері бар екенін айта кеткен ләзім. Бізді «Ұлытау» ұлттық тарихи және табиғи музей қызметкері Қуантай Бақытжанұлы Жабағин күтіп алды.

Ұлытау ұлыларға болған мекен,<br>жер бар ма, түсінгенге сенен көркем

Әулиетау басына шыққанда

Біз іздеп келе жатқан Әулиетау Ұлытаудың ең биік шыңы екен. Бұл жерде кезінде 7 әулие болған деседі. Кеңес үкіметі орнағанша шың басында алыстан мен мұндалайтын ақ түсті мешіт болғанға ұқсайды. Өкінішке орай бұл мешіт кеңестік дәуірде бұзылған екен. Тіпті дала пайғамбары саналатын Заратуштраға осы таудың басындағы үңгірде Жаратушы тарапы­нан алғашқы аян келген деген де сөз бар. Түркі халықтары Заратуштраны Зердеш баба деп те атайды.

Ұлытау ұлыларға болған мекен,<br>жер бар ма, түсінгенге сенен көркем

Сүт пісірім уақыт ішінде осындай мәліметтерді айтып үлгерген Қуантай биыл 40-тың қырқасына шығады екен. Ұзын бойлы ақсары жігіттің біз ойлағаннан да көп білетіні алғашқы сөзінен-ақ аңғарылды. Ауылдан қозы көш жер ұзамай жатып, дітте­ген жерімізге де жеттік. – Бұл – Әулиетау­­дың етегі, – деді Қуантай. – Көлікті осы жерге қойып, ары қарай жаяу кө­те­рілеміз. Мүмкіндігінше ар­тық, ауыр заттарды тастап кеткен жөн, – де­ген Қуантай Бақытжанұлы жол бас­­тады. Бәріміз соның ізімен жүріп, айт­қанын тыңдап келеміз. Алдымызда сар­қырап, бұлқан-талқан болып тау өзе­ні ағуда. Суы мөлдір әрі тұщы.

– Ұлытау – үш жүздің басын қос­қан, татулықтың тірегі саналатын қасиетті өлке. Бұл жерде Алаша хан, Жошы хан, Домбауыл бабадан басқа да тарихи һәм киелі орындар аз емес. «Әулиетау», «Едіге шыңы», «Алтын шоқы» сынды тарихи орындар сөзі­мізге дәлел бола алады. Жалпы Ұлы­тауда өсімдіктің 970 түрі бар. Соның 92 түрі емдік қасиетке ие. Олардың қатарында жусан, қа­ранды, арша, жалбыз секілді ем­дік қасиетке ие шөптер кездеседі. Сонымен бірге тырсық, боз бетеге, тарақ бидайығы, сирек бас жусан, қара жусан, сұр жусан, көкпек, тұзды жерлерде сораңның көптеген түрлері және өзен алқаптары мен көлдердің жағалауларында бидайық, ақмамықтың бірнеше түрі, ши мен су оты сияқты көп­жылдық өсімдіктер де бар. Аймақтың оңтүс­тік-батысындағы шөлдерге қарағанда құмдарда өсімдік түрі көп. Ақ сек­сеуіл, құм қарағаны, жүзген, жыңғыл, жиде, тал, тобылғы секілді ағаштар мен бұталар, қияқ, өлең, құрақтай көпжылдық шөптер құмды өңірге тән өсімдіктер, – деді Қуантай.

Ол сөйлеп келеді біз тыңдап келеміз. Таудың етегінен басталған жүрдек жүрісіміз тікжарлы қатпар­дағы жалғыз аяқ жолға кел­генде бәсеңдей бастады. Оның айтқан әр сөзін мүлт жібермей тыңдап келе жатқанымызбен бірте-бірте арты­нан еру, ізінен жүру қиындап барады. Тікжарлы жолмен көтеріліп, екі төбе­ден аспай жатып-ақ ентіге бастадық. Мүмкін, күнде тауға шығып жүрме­генімізден болар, әйтеуір жү­рі­сімізден отырысымыз көп. Әр де­малған сайын Қуантайды сөйлетіп, Ұлытау жайлы көбірек білуге ты­рысып бағудамыз.

– Ұлытау аймағын жүзден аса сүтқоректі, 250-ге жуық құс түрі мекендейді. Жер бедерінде табиғи тосқауыл болмағандықтан, жануарлар көршілес жатқан аймақтардан ауысып келе береді. Бұл маңнан бүркітті көптеп кездестіруге болады. Басқа да құстар жетіп артылады. Қасқыр, түлкі, қоян, киік, елік те табылады бұл мекеннен. Қаракеңгір, Сарыкеңгір, Кеңгір, Сарысу, Бұланты, Білеуті, Жыланшық сынды өзендер бар, – деген Қуантай Жабағин аймақ тарихын әңгімелеуге көшті.

«Қазақстанның жалпы ұлттық ны­сандары» деген кітапта Ұлытау – Қазақстанның тарихи һәм геогра­фиялық орталығы, ежелгі қоныс, ескі жұрт екені жазылған. Хан ор­дасы да осында орналасқан. Әмір Темір Тоқтамыс ханға қарсы жорық бастағанда осы өңірге атбасын тіре­ген. Қалың қол әскеріне Алтын шоқының басына тас үйдіріп, үлкен тақтай іспетті жалпақ пішінді тасқа арнайы жазу жаздырыпты. Бұл тас­ты кезінде бір қойшы байқап, оны Қаныш Сәтбаевқа көрсеткен. Қаныш Сәтбаев болса әлгі тастағы жазудың нендей мағына білдіретінін анықтау мақсатында мәскеулік ғалымдарға жіберген көрінеді. Артынша бұл тас «Эрмитажға» қойылған. Таста «Тарихтың жеті жүз тоқсан екінші қой жылы, жаздың ара (шілде) айы. Тұранның сұлтаны Темірбек жүз мың әскерімен Тоқтамыс ханға соғыс­паққа жүреді. Бұл жерден өтіп бара жатып, белгі болсын деп осы жазуды қалдырды. Тәңірі нәсіп бер­сін. Іншалла, тәңірі бұл кісіге рақым қылып, барша адам есіне алып жүр­сін» деген жазу бар. Ұлытау аспан астындағы мұражай іспеттес. Бұл жер­де қазірдің өзінде сегіз жүзге тарта тарихи-мәдени ескерткіш бар екені белгілі болып отыр. Атақты Тоқтамыс пен Едігенің өзі осы жерге жерленген.

Ұлытау музейінің қызметкері осындай тарихи деректерді аңызбен сабақтастыра айтып келеді. Қанша жерден шаршасақ та Қуантайдың әңгі­месі қызықтырып барады. «Жігіттер, енді ана асудан ассақ, мына белден көтерілсек болды, Ұлытаудың ұшар басына шығамыз» деп қояды арасында. Алдымызда бізден әлдеқайда озып кеткен әріптестеріміз кетіп барады. Көзімді төменге салсам артымыздан ентелеп, жете алмай келе жатқандар да бар. Бәріміздің жүрісімізді бақылап келе жатқан Қуантай қақ ортада келеді.Алдағыларды да, арттағыларды да назардан тыс қалдырмауға тыры­сып жүр. Шыңға шығар жолдың ортаң белінен асқанда тынысымыз да ашылып, жүрісіміз де қалпына келді. Бағанағы шаршау, аяқ-қолдың талғаны, буынның ауырғаны бәрі ұмтылған. Құдды бір ештеңе болмағандай келе жатырмыз. Байқасақ, арттағылар біз­ге, біз алдағыларға жетіп алыппыз. Қуантайдың айналасына бәріміз шо­ғырланып, айтқан әңгімесін тыңдап келеміз.

– Жалпы Ұлытау тауының ұзын­дығы 200 шақырымды құрайды. Біз бағындыруға бет алған Әулиетаудағы Ақмешіт шыңы – осы таудың ең биік нүктесі. Оның биіктігі – 1333 метр. Біз соның шамамен 1000 метрін жүріп өттік. Анау жоғарыдағы үңгір бағаналы бері әңгіме арқауына айнал­дырып келе жатқан дала пайғамбары саналатын Зердеш бабаға ең алғаш аян берілген жер дейді. Түркілер Зердеш десе, басқалар Заратуштра деп атайды. Одан сәл жоғары көтерілсек Ақмешіт шыңына шығамыз. Шыңның айналасында жеті әулие жатыр, – деген Қуантай бізді үңгірге қарай бастады.

Біз үңгірді тамашалап, одан жеті әулиеге құран бағыштап, мамыражай мамыр келсе де ерімей жатқан тау басындағы қарды көрдік. Оның ара­сында «Нөгербектің» шатқалына барып, аңызақ желіне тәнті болдық. Шамамен 100 қадам жерде Ақмешіт шыңы тұр. Басында біздің арамыздан бірінші болып көтерілген облыстық «Кызылординские вести» газетінің бас редакторы Жәнібек Исаев отыр. 

Тау басына жерленген Мұрат ата, Тана ана, Гүлсара ана, Сапар әулие, Тұрсын бақсы, Ырза ана, Қали ата деп аталатын жеті әулие бар екен. Бұл әулиелерге Бақберген Аяшұлы деген кісі белгітас орнатқан. Жергілікті жұрт осы таудың басына шығып, тілеген тілек қабыл болады дейді. Сондай-ақ талай адам дертіне осы жерден шипа тауыпты. Тіпті нәресте сүйе алмай жүрген әйелдер де келеді екен.

Тау басында мәңгілік байыз тапқан жеті әулиеге құран бағыштаған соң біз де Әулиетаудың ұшар басына шықтық. Алдымда «Сыр медиа» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары Марат Аралбаев пен әр сәтті фотоаппаратымен суретке түсірген Нұрболат Нұржаубай және оның сөмкесін арқалауға жәрдем берген облыстық «Сыр бойы» газеті­нің тілшісі Ержан Қожас келеді. Бәріміз таудың ұшар басына шығып, суретке түстік. Төбемізде қалықтай ұшып бүркіт жүр. Қыранның бізді айналшықтай ұшқанын жақсылыққа баладық. Құс патшасы біресе зеңгір көкке көтеріліп, біресе төмен қарай құлдилай ұшып, бізді бақылап жүр­гендей көрінді. «Құдайдың құдіретін көргің келсе тауға бар деген» сөз бар қазақта. Ұлытаудың ұшар басына шығамыз деп ойладық па? Осы жер­де тілеген тілек қабыл болады деп жатыр ғой, ең бастысы, еліміз аман, жеріміз бүтін, тәуелсіздігіміз мәңгі болсын, – деді облыстық «Сыр бойы» газетінің бас редакторы Қуат Шарабидинов. – Дұрыс айтасыз, аға! – деген Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газе­тінің бас редакторы Кенжетай Қайрақбаев алғашқы жолбасшы болған Бауыржан Бірмановтың бұл тауға бірінші рет шығатындар үш сағат мініп, төрт сағат түсетінін айтқанын еске салып, бәрімізді қыран-топан күлкіге қарық қылды.

Шынында, біз тауға мініп-түсеміз дегенше екі сағаттан астам уақыт кетті. Тау етегіндегі өзен жанында түстеніп алған соң атбасын Алаша хан кесе­несіне қарай бұрдық.

Алаша хан

Алаша хан кесенесіне бара жат­қанда біздің жанымызда ешқандай жол көрсететін адам болмады. Бауыр­жан ағамыз Сәтбаевтан, Қуантай Ұлытаудан қалды. Бізге жол­ды нұс­қап, Алаша хан кесенесіне қалай баратынымызды айтқан Қуантай еді.

Жалпы Алаша хан деген кім бол­ған? Қай дәуірдің тұлғасы? Мұны ешкім дөп басып айта алмайды. Ғалым Ақселеу Сейдімбек тарихта екі Алаша хан болған дейді. Ғалымның айтуынша, оның бірі осыдан 2-2,5 мың жыл бұрын өмір сүрсе, екіншісі ХV ғасыр соңында өмір сүрген Сұлтан Ахмед хан. Кейбір ғалымдар Алаша ханды Шыңғыс хан деп те санайды. Ал тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаев Алаша хан ту­ралы арнайы зерттеу мақала жазып, қазақ баласының ұранына айналған Алаштың тамыры біз ойлағаннан да терең екенін жеткізеді. Тарихшы Қазақ хандығы құрылған тұста халықтың бірлігін көксеген ел ғұламалары қайтадан Алаша ханға жүгінгенін баяндайды. «Қазақ қауымының ішіне енген әртүрлі, әртекті рулар Алаша баласы болып, бірі ағалық, бірі інілік жолмен туыстық жүйе құрады. Осы шешімнің белгісі ретінде Ұлытауда Қасым хан заманында Алаша ханға арналған кесене тұрғызылды. Бұл – қазақ халқының бірнеше мыңжылдық тарихындағы ең басты ескерткіші, бұл елдіктің, мемлекеттіліктің белгісі», – дейді Ж.Артықбаев.

Алаша хан хақында көбіміз білетін мына бір аңызда оны Бұқара ханының баласы деп суреттейді. Бұл аңыздың шығу төркіні былай болып келеді. Сол замандарда елге билік жүргізіп тұрған ханның кіші әйелі сауысқанның ала­сындай ала ұл туыпты. Бәйбішесі хан­ға: «Бұл бала өскенде жұртты ала қылып ұстап, өзіңе жау қылады екен, бұдан осы күнде құтыл!» деп кеңес береді. Хан бәйбішесінің ақылына құлақ асып, қырық жігітке: «бұл бала­ны мен жүрмейтін алыс шалғайға алып барып, асырап-сақтап өсіріңдер» деп, жер аударып жіберіпті. Сол қырық жігіт баланы алып, Сырдариядан өтіп, Алатау мен Қаратаудан асып, ара­лық жерді жайлап, көшіп жүрген жұрт­тың ортасына келіпті. Бала 12 жас­қа жеткен соң қырық жігітпен бала­ның ісі болмай, баламен қырық жігіттің ісі болмай бет-бетімен ке­тіпті. Сол заманда ол елде Майқы деген би болыпты. Оның Үйсін деген ұлы аңшылықта бір баланы кез­дестіреді. Бала Үйсінге тіл қатып сөй­лемепті. Үйсін ауылына келіп, әке­сі Майқы биге ен далада бір бала көр­­­генін, бірақ мылқау адамша ләм деп тіл қатпағанын мәлім етті. Содан Майқы би әлгі бала отырған жерге ба­ра­ды. Үйсінге сөйлемеген бала: «Ассалаумағалайкум, тәмам ханның қа­зығы, пақыр жұрттың шірімейтін, тау­сылмайтын азығы» деп сәлем беріпті.

Ұлытау ұлыларға болған мекен,<br>жер бар ма, түсінгенге сенен көркем

Көреген Майқы оның сәлемін қабыл алып: «Уағалейкум ассалам, құрсақта жатып несібесін алыстан тілеп туған балам. Боламын деп туған өр екенсің, болатын жеріңе жете алмай тұр екенсің, кел, балам, қасыма мін» деп, баланы жанына отырғызып, ауылына алып келіпті. Үйінде қонақ етіп, ертесіне Үйсінді шақырып, жүз жігіт жолдас қосып: «Мына баланы алдарыңа салып, ту қылып ұстап, жаға қылып бастарыңа шаншып, Қара­таудан әрмен қарай асыңдар. «Шу» деген, «Сарысу» деген екі өзен бар, соны кесе-көлденең басыңдар. Ұлытау, Кішітау деген тау бар, соның о жақ бұ жағында қара халық «Қатты Сыбан» деген жау бар және Есіл, Нұра деген екі өзеннің арасында Тоғанастың тоқсан екі көлі бар, соның бойында он сан ноғай орманбеттің елі бар. Сол екі жұрттың аралық жеріне килігіңдер, килігіп тас түссе, таңдайыңнан, алтын түссе, маңдайыңнан, үш жылға бақ, та­лаптарыңды байқаңдар» депті.Бұлар сол жүргеннен жүріп, Қаракеңгір, Сары­кеңгір, Жездікеңгір – үш Кең­гірдің бойына келіп, ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен үш жылдың ішінде алдарына мал салып, үстеріне үй тігіп, өз алдына жұрт болады. Майқы би үш жылдан соң Ақжолды жүз жігітпен арттарынан жібереді. Ол да келіп бұларға қо­сылды. Оның артынан жүз жігітке бас болып, Алшын келеді. Олар сол баланы алашаға салып, хан көтереді.Сөйтіп оған Алаша деген есім береді. Бұлар жауға шапқанда: «Алаш!» деп ұрандататын болған. Сонымен бірге келген үш жүз жігіттен бүгінгі үш жүз өрбіген дейді аңыз сөзі.

…Сонымен Қуантай Бақытжанұлы­ның нұсқаған жолымен заулап келе­міз. Бұл жолы қай жолдан қалай бұ­ры­латынымызды «Сыр медиа» ЖШС бас директорының бірінші орын­басары Марат Аралбаев айтып келеді. Рөлде сол баяғы Зейнулла. Жолда бір-екі рет Жұмабай өзенінің құярлығына тоқтағанымыз болмаса аялдаған жеріміз аз. Қайта темір тұл­парымыз жүйіткіп, жүрген сайын жыл­дамдығына жылдамдық қосып келеді. Сәтбаев қаласына жетпей бұрылған біз Малшыбай ауылының жанында тұрған Алаша хан кесенесіне қарай бет алғанбыз.

Күн ұясына батар сәтте, ақшам намазының уақыты кірер кезде діттеген жерімізге де жеттік. Жолдың жиегіне «Алаша хан» кесенесі деген жазуы бар белгі орнатылыпты. Ана­дайдан тарихи-мәдени ескерткіш көрінді. Хан ескерткішінің алдына оның аз-кем тарихынан мәлімет бе­ретін тақтайша ілінген. Ондағы дерек­терде бұл ескерткіштің бірнеше рет жаңғырғанын реконструкциядан өт­кені жа­зылған. Бәріміз кесенеге барып, құран оқыдық. Содан кейін Алаша хан кесенесінің үстіңгі қабатына кө­теріліп, ұлан байтақ далаға көз тіктік. Бұл биылғы оразаның ең соңғы күні еді. Ұлытау жеріне сапарымыз осы­мен бітті. Бұл маңда біз бармаған әлі көптеген тарихи орын бар. Тәңір жарылқаса, сол тарихи мекендерге де баратын күн туар.

Ұлытау ұлыларға болған мекен,<br>жер бар ма, түсінгенге сенен көркем

Әзиз ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ

Суреттерді түсірген

Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

Қызылорда-Жезқазған-

Сәтбаев-Ұлытау-Қызылорда

Соңы. Басы өткен сандарда.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: