Жексенбі, 13 қазан, 02:11

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№81-2091
12.10.2024
PDF мұрағаты

Жазасын өтеуші жастар сала мамандарынан кеңес алды

17.03.2023

653 0

Бүгін «Жастар ресурстық орталығы» КММ-сінің ұйымдастыруымен Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаменті №60 мекемесінде «22 наурыз – Ұлыстың ұлы күні» қарсаңында жазасын өтеуші жастарға сала мамандарының қатысуымен «Ашық есік» күні өтті. «Ашық есік» күніне «Жастар ресурстық орталығы» КММ-сі директорының орынбасары Г.Айдарбекова, Облыстық прокуратураның басқарма аға прокуроры М.Алмас, Астана қаласының Заң консультанттар палатасының Заң консультанты Н.Байменов, Әділет департаментінің құқықтық түсіндіру және халыққа заңгерлік қызмет көрсету бөлімінің басшысы А.Қосбергенова, Әділет департаментінің филиалы «Қызылорда қаласының №2 сот актілерін орындау жөніндегі аумақтық бөлімінің» сот орындаушысы Г.Есентай, «Қызылорда облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы» КММ-нің бас маманы Ә.Исаев, Қызылорда қаласының жұмыспен қамту орталығының бөлім басшысы Абылай Мирамбекұлы және БАҚ өкілдері қатысты.
Ашық есік күнінде сала мамандары жазасын өтеуші 70-тен аса жасқа құқықтық сауаттылық, соттылықтың құқықтық табиғаты мен жаза тағайындаудың негіздерін және қылмыстық заңдағы соттылықты жою және алып тастау шарттары, соттылығы бар азаматтардың жұмысқа орналасуы, кәсіп бастаудың алғашқы тетіктері, адвокаттың тегін құқықтық кеңесі және басқа да бірқатар маңызды ақпараттар мен кеңестер берді.


Жазасын өтеуші жастардың сұрақтарының басым бөлігі Әділет департаментінің құқықтық түсіндіру және халыққа заңгерлік қызмет пен сот орындаушыларға бағытталды. Жазасын өтеуші жастар сала мамандарынан мерзімінен бұрын шартты түрде босатудың бағыттары, рақымшылдық пен кешірім жасау, мерзімінен бұрын шартты түрде босатылған жағдайда ішкі істер органдарының профилактикалық бақылауының жүргізілу тәртібі, ҚР Қылмыстық Кодесінің 72-73 бабында көрсетілген жазаның өтелмеген бөлiгiн неғұрлым жеңiл жаза түрiмен ауыстыру сынды бірқатар сұрақтарына жауаптар алды.


Сонымен бірге, кәсіпкерлік мақсаттағы қайтарымсыз гранттар, жұмыссыздық есебіндегі соттылығы бар тұлғалардың жұмысқа орналастыру тәртібі жөнінде сала мамандары толыққанды жауап берді. Ал кей жазасын өтеушілер адвокаттың тегін көмегі мен кеңесіне жүгінді.


Жалпы, сотталған азаматтарды әлеуметке қосудың негізгі факторы болып білім және мамандық алу, жұмысқа орналасу екендігі ақиқат. Сотталған жастар арасында орта мектепті аяқтамаған, аттестат алмаған жастар да кездеседі. Мұндай жастар жазасын өтеп шыққан мерзімнен кейін оқуын жалғастырғысы келетін, диплом алғысы келетіндерін айтып, сала мамандарынан оқуға түсудің, оқуын жалғастырудың жолдарын сұрады. Оның шешімі тек құқық қорғау органдарына ғана емес, нақты мемлекет және азаматтық қоғам институттарына тәуелді. Бұл жағдайда барша жауапты мекемелер тікелей мүдделестік танытып, соттылығы бар азаматтарға оқыту жүйесін қайта қарау бойынша ұсыныстар енгізді.


Заң шеңберінде амнистияға ілінген жазасын өтеушілер алдағы уақытта қоғамға қайта бейімделу, жұмысқа тұрудағы кедергілерді жою мақсатында арнайы семинар-тренингтерге, шеберлік сағаттарына, қайта даярлау курстарына, өзін-өзі дамыту орталықтарына барып, өмірді қайта бастауға қажетті мүмкіндіктердің берілуін сұрады.


Тура жолдан тайқып, темір тордың ар жағында болып келген азаматтар жұмысқа тұру және тағы да басқа мәселелерге байланысты көптеген кедергіге тап болып жатады. Бүгінгі шараның мақсаты да сол шараларды жазасын өтеушілерге қажетті мәліметтерді кеңінен түсіндіріп, бағыт-бағдар беру болып табылады.


Екі күнге жоспарланған кезекті шара ертең жазасын өтеуші жастар арасында кіші футболдан сайысқа жалғасатын болады.

Қ.ЖАҚСЫЛЫҚ,

«Жастар ресурстық орталығы» КММ баспасөз хатшысы

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: